Шалғай ауылдардың жаңа тынысы

Шалғай ауылдардың жаңа тынысы
(0 Votes)

Қоршаған ортаны қорғау – уақыт күттірмейтін мәселе. Жердің тозуы, ауаның ластануы, қоқыстың көбеюі – барлығы да бүгінгі қоғамның күн тәртібіндегі басты проблемалардың бірі. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде бастаманың маңызын айқындап, оның елдің бірлігін арттыратын үлкен жобаға айналғанын атап өтті.

– Осыдан бір жыл бұрын бәріміз бір ел болып «Таза Қазақстан» жобасын бастадық. Мен, ең алдымен, осы жалпыұлттық бастамаға алғашқы күннен бастап белсене қатысып жатқан әр азаматқа шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, солардың қатарында өздеріңіз сияқты жалынды әрі дарынды жастарымыз өте көп. Сіздер еліміздің әр аймағында еңбек етіп, қоғамдық жұмысқа атсалысып жүрсіздер. Бұл – үлгі боларлық іс. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздерді әрдайым қолдаймын! -деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алайда кез келген бастаманың тағдыры – оның сөз жүзінде емес, іс жүзінде қалай орындалуында. Басталғанына бір жыл толған «Таза Қазақстан» жобасының бүгінгі нәтижесі қандай? Әр аймақтағы қарқыны бірдей ме?

Аудан көлемінде бұл бағдарлама аясында көптеген игі істер жүзеге асып жатыр. Тұрғындар экологиялық мәдениеттің мәнін түсініп, тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыруға қадам жасап келеді. Әсіресе шалғайдағы ауылдардың да назардан тыс қалмауы қуантады. Зинеден мен Исатай ауылдары да бастамаға үн қосып, ауыл ішін көркейтуге белсене кірісті. Қоғамдық орындарды абаттандыру, инфрақұрылымды жақсарту, ауыл көшелерін таза ұстау – бәрі де тұрғындардың бірлескен еңбегінің нәтижесі.

Дегенмен, мәселенің екінші қыры бар. Тазалық тек бір реттік акциямен шектелсе, оның әсері уақытша ғана болмақ. «Таза Қазақстанның» шынайы мәні – жүйелі түрде қоқыс мәселесін шешуде, қалдықтарды сұрыптап өңдеуде, ауыл-аймақтағы экологиялық инфрақұрылымды жолға қоюда. Әйтпесе, сенбілікте жиналған қоқыс бір аптадан соң қайтадан төгіліп жатса, жасалған еңбектің де, айтылған сөздің де салмағы азаяды. Жастардың белсенділігі – жобаның ең қуантатын тұсы. Бірақ сол белсенділікті нәтижелі іске ұластыру – жергілікті биліктің міндеті. 

Ауылдардағы әрбір тазалық шарасы ұранға емес, тұрақты мәдениетке айналуы қажет. «Таза Қазақстан» – тек табиғатты қорғау бастамасы емес, ол – қоғамның жауапкершілігін сынайтын жоба. Елдің әр аймағында, әр ауылында осы бастамаға атсалысқан іс-шаралар жүйелі жалғасын тапса ғана, біз «тазалық» деген ұғымды қағаздағы сөзден халықтың күнделікті өмір салтына айналдыра аламыз. Ендеше, елдік бастаманың өңірде қалай жүзеге асып жатқанын бағамдап, қос ауылдағы атқарылған жұмыстарға шолу жасап көрелік. 

Тұрғындардың жауапкершілігі күшейді

Зинеден ауылында да біраз игі істер қолға алынған. Басты мақсат – ауылдың тазалығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау әрі елді мекеннің ажарын кіргізу. Ауылдық округ әкімі Айгүл Адилованың айтуынша, алдымен Каспий теңізі жағалауына биодәретханалар мен қоқыс контейнерлері орнатылыпты. Бұл – теңіз маңына келушілерге қолайлы жағдай жасап қана қоймай, табиғатты бейберекет қоқыстан қорғаудың да бір тәсілі. Дегенмен мәселенің шешімі контейнер орнатумен шектелмей, демалушылардың да мәдениетіне байланыс-ты екені жасырын емес. Ауыл ішінде де қауіпсіздікке қатысты жұмыстар жүріп жатыр. Мәселен, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өрт сөндіру гидранттарына жөндеу жүргізілуде. Әрине бұл халықтың қауіпсіздігі үшін аса маңызды қадам. Бірақ «қауіптің алдын алу мәдениеті» тек гидрантты жөндеумен ғана аяқталмайтыны белгілі. Ең бас-тысы – тұрғындардың өз ортасында қауіпсіздік ережелерін сақтап, табиғат пен ауылға ортақ жауапкершілікпен қарауында.

