Биыл елімізде жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау мақсатында Мемлекет басшысының Жарлығымен «Жұмысшы мамандықтарының жылы» болып жарияланды. Осыған орай, аудандық Мансап орталығының ұйымдастыруымен аудандық «Жалын» мәдениет үйінде мемлекеттік қайтарымсыз грант алған кәсіпкерлердің өнімдеріне арналған көрме және «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өтті.
Аудандық Мансап орталығының басшысы Бақытгүл Сапарғожиеваның айтуынша, мұндағы мақсат – жастар мен ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуына ықпал ету, әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру және жұмыссыздық деңгейін төмендету. Жәрмеңкеге аудан аумағындағы 16 мекеме қатысып, 55 бос жұмыс орнын ұсынды. Келушілер өндіріс орындары, білім беру мекемелері, құқық қорғау органдары, мемлекеттік қызмет және қызмет көрсету салаларындағы жұмыс берушілердің ұсыныстарымен танысты. Сонымен қатар өткен жылы мемлекеттік қолдаудың арқасында қайтарымсыз грант ұтып алып, өз кәсібін бастаған кәсіпкерлер де өз өнімдерін көрмеге қойды. Олар әр ауылдан келген, түрлі салада еңбек етіп жүрген жандар. Мысалы аққыстаулық кәсіпкерлер мен Тұщықұдықтан келгендер де қатысқан, ал Жанбай ауылынан бірден үш кәсіпкер көрмеге өз өнімдерін ұсынды.
Жанбай ауылының тұрғыны жай ғана жұмысшы маманы бола жүріп, шаруаның шырайын келтірген Альбина Гайнуллина да өз ісін дөңгелете бастаған. Ол қазіргі таңда ауыл орталығында «Ару» шайханасын ашып, ауыл тұрғындары мен жолаушыларға ыстық тағам ұсынып отыр.
–Бұрыннан үй жайында түрлі тағамдарды анам екеуміз пісіретін едік.Анам аспазшы.Сол кісіден үйрену арқылы бүгінгі күні оның да жемісін көріп келемін. Өткен жылы мемлекет тарапынан берілген қайтарымсыз грантқа өтініш беріп, өз жобамды қорғадым. Комиссия мүшелері бизнес-жоспарыммен танысып, қолдау білдірді. Нәтижесінде грант жеңіп алып, құрал-жабдықтарды алдым. Бүгінде шайханамызға күн сайын тапсырыс түседі. Ауыл ішінде әзірге бізге бәсекелестер жоқ, сондықтан еш алаңсыз жұмыс істеп келеміз. Қазіргі таңда тек бір адамды жұмыспен қамтып отырмын,-дейді кәсіпкер.
Ал Тұщықұдық ауылының тұрғыны Жанаргүл Құлмажитова Аққыстау ауылынан 3-7 жастағы балаларға арналған кітапшалар басып шығару үшін мемлекеттік қайтарымсыз грант арқылы құрал- жабдықтарын алып жұмысын жасап отыр.
– 2023 жылы әлеуметтік қолдау шеңберінде 20 адам 400 АЕК көлемінде мемлекеттік қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін бастады. Олардың қатарында 12 көп балалы отбасы, 4 мүгедектігі бар еңбекке қабілетті азамат және 4 мүгедек баланы күтуші ана болды. Ал өткен жылы бұл бағдарламаны 24 адам жалғастырып, кәсібін одан әрі дамытты. Олардың ішінде 13 көп балалы ата-ана, үш мүгедектігі бар еңбекке қабілетті азамат, 6 мүгедек баланы күтуші ана және асыраушысынан айырылған екі адам бар,-дейді Бақытгүл Сапарғожиева.
Сондықтан өзіңізді дамытуға бағытталған қадамдардан қорықпай, әрқашан тәуекел еткеніміз де дұрыс секілді. Жоғарыдағы кәсіп иелері де өз сөздері мен істері арқылы бізге осыны аңғартқандай болды.
Сағыныш ҚАЙЫР
Сурет автордікі