Атыраулық 759 медицина қызметкерінің құжаттары мақұлданып, өтемақысы төленетін болды, деп хабарлайды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз-қызметі.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Асхан Байдуәлиевтің мәлімдеуінше, 1055 медицина қызметкерінің құжаты комиссияға ұсынылды.
"Өңірде маусым айында эпидемиологиялық ахуалдың күрделі болуына байланысты төлеу туралы комиссия отырысы біраз кешеуілдеп тамыз айынан бастап өткізіле бастады. Алғашқыда 955 медицина қызметкерінің құжаты қаралып, содан бері тоғыз комиссия отырысы өтті. Бұйрықтағы соңғы өзгеріске орай 1055 адамның құжаты комиссия отырысына ұсынылып, 296-сы кері қайтарылды. 759 әріптесіміздің құжаты мақұлданды. Қазір 479 дәрігер төлемақысын алды. Қалған 280 медицина қызметкеріне қарашаның 1-іне дейін төлемақылары беріліп болады"- деді А. Байдуәлиев.
Құжаттардың кері қайтарылуының бірнеше себептері бар. Атап айтқанда, медицина қызметкерінің карантин кезінде жұмыс жасағаны туралы дәлелі болмауы, еңбекке жарамсыздық парақшасының толтырылмауы, рентген, КТ қорытындысы мен эпидемиологиялық картасында ПТР сынамасының нәтижесі көрсетілмеуі себеп болып отыр.⠀
Айта кетейік, өкінішке қарай, жұмыс барысында covid-19 инфекциясын жұқтырып қайтыс болған 14 медицина қызметкеріне 10 миллион теңгеден біржолғы өтемақы төленді.
Сурет: ашық дереккөз