Құрылысшы болу – бала кезден арманым

Құрылысшы болу – бала кезден арманым
(0 Votes)

ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРЫ ҚАНДАЙ ҚОҒАМҒА ДА АУАДАЙ ҚАЖЕТ. НЕГІЗГІ ҚЫЗМЕТТЕРДІ АТҚАРАТЫН ОСЫ ТОП. ЖАСАЛҒАН ЖОБАНЫ ҚАЙ САЛАДА ДА ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН КҮШ – ЖҰМЫСШЫЛАР. «ТЕҢІЗШЕВРОЙЛ» КОМПАНИЯСЫ ҚАРА АЛТЫНДЫ ҒАНА ӨНДІРУМЕН ШҰҒЫЛДАНБАЙ, КӨПТЕГЕН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖҰМЫСШЫ ЖАСТАРДЫҢ ЖАҚСЫ АЗАМАТ, БІЛІКТІ МАМАН БОЛЫП ҚАЛЫПТАСУЫНА ДА ҮЛКЕН ҮЛЕС ҚОСЫП ОТЫРҒАН КӘСІПОРЫН. МҰНДА ЖАСТАР ЗАМАНАУИ ТАЛАПТАРҒА САЙ ЖҰМЫС ЖАСАУДЫ, ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІН САҚТАУДЫ, ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ МЕҢГЕРУДІ ҮЙРЕНЕДІ. СОЛАРДЫҢ БІРІ – ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ, ҚҰРЫЛЫСШЫ-ГЕОДЕЗИСТ ТЕМІРХАН ІЗҒАЙЫРОВ. ЖЫЛЫОЙ ӨҢІРІНДЕ ТУҒАН ЖІГІТ ҚҰЛСАРЫ ҚАЛАСЫ БЕРЕКЕ ЫҚШАМ АУДАНЫНДАҒЫ МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСЫНДА ЖҰМЫС ЖАСАДЫ. 600 ОҚУШЫҒА АРНАЛҒАН АТАЛҒАН НЫСАН ТШО-НЫҢ «ИГІЛІК» БАҒДАРЛАМАСЫ ШЕҢБЕРІНДЕ ЖҮЗЕГЕ АСҚАН ЖОБАЛАРДЫҢ БІРІ. ТЕМІРХАН ӨЗІНЕ ЖҮКТЕЛГЕН МІНДЕТТЕРДІ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ АТҚАРЫП, ЖҰМЫСЫНА ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАРАЙДЫ. ЖҰМЫС УАҚЫТЫНЫҢ ӨТКЕНІН ЕМЕС, ҚҰРЫЛЫСТЫҢ САПАЛЫ ШЫҚҚАНЫН, ӨЗІНЕ ҮЛКЕН СЕНІМ АРТЫП ОТЫРҒАН КӘСІПОРЫННЫҢ АТЫНА КІР КЕЛМЕГЕНІН ҚАЛАЙДЫ. ҚЫЗМЕТІНДЕ ТШО-ДА БЕЛГІЛЕНГЕН БАРЛЫҚ ҚАҒИДАЛАР МЕН ҚАУІПСІЗДІК СТАНДАРТТАРЫН ҰСТАНАДЫ. ОНЫ ТЕМІРХАННЫҢ САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫНА КӨҢІЛІ ТОЛҒАН СӨЗІНЕН АҢҒАРАМЫЗ.

– Біздер жұмыс басталар алдында медтестіден өтеміз. Медтестінің ішіне қан қысымын, дене қызуын өлшеу, алкотест кіреді. Онсыз жұмысқа қоспайды. Аталған тестіден кейін шағын кеңсемізге соғып, ол жерде жұмысқа шықпас бұрын техника қауіпсіздігіне қатысты таңғы нұсқаулықтан міндетті түрде өтеміз. Бұл біздің өмірімізге қауіп төнуінен сақтайды. Содан кейін таныстырылымға қол қоямыз. Негізгі қауіпсіздік шаралары биіктікте жүргенде өте қажет, жоғары шыққанда міндетті түрде қауіпсіздік құралдарын тағу керек. Одан соң толық құраммен жиналысқа қатысамыз. Жиналыста қандай жұмыстар жасалатыны айтылып, тапсырмалар беріледі. Мысалы, салынып жатқан мектептің сыртқы және ішкі тас қалау жұмыстары біткені, енді үшінші қабат пен ішкі қабырғалардың тасын қалау басталатынынан хабардар етілеміз. Маған терезелердің деңгейін тексеру тапсырылады. Қай терезе қайда түсетінін анықтап, орнын, құжаттамасын дайындауым керек. Аймаққа кірерде жеке қорғаныс құралдары, яғни, қолғап, каска, көзілдірік, жилет түгел болуы тиіс.

Құрылысшы мамандығы – бала кезден арманым. Бұл салаға келуге себепші болған отбасындағы әкем. Саладағы қызметімді дұрыс ұйымдастыру, сол бойынша салынып жатқан нысанда ешқандай қателіктерді жібермеу, халық игілігі үшін жұмыс жасап, аман-есен тапсыру – міндетім. Құрылысшы – геодезистің жалпы бір күні инженер берген тапсырмаларды орындаумен өтеді. Басты тапсырмамыз терезе деңгейін белгілеу болып табылады. Яғни сыртқы қаланып жатқан қабырғаға оның деңгейін беру. Алдын ала біз терезенің орнын қалдырып кетеміз. Инженер- геодезистің негізгі құралдары – бейнеөлшегіш, сонымен бірге қазіргі таңда жаңа ДПС құрылғысы. ТШО Атырау облысының білім беру саