Мемлекеттік қызметтерді көрсету – мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады. Адам баласы шыр етіп дүниеге келген бастап өмір бойы мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен тығыз байланыста болады. Нақтырақ айтқанда, туу туралы куәлікті алудан бастап азаматтың өмірден озуымен байланысты анықтамасын беру де мемлекеттік көрсетілетін қызметтер болып табылады.
Жалпы мемлекеттік көрсетілетін қызмет - көрсетілетін қызметті алушылардың өтініш жасауы бойынша немесе өтініш жасауынсыз жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі немесе олардың жиынтығы болып табылады.
Жылдан жылға мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің саны өсуде. Алайда, кей жағдайларда қызмет алушылар тарапынан мемлекеттік қызметтер тәртібімен немесе олардың нәтижесімен келіспейтін жағдайларда орын алып жатады.
Бұл ретте, қызмет алушылар мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша шағымдарды қарау тәртібін білгендері абзал.
Жалпы қызмет алушылардың шағымдарын қарау «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заңының 25-бабымен реттеледі.
Атап айтқанда, мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша қызмет алушылар шағымданатын төмендегідей бірқатар инстанциялар көзделген.
Біріншісі, мемлекеттік қызметтерді тікелей көрсететін орталық мемлекеттік органның, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органның, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент,ауыл, ауылдық округ әкімінің, көрсетілетін қызметті берушінің, Мемлекеттік корпорацияның өзіне жолдауға болады. Бұл көрсетілетін қызметті алушының шағымы оны тіркеген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарауға жатады.
Екіншісі, Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағымдануға болады. Уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы оның тіркелген күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
Сонымен қатар, Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органмен шағым бойынша қосымша зерделеу немесе тексеру, не жергілікті жерге барып тексеру жүргізілсе немесе қосымша ақпарат алу қажет болған жағдайда он жұмыс күннен аспайтын мерзімге ұзартылады.
Бұл тұста, шағымды қарау мерзімі ұзартылған жағдайда шағымдарды қарау бойынша өкілеттіктер берілген лауазымды адам шағымды қарау мерзімі ұзартылған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде шағым берген көрсетілетін қызметті алушыға ұзарту себептерін көрсете отырып, шағымды қарау мерзімінің ұзартылғаны туралы жазбаша нысанда (шағым қағаз жеткізгіште берілген кезде) немесе электрондық нысанда (шағым электрондық түрде берілген кезде) хабарлайды.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заңының 4- бабымен қызмет алушылардың мемлекеттік қызметтер көрсету саласында бұзылған құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау туралы талап арызбен сотқа жүгіну құқықтары айқындалған.
Осы ретте, ағымдағы жылы Департаментке шағымданған 9 азаматтың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Атап айтқанда, Департаментпен «Құрылыс жобаларын әзірлеуге арналған бастапқы материалдарды ұсыну» мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту себебі негізсіз екендігі анықталып, қызмет көрсетушіге әкімшілік хаттама толтырылып, қызмет алушыға сәулет-жоспарлау тапсырмалары берілді.
Бұдан бөлек, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерінен келген автокөліктерді заңдастыру үшін мемлекеттік қызмет алу кезінде автокөлігін 2 айға жуық уақыт бойына мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыра алмай Департаментке жүгінген.
Департаменттің тиісті жедел әрекет ету нәтижесінде, ішкі істер органдар тарапынан қажетті шаралар қабылданып, азамат көлігін заңдастырды.
Сондай –ақ, «Аз қамтылған отбасы (толық емес отбасы)» санаты бойынша тұрғын үй алу кезегінен заңсыз шығарып тастау дерегімен Департаментке жүгінді. Мәселені зерделей келе, мемлекеттік органның қателігінен азамат кезектен заңсыз шығып кеткендігі анықталып, kezekte.kz ақпараттық жүйесіндегі кезектілікті түзету туралы уәкілетті органға хат жолданып, қызмет алушының құқығы қалпына келтірілді.
Департаментпен тұрақты түрде қызмет алушыларға мемлекеттік қызметтерді алу бойынша ақпараттық – түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отырады.
Мысал ретінде, тұлға СЖТ (сәулетті жоспарлау тапсырмасы) мемлекеттік қызметін көрсетуден бас тарту бойынша Департаментке жүгінді.
Бұл ретте, Департаментпен жүргізілген талдау нәтижесінде қызмет алушымен мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрін дұрыс таңдалмағаны анықталды.
Қызмет алушыға мемлекеттік қызметтің көрсетілу ережелері бойынша тиісті уәкілетті органмен құқықтық – түсіндірме жұмыстары жүргізілуіне ықпал етіліп, нәтижесінде қызмет алушы қайтадан өтінім беріп, сәйкесінше мемлекеттік қызметтің оң қорытындысын алды.
Осы орайда, Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қатысты арыз –шағымдарыңыз болса, Департаментке «e-Otinish» ақпараттық жүйесі немесе «onay qyzmet Atyrau» телеграм чаты арқылы шағымдану мүмкіндігіңіз бар екендігін хабарлаймыз.
АРМАН АБСИМЕТОВ
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің
Мемлекеттік қызметтер көрсету басқармасының басшысы