Қыз балаға «қырық үйден» тыйым қажет

(0 Votes)

Бүгінде жыныстық және репродуктивті денсаулық мәселесі жасөспірімдер арасындағы ең басты проблемалардың бірі болып отыр.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі он екі жастан асқан жасөспірімдердің он пайызы темекі тартатын болса, оған қоса соңғы уақытта жасөспірімдер арасында ерте жыныстық қатынасқа түсу мәселесі де жиілеп кетіп отыр. Ал, оның соңы жас қыз балалардың мектеп табалдырығында жүріп-ақ жүкті болып қалуына, жасөспірімдердің түрлі жыныстық ауруларды жұқтыруына әкеліп соғады, ал бұл мәселе өрімдей жас қыздардың басына түскен қасірет болып, олардың өміріне сызат қалдыратындығы анық.

Мақат аудан көлемінде орналасқан білім беру бөлімімен және аудандық аурухана бөлімінің гинекология бөлімінің өкілімен қыздарға жиналыстар ұйымдастырылып, түсіндірме жұмысы жүргізіліп отырады.

Алайда, ағымдағы жылы да ерте жүктілікпен аудандық ауруханаға 3 жасөспірім тіркеліп, оның ішінде 2004 жылы туған кәмелетке толмаған бір жасөспірім 16 апталық жүктілікпен ауруханаға есепке алынған. Мәселеге орай Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 122 бабының 1 бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдарын жүргізуде.  Қазірдің өзінде ерте жүктіліктің алдын алу бағытында мектеп оқушыларымен жиі жиналыс ұйымдастырылуда.

Бүгінгі таңда егеменді елімізде кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдеріміздің жыныстық бостандығына қол сұққандығы үшін жаза тағайындау мәселелі қарастырылған. Яғни, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шілдеде қабылданған №226-V  Қылмыстық кодексінің 122-бабына сәйкес «Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттері» үшін жауаптылық көзделген.

Аталған бапты саралайтын болсақ, көрінеу он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас, еркек пен еркектің жыныстық қатынасын, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасын немесе сексуалды өзге де әрекеттер жасағандығы үшін  5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жаза көзделген. Сондай-ақ 2-ші бөлігіне сәйкес он алты жасқа толмаған адамға қатысты ата-анасы, педагог не оны тәрбиелеу жөніндегі міндеттер Қазақстан Республикасының заңымен жүктелген өзге адам жасаған дәл сол әрекеттер үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Қыз тәрбиесіне салғырт қарау ерте жастан жүктілікке әкеп соғады. Мектеп жанындағы жасөспірім қыздарда нәзіктік пен құштарлық, сүйгеніне жан-тәнімен берілгендік, қорқыныш пен үрей, қуаныш пен қызғаныш сияқты сезімдер пайда болады.

Бұл проблемаға тек физиологиялық жағынан қарау аздық етеді. Ерте жастағы жүктілік мектеп жастағы қыз бала үшін сан түрлі мәселелер тудыратыны анық. Бұл жағдайда оқушыға  мектепке келуге тыйым салынады. Қасында жүрген құрбы қыздарымен еркін араласуға да қиындық  туары анық. Бұл жағдай қыз баланы психологиялық тұрғыдан да ауыр күйзеліске ұшыратады. Сондықтан, тұлымы желбіреген, өрімдей жасөспірім қыздарына қазақтың ежелден арын сыйлаған ибалы қыздарының жолын берсе дейміз. Әрбір қыз бала ата-анасын, туыстарын, ұстазын сыйлап, қадірлей білуді үйренсе, болашақта елін, жерін, халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жанындай жақсы көретін қамқор ана, қайратты жан, нәзік ару шығары сөзсіз.

К.СЕРІКБАЕВА,

Аудандық полиция бөлімінің

ювеналдық полиция тобы

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT