Сегіз қырлы Сәбит

Сегіз қырлы Сәбит
(0 Votes)

Халқымызда «Еңбектің наны тәтті» дейтін сөз бар. «Еңбек етсең – емерсің» деп те жатамыз. «Еңбек түбі – береке» екені де баршамызға белгілі. Жалпы еңбек туралы айтылып жеткен, жазылып қалған, көңілімізде орын алған небір даналықтар жеткілікті. Бұның бәрі еңбектің орны ешуақытта аласармасына, оның орны әруақыт биікте екеніне нақты дәлел болса керек. Қазіргі күндері сол еңбекпен бірге еңбек адамының да бейнесі биіктей түскеніне куәміз. Ол әсіресе «Жұмысшы мамандықтар жылы» сияқты биылғы атаулы кезеңде айқын аңғарыла түскен жайы да бар. Былайынша айтқанда, еңбек адамды асырайды, бағасын да асырады. Бұл бұрындары да солай болған, бүгін де солай.   

Еңбек адамы бір кездері ең басты назардағы адамдар болулы. Олардың еңбектерінің бағаланғандығы сол еңбек адамдарының қадір-қасиетінің мықты екендігін көрсететін еді. Еңбек адамдарының образы кеңес кезеңіндегі әдебиетте кез келген шығармада көрсетілетін, аталатын, жасалатын. Ол кезде әрбір журналист еңбек адамы туралы очерк жазатын. Ауылдарға іссапармен баратын, солардың еңбегін көретін. Тіпті, тракторда қастарына отыратын, шопанмен бірге түнеп қайтатын... Шүкір, биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» аталғалы бері сол еңбекке, еңбек адамдарына көңіл көбірек бөліне бастады. Әр саладағы еңбек адамдары туралы жазатын, айтатын, сөйлейтін, мақтайтын, марапаттайтын болдық. Қарапайым еңбектің де, қарапайым еңбеккердің де қадірі артып келеді...

Сол еңбек адамдары жайында жазбаққа қолға қалам алғанымда бір емес, бірнеше кәсіпті бірдей меңгеріп, қапелімде соның қай-қайсысынан да бас тартып жатпай, керегінде кірісіп кете беретін жандар жайлы толғандым. Солардың бірі – өзім күнде көріп жүретін Сәбит құрдас, Сәбит Сүйесінов есімді азамат еді. Оның әкесі Химеден де кезінде өндірісті саладағы нағыз қара еңбектің ортасында жүргенін, сөйтіп, осы қос өзен аралығындағы жер асты байлығын іздеп тауып, елдің кәдесіне жаратуға үлес қосқанын білетінмін. Қызығы да, қиыны да мол бұрғылау жұмыстарынан өмір бойына табан аудармастан тер төккен әке сол саладан зейнетке шықты, бертін келе өмірден озды. «Әке көрген оқ жонар» деген, Сәбиттің аға-інілері де өндірісті салада тер төккенінен, төгіп те жүргенінен хабарлымын.

Бір мектепте оқып, үлкен өмір көшіне бірге ілескен сол Сәкең мектептен соң бірден еңбекке араласты. Ол өндіріс орындарында, теңізді қорғау жұмыстарында, су айдау мекемелерінде, басқа да жерлерде оператор да болды, ауыр-жеңіл көліктер де жүргізді, күзет қызметінде жасады, тракторларға да отырды, жөндеуші де болды, жылу жүйесі операторы қызметінде де тер төкті. Сөйтіп, бүгінде алпыс жастың ауылына емін-еркін енген Сәкең бір басына бірнеше мамандықты серік етті, яғни бесаспап маман атанды. Қарапайым еңбектің дәмін бір кісідей татып, отбасында жолдасы Назым екеуі ұрпақ тәрбиелеп, оқытып-тоқытты. –Қатардан қалғанымыз жоқ,бәрі еңбектің арқасы,-дейді ол.- Ең бастысы, қай салада іс қылсам да, қандай жұмыстың құлағын ұстасам да өз міндетіме мығым, қызметімде тиянақты, адалдықпен іс қылуға тырыс-тым. Былайынша айтқанда, қарапайым еңбек өмір бойғы сенімді серігіме айналды. Бір данышпанның «адамды адам еткен еңбек» деген де даналық сөзі бар емес пе? Сол айтқандай, еңбек ете білген адам ешқашан қатардан қалмақ емес. Ал қай заманда да еңбек ете білу керек, әсіресе, қазіргідей күрделі уақытта еңбекқор болу керек-ақ. Бұл біздің жастарымызға көбірек қатысты деп есептеймін.

Бесаспап дегеннен шығады, өзі еңбек ететін жерлерде есіктің бұзылған кілттігін ауыстырып көмек ете қою, терезе желдеткішінің тұтқасын жөндей салу, ұжымдағы басқа да «қамқорлығы» оның қолының шеберлігін де танытар жайттар. Ал таныс-бейтанысқа жымия қараған жылы жүзі, жұмсақ сөзі, қарапайымдылығы оның көпке жаққан бір қыры екеніне де куәміз. Сондықтан да болар, ол жайында бірауыз пікір білдірген үлкен-кішінің бәрі ерінбес еңбекқорлығын, қолының шеберлігін, қай жұмысқа да ептілігін, тындырымдылығын алдымен әңгімелеп жатады.

Шындығы керек, бүгінгі күні арзан атақ, жеңіл ақшаның насихаты қатты жүріп, елді елітетін сондай жарнамалар көбейіп, алаяқтардың құрығына түсіп жатқандар да, ауадан ақша жасап жүргендер де жоқ емесі белгілі ғой. Осындайда елдің өркендеуіне, қоғамның дамуына үлес қосатын тек еңбек және «еңбек – бәрін де жеңбек» екенін түсіндіру, көпке, әсіресе жастарымызға насихаттау, санасына сіңіру маңызды болып тұрғаны да анық. Олай деуімізге бір себеп, әлеуметтік желіде «хайп» жасап танымал боламын деп, уақытын сарп етіп жатқан бозбалалар мен бойжеткендер, ойынқұмарлықтың соңына түсіп, тағдырын тәлкек етіп жатқан жас та, жасамыс та баршылығы және жасырын емес. 

Осыдан кейін еңбек адамы бейнесін насихаттау жай сөз емес, өзекті мәселе, маңызды жайт екені есіңнен шықпайды.  Ал еңбек адамы тек ауыл шаруашылығында, мал шаруашылығында жұмыс істейтін адамдармен шектелмейтінін, бұл ұғым кез келген салада шын жүрекпен, адал еңбегімен жұмыс істейтін Сәбит сынды азаматтарға да қатыстылығы қолға қалам алғызған. Жалпы, кім болса да өз ісін шынайы сүйіспеншілікпен және еңбекқорлықпен атқарса, сол адамды нағыз еңбек адамы деп атау орынды деген де ой санамызда тұрған.

Бұрынғы кеңес үкіметі кезінде еңбек адамы ұғымы кеңінен қолданылып, ол кезде бұл атақ үлкен мәртебеге ие болатын. Тәуелсіз Қазақстанда да бұл ұғым өз маңызын жоғалтқан жоқ және қазір де кез келген салада адал еңбек ететін, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын адамдарды еңбек адамы деп құрметтесе болады. Солардың бірі һәм бірегейі  - біздің бүгінгі кейіпкеріміз.

Міне, күн де салқын қабақ танытып, жылу беру маусымы басталған шақ. Өзі қызмет қылатын Аққыстаудағы жылу орталығында жолықтырғанымызда орталық-тың жылу беруге дайындығына білек сыбана атсалысып жүрген кейіпкерімізге қарай тұрып, маңдай тердің дәмін татып білген еңбек адамы, нағыз жұмысшы мамандық иесі осы Сәкеңдер ғой деп іштей риза болғанымыз да бар-ды. Енді міне, жылу беру маусымы да басталып, ауыл біткеннің «көк түтінін шұбатып, жібек созатын» кезі келгенде сол қайнаған тірліктің ортасында біздің кейіпкеріміз, қарапайым еңбек адамы Сәбит азаматтың да жүргенін ойға алдық. Ойға ала тұрып, еңбегіне сәттіліктер тіледік.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT