Шетелдік көлікті заңдастырудың бірінші күні 100 адам жаңа нөмір мен құжат алды

(0 Votes)
https://polisia.kz/

23 қаңтарда елде шетелдік автокөліктерді заңдастыру науқаны басталды. Сағат 18:00-дегі ақпаратқа сәйкес 2000-нан астам өтінім мақұлданған, оның ішінде 100 адам тиісті құжатын алды, деп хабарлайды Polisia.kz.

– Құжаттары толық азаматтар мемлекеттік нөмірлік белгілерін алып, өз көліктерін сәтті заңдастыруда, – деп хабарлады ІІМ.

Азаматтарға ХҚО-ларда мамандар көмектесіп жатыр. Мұнда кеңес алып, базалар бойынша құжаттарды тексеруге мүмкіндік бар.

Әрбір өтінім жеке қаралады. Қосымша сұрақтар туындаған автокөлік иелеріне қажетті ұсыныстар беріледі.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары сағат 22:00-ге дейін жұмыс істейді.

Естеріңізге сала кетейік, заңдастыруға өтінімді е-gov.kz электрондық үкімет порталы, екінші деңгейлі банктердің қосымшасы, халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы беруге болады.

Ереже бойынша автокөлік Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген болуы керек, қылмыстық есепте болмауы тиіс, басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы қажет.

Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген автокөлік кедендік тазартудан өтуі тиіс.

Егер автокөлік заңдастыруға жататын болса, онда алғашқы тіркеу үшін мемлекеттік алымды, мемлекеттік нөмірге төлем мен техпаспорт үшін мемлекеттік БАЖ төлеу қажет.

Заңдастыру 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521