Ауылдағы өзгерістердің бірі – «Қазпошта» бөлімшесінің жаңаша кейіпке енуі. Мекеменің маңдайшасы жаңартылып, сыртқы қабырғасы әктеліп, ретке келтірілген. Бұл қарапайым ғана шара болғанымен, ауылдың жалпы көркін айшықтап, мекеменің ажарын аша түскендей. 4 шілде күні ұйымдастырылған сенбілікте елді мекен ішінен төрт тоннадай қоқыс шығарылыпты. Сондай-ақ ауылішілік каналдың бойы тазаланып, тұрғындар үшін қолайлы орта жасалды. Ескі жатақхана бұзылып, орны тегістелген. Бұл – көптен бері қолға алынбай жүрген істің шешімі. Көгалдандыруға да көңіл бөлінуде. Көктемде ЖК «Баязитовтың» көмегімен 350 түп ағаш көшеті әкелініп, белгіленген аумақтарға отырғызылған. «Жеңіс саябағына» жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауылдың тыныс-тіршілігіне біршама жаңару лебі келгені байқалады. Әрине, мұндай жұмыстар ауылдың келбетін жақсартып, тұрғындарға қуаныш сыйлайды. Дегенмен, тазалық пен көркейту жұмыстары бір реттік акциялармен ғана шектелмей, тұрақты жүйеге айналса,ауыл тынысы бұдан да кеңейе түсер еді. 

Бүгінде ауыл ішіндегі тазалық тұрақты бақылауда. Арнайы техника көмегімен қоқыстар ауыл сыртына шығарылып, канал бойы мен теңіз жағалауы апта сайынғы сенбіліктер арқылы тазартылып тұрады.

– «Таза Қазақстан» акциясы аясында біз ауыл тұрғындары арасында арнайы сауалнама жүргіздік. Нәтижесі көңіл қуантады. «Ауылдың тазалық деңгейі қандай?» деген сұраққа жауап бергендердің басым бөлігі – 51%-ы «өте жақсы», 40%-ы «жақсы» деп бағалаған. Бұл – халықтың өз ортасына деген қанағат сезімін ғана емес, тазалықты сақтау жолындағы жауапкершілігін де айғақтайды.Ал «тұрмыстық қалдықтарды қайда тастайсыз?» деген сауалға 73% рес-пондент арнайы белгіленген орынға апаратынын айтқан. Бұл – ауыл тұрғындарының экологиялық мәдениеті біртіндеп қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Тағы бір қуантқан жайт – сауалнамаға қатысқан азаматтардың 90%-ы соңғы бір жылда сенбілікке шыққанын атап өтті. Бұл Зинеден жұртының ұжымдық іске бейімділігін дәлелдейді.Сауалнамадағы «Таза Қазақстан» акциясына қатысуға дайынсыз ба?» деген сұраққа 61%-ы «иә», ал 37,1%-ы «белсенді қатысамын» деп жауап берді. Бұл – ауыл халқының өз ортасын таза ұстауға шын ниетпен атсалысуға дайын екенін білдіретін қуанышты көрсеткіш.Ең бастысы, тұрғындар тек бүгінгі шараға ғана емес, болашаққа да ұсыныстарын қалдырды. Ол ой-пікірлер бізге алдағы экологиялық жобаларды тиімді ұйымдастыруға жол ашады. Ауылымызды көркейту – тек әкімдіктің емес, әрбір тұрғынның ортақ ісі екенін сауалнама тағы бір мәрте дәлелдеді, -деді ауыл әкімі Айгүл Адилова. 

 

Исатайда инфрақұрылым дамуда 

Исатай ауылында тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған саябақты көгалдандыру жұмыстары басталды. Мұнда демалыс орындықтары орнатылып, жарық шамдары жүргізілуде. Тамшылатып суару жүйесі арқылы ағаштар мен гүлдер отырғызылып, саябақ заманауи талаптарға сай жасақталмақ. Жарықтандыру кешкі серуендер үшін жеткілікті жарықты қамтамасыз етіп, қауіпсіздікті арттыра отырып, тұрғындарға жайлы әрі эстетикалық тартымды орта сыйлайды. Бұл жоба ауыл өміріне жаңаша тыныс беріп, табиғатпен үйлесімді таза әрі жайлы демалыс алаңына айналары сөзсіз.

– Ауылдағы инфрақұрылымдық жұмыстар да қатар жүріп жатыр. Қатты қоқыс алаңы жөнделіп, қайта ретке келтірілуде. Сонымен қатар Исатай ауылдық клубына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Клуб – ауылдың мәдени орталығы болғандықтан оның жаңаруы тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Бұған қоса, халықтың игілігі үшін жаңа вокзалдың құрылысы басталды. 12х24 көлеміндегі бұл нысан – ауылдағы маңызды әлеуметтік-экономикалық жобалардың бірі. Вокзал іске қосылғанда тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, ауылдың дамуына да серпін бермек. Исатай ауылында қолға алынған бұл жұмыстар – елді мекеннің келешегін жарқын етуге бағытталған нақты істер. Тазалық пен тәртіпті сақтау, ауылды көркейту тек биліктің ғана емес, әрбір тұрғынның да ортақ міндеті. Таза, көркейген ауыл – халық игілігі. Исатайда басталған жаңа жобалар ауылдың тынысын ашып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартатыны анық, – дейді ауыл әкімі Асылан Ғұбаш.

 

Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT