Сенім жүгін арқалап...

Сенім жүгін арқалап...
(0 Votes)

 Тәуелсіздікпен бірге толысып, билік буынымен берік, ел-жұртпен етене қызмет атқарып келе жатқан мәслихаттарға биыл 30 жыл толды. Бұл тарих үшін қас-қағым сәт болуы мүмкін. Бірақ өткен күндердің өлшемімен қарағанда осы уақыт аралығында халық игілігі үшін қаншама қыруар тірлік атқарылғанын аңғару қиын емес. 

Тәуелсіз еліміздің жалпы мемлекеттік билік жүйесінде мәслихаттардың орны ерекше. Мәслихат қызметiнiң негiзгi нысаны – сессия, онда мәслихаттың қарауына заңдармен қарастырылған мәселелер шешiледі. Ауданымыздың да халық қалаулылары өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге белсенді қызмет атқаруда. 30 жыл бойы елдің үмітін арқалаған депутаттар ауданның әл-ауқатын дамытып, халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған шешімдер қабылдап келеді.

2016-2023 жылдары аралығында VI және VII шақырылған аудандық мәслихат хатшысы қызметін атқардым. VI шақырылым (2016-2021 ж.ж.) депутаттарының құрамында Асима Мендалиева, Ахмет Ищанов, Гүлзада Саликова, Төлеу Даулетов, Абзал-Сенбі Самаликов, Айдана Балашева, Болат Аманғалиев, Амангелді Сүлейменов, Аманияз Қабдолов, Жанабай Тажібаев, Абай Байқұлов болды. Бұл шақырылымда депутаттар құрамына жаңа есімдер қосылды. Олар мәслихаттың оңтайлы жұмыс атқаруына өздерінің сүбелі үлестерін қоса білді. Мен үшін де депутаттық корпусқа жетекшілік ету үлкен тәжірибе болды. Бұл шақырылымда 65 сессия өтіп, 446 шешім қабылданды.

2021 жылғы 10 қаңтарда VII шақырылған Мақат аудандық мәслихаты депутаттарының кезекті сайлауы өтті. Бұл кезеңде он депутат жаңадан сайланып, Гүлзада Саликова екеуміз екінші мәрте депутаттық мәртебеге ие болған едік. Жетінші сайланған (2021-2023 ж.ж.) аудандық мәслихат депутаттарының құрамында Серік Абдиев, Мереке Басанов, Азамат Дәулетқалиев, Әділбек Идиятов, Әсел Қаржауова, Руслан Марабаев, Гүлзада Саликова, Бақыткүл Тиышбаева, Манарбек Турсиев, Сәрсен Таумұрынов, Генадий Биманов болды. Олар мені тағы да жетінші шақырылым мәслихатына хатшылық етуіме сенім білдірді. Депутаттар осы кезеңде өздеріне жүктелген сенімді абыроймен атқарып, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, сенімділікті арттырды.

Кейін 2022 жылы мамыр айында Руслан Марабаев, Гүлзада Саликова, Манарбек Турсиев депутаттық мандаттарынан өз еркілерімен бас тартуына орай партиялық резерв тізімінде тұрған Әділбек Нұрманов, Нүркен Унгаров, Мөлдір Ізтұрғанова секілді азаматтар депутаттар корпусын жаңартты. Десе де жетінші шақырылым екі жылға жуық жұмыс жасап мерзімінен бұрын таратылды. Есепті мерзім ішінде депутаттар заңмен белгіленген өздерінің құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыру мақсатында тиісті жұмыстарды жүргізді. Олар сайлаушылардың мүдделерін тиісті құрылым алдында білдіріп, атқарушы өкілдермен бірге әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси міндеттерді сапалы орындады. Халық қалаулыларының әрқайысысы өздерінің негізгі жұмыстарымен қатар тұрғындардың түйіткілді мәселелерін шешуде, депутат ретіндегі жобаларын жүзеге асыруда нақты істер атқарды. Үш жылға жуық жұмыс жасаған бұл шақырылымда 31 сессия өтіп, 146 шешім қабылданды.

Сессияларда аудан бюджетінің қалыптасуы, атқарылуы, ауданның саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуы және тиісті салалық бағдарламалардың орындалуы секілді мәселелер қаралды. Мәселен, әлеуметтік сала бойынша депутаттар «Аудандық мәслихаттың 2017 жылғы 30 маусымдағы №119-VІ «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселесін қарап, әлеуметтік көмек мөлшерін ұлғайту жөнінде шешім қабылдаған болатын. Сондай-ақ, депутаттардың қабылдауына келген азаматтар да назардан тыс қалған емес. Қайырымдылық шараларына атсалысып, әлеуметтік аз-қамтылған және көпбалалы жанұяларға ылғи көмектесіп келді.

Депутаттар халықпен кездесулерді уақытылы өткізіп, олардың көкейіндегі мәселелерді дер кезінде көріп, ауданның іс-шаралар жоспарына енгізіп, оң шешім табуына баса назар аударып отырды.

2020 жылы «Короновирус» пандемиясы өршіген тұста аудан әкімдігімен бірлесіп, аудандық мәслихаттың депутаттары қоғамдық бақылау тобын құрған болатын. Яғни, аудандағы негізгі тұтынатын азық-түлік өнімдері бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу және қорлардың уақытылы азық-түлікпен қамтамасыз етілуі үшін кәсіпкерлермен меморандум жасақтап, басты назарда ұстадық. Сондай-ақ, аудандық мәслихат депутаттары аудандық орталық ауруханаға «Туvek» бір реттік қорғаныс комбинезонының 150 данасын сыйға тартып, облыстық мәслихат басшылығының ұйымдастыруымен, облыстық мәслихаттың қос депутаты Серік Идранов пен Ерсайын Ихсанов арнайы ауданымызға келіп (Түркия елінен алдырған) 2 оттегі аппаратын орталық аурухана табыс еткен болатын.

Жетінші шақырылым уақытында «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзін басқару туралы» Заңының 21-1 бабының негізінде аудандық мәслихат депутаттары жергілікті атқарушы органдарға төмендегідей депутаттық сауалдар жолдап, мәселелер көтерді. Атап айтқанда, аудандық ауруханаға ревматолог және травматолог мамандарының қажеттілігі, автобус тоқтайтын жерлерге аялдама орнату, Мұнай айдаушылар мөлтек ауданындағы автокөлік жолының сапасы және жарық бағаналарының ескіруі, Ескі Мақат бағытына қарай жүретін жаяу жүргіншілер жолдарының жиегіне қоқыс жәшігін орнату, ойын алаңдарының қажеттілігі, Сағыз өзенінің суы тартылуына байланысты мал шаруашылығымен айналысатын шаруагерлердің зардап шегуі, «Доссор-Мақат» кенттерін асфальттау және жарықтандыру жұмыстары, Доссор кентіндегі Ш.Еркешев көшесіндегі сапасыз жаяу жүргіншілер жолын қайта қалыпқа келтіру, апатты үй иелеріне арналған тұрғын үй салу, М.Баймұханов атындағы мектеп аумағына жаяу жүргіншілер жолының қажеттілігі және тағы басқа да мәселелер көтеріліп, аудан әкімдігі тарапынан тиісті жауаптар алынды.

2021 жылы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Р.В.Склярдың 18 қаңтардағы №11-1/01-82/412 тапсырмасында барлық деңгейдегі мәслихаттардың онлайн-трансляциясын «Aitube» платформасында енгізу тапсырылған болатын. 2022 жылы «Ақпаратқа қол жеткізу» туралы Заңының 10 тармағының 3 тармақшасына сәйкес мәслихаттар отырыстарының онлайн-трансляциясын енгізуді қамтамасыз ету мақсатында, аудандық мәслихат аппаратымен тиісті құрал- жабдықтар алынып, аудандық мәслихаттың сессиялары «Aitube» платформасында ашық сипатта онлайн трансляциялау арқылы жүзеге асырыла бастады.

Мәслихаттың осы аралықтағы жұмыс тәжірибесі мен тарихын талдау барысында қай кезеңде де қоғамдағы өзгерістерге байланысты оның басым бағыттары болғанымен, негізінен жұмыс ұстанымы айқын және кәсіби шыңдалғанын көруге болады. Әр шақырылымның депуттар құрамы қоғамдағы беделді, белсенді айтары бар адамдардан құрылып, аудан тұрғындарының мүддесі үшін қызмет атқарғаны сөзсіз.

Жалпы, жергілікті жерлердегі мемлекеттік саясатты жүргізуді қамтамасыз ететін атқарушы органдармен халық сайлайтын және халықтың еркін білдіретін уәкілетті органдардың алдындағы мақсат ортақ, ол – халыққа адал қызмет ету. Алдағы уақытта да аудандық мәслихат депутаттары аудан халқының үнін тыңдап, халықтың еркін білдіріп ауданымыздың өсіп өркендеуіне табысты үлес қосатынына сенімім мол.

Қуаныш ИСМАГУЛОВ,

VI, VII шақырылған аудандық мәслихат хатшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521