Республика күні қарсаңында Атырау мұнай өңдеу зауытында салтанатты шара өтті. Жиналғандарды ұлттық мерекемен құттықтаған «АМӨЗ» ЖШС бас директорының орынбасары Сәлімжан Нақпаев әріптестеріне табыс тілеп, мұнай-газ саласының дамуына үлес қосып жүрген зауыттықтарды марапаттады.
«Бұл күн әрбір қазақстандық үшін тарихи маңызға ие. Әсіресе қазіргідей құбылмалы заманда Республика күнін тойлау халықаралық қауымдастық алдында Қазақстанның егемендігін айқындай түспек. Қазақстан Республикасының азаматы ретіндегі әрқайсымыздың міндетіміз – елдігімізді сақтап, одан әрі нығайтып, туған жеріміздің дамуына үлес қосу» - деді С.Нақпаев.
Жиында «АМӨЗ» ЖШС-нің 25 қызметкері Kazenergy ассоциациясының медалі, Құрмет грамотасы және алғыс хатымен, «ҚазМұнайГаз» АҚ ҰҚ естелік белгісімен және Құрмет грамотасымен, «Еңбек ардагері», «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медальдарымен, ҚР Энергетика министрлігінің және салалық кәсіподақтың Құрмет грамоталарымен, Атырау облысы әкімінің және орынбасарының, сондай-ақ Атырау қаласы әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен жалғасты.