KAZINFORM – Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыс қарқынды дамып келеді. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Известия» газетіне жарияланған мақаласында жазды.
«Елдеріміз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын лайықты атап өтуге дайындалып жатыр. Ортақ тарихқа деген құрмет әрдайым Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығына арқау болары сөзсіз. ХХ ғасырда біздің халықтарымыз адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыста фашизмді жеңіп, ауыр сынақты бірге еңсерді. Қазақстандықтар қан майданда жан аямай соғысты. Қазақстан армияны керек-жарақпен және азық-түлікпен қамтамасыз етіп, сенімді стратегиялық тыл болды. Эвакуация кезінде жүздеген мың отбасы қазақ жерінен пана тапты. «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген сөз қазақстандықтар үшін жалаң ұран емес. Бұл ұғым майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің қайталанбас ерлігі ел жадында мәңгі сақталатынын білдіреді», — деп атап өтеді Мемлекет басшысы.
Президенттің атап өтуінше, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыс та қарқынды дамып келеді. Көпшілік көңілінен шығатын мәдениет күндері, фестивальдер мен көрмелер тұрақты өткізіліп тұрады.
«Былтыр елімізде «орыс маусымы» деген атаумен ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Ал биыл Мәскеуде Астананың мәдениет күндері өтті. Ондағы ең негізгі оқиға ретінде «Абай» операсының Үлкен театрда қойылғанын айтуға болады. Сондай-ақ, Ресейдің басты мұражайлары — Третьяков галереясында және Эрмитажда Қазақстанның көрмесі ашылады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан командасы Ресейдің Қазан қаласында өткен «Болашақ ойындарына» қатысқанына назар аудартады.
«Ал, Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Ресей спортшылары өнер көрсетті. Бұл — мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты жаңа форматта өрбіту маңызды екенінің белгісі. Біз осы игі дәстүрді жалғастырып, Ресей бастамасымен қолға алынған «Болашақ ойындарының» кезекті сайысын 2026 жылы Қазақстанда өткіземіз. Білім саласындағы ынтымақтастықтың да мазмұны толыға түсті. Біз еліміздің оңтүстік аймақтарында Ресей мектептерін ашуды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты бізбен іргелес жатқан Ресей қалаларында Қазақстан мектептері ашылады деп сенеміз», — деді Президент.
Еске сала кетейік, бұған дейін Президенттің шақыруымен Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келетінін жазған болатынбыз.