Сенат депутаттары екі заңды парламент мәжілісіне қайтарды

Сенат депутаттары екі заңды парламент мәжілісіне қайтарды
(0 Votes)

 Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Бюджет кодексін және оған ілеспе заңды қарады. Талқылау нәтижесінде сенаторлар түзетулер енгізіп, екі заңды да парламент мәжілісіне қайтарды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бүгінгі отырыс барысында депутаттар Қазақстан Республикасының Бюджет кодексін және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу және "Концессиялар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп тану туралы" заңды екі оқылымда қараған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген Бюджет кодексі халықаралық стандарттар мен қазіргі заманғы сын-қатерлерге сәйкес келетін ашық, тиімді және икемді бюджеттеу жүйесін қалыптастыруды көздейді. Жаңа Бюджет кодексі бюджеттік процесті түбегейлі жеңілдетуге, "бюджетті басқарудан" "нәтижелерді басқаруға" ауысу арқылы бюджет саясатының үлгісін реформалауға, блоктық бюджет элементтерін енгізуге, бюджеттік саясаттың шекті параметрлерін айқындауға және фискалдық орталықсыздандыруды күшейтуге бағытталған. Талқылау кезінде сенаторлар заңдарды концептуалды түрде қолдап, оларға бірқатар ұсыныс енгізген. Нақты айтқанда, палата депутаттары енгізген түзетудің бірқатары өңірлерді дамытуға және қаржылық дербестікті қамтамасыз етуге арналған. Осылайша, ауылдық жерлерде жайылымдардың тозып, шөлейттенуіне байланысты олардың тапшылығының артып келе жатқанын ескере отырып, сенаторлар жайылымдық инфрақұрылым нысандарын дамыту мен реконструкциялауға қаражатты аудандық және ауылдық бюджеттердің шығыстарына жатқызуды ұсынды. Өйткені бұл функциялар "Жайылымдар туралы" салалық заңда көзделген.

Сенаторлар енгізген тағы бір жаңашылдық қаржыландыру мәселелерінде аналитикалық тәсілді күшейтуге қатысты болды. Бұл мониторингтеуді, шығыстардың тиімділігін бағалауды және мемлекеттік аудиттің қатысуын білдіреді. Қолданылатын салық жеңілдіктерінің тиімділігін объективті бағалау үшін сенаторлар талдамалық есепті қалыптастыру кезінде Қаржы министрлігіне салық төлеушілер қолданған салық жеңілдіктерінің көлемі туралы мәліметтер беруді ұсынды.

Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша аумақтылығына қарай белгілі бір шектеулер белгіленбейтін болды. Мәселен, жылу электр орталықтарынан қалаға дейін жылу магистралін салу кезінде. Осыған байланысты "шегінде орналасқан" деген сөздерді алып тастау қарастырылған. Су тасқынының салдарымен күресу және жойқын су тасқыны жағдайында міндеттерді жедел шешу мақсатымен республикалық бюджет шығыстарында су қоймаларын, каналдар мен гидротехникалық нысандарды дамытуға мемлекеттік кепілдікпен тартылған қарыздар бойынша шығыстарды субсидиялауды көздеу ұсынылады. Осыған орай сенаторлар Су кодексі шеңберінде уәкілетті органның құзыретін аталған бағыттар бойынша жобаларды іске асыру үшін субсидиялау және бюджеттен субсидиялар төлеу қағидаларын әзірлеу әрі бекіту құқығымен толықтыруды ұсынды. Талқылау нәтижесінде сенаторлар осы және басқа да түзетулер енгізіп, екі заңды да парламент мәжілісіне қайтарған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT