«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының инженерлері қыс мезгілінде жолдардың күтіміне баса назар аударады. Әсіресе, көлік қарқыны көп республикалық маңызға ие жолдардың қар, мұздан уақытылы тазалануы басты назарда. Филиал директоры Б.Мұқашовтың айтуынша, республикалық 1125,6 шақырым жолдың 908,6 шақырымының қысқы күтім жұмыстары "Қажсервис" ЖШС, ал қалған 217 шақырым қайта жаңғыртудан өтіп жатқан жол мердігер мекемелердің еншісінде.
"Облыс бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдары "Қазавтожол" АҚ АОФ бақылауында. Тас жолдарда 4 жол пайдалану учаскесі, 3 жол пайдалану бекеті бар. Қысқы күтім жұмыстарына 17 арнайы қар тазалайтын және құм қоспаларын шашатын /Камаз, Шахман, Фатон/ техника, 7 дана автогрейдер, 7 дана трактор, 7 дана жүк тиеуші, барлығы 38 техника дайындалған, -деді Б.Мұқашов.
Жол бойындағы 304 дана су өткізгіш құбыр толықтай жабылған. Сонымен қатар, жолдың тайғақтығын көрсететін, жылдамдықты шектеу үшін уақытша қойылатын 66 дана жол белгісі және қар көшкініне қарсы 2136 дана қалқан бар. Қысқы маусымға 2556 тонна тұз бен 4434 м3 құм дайындалған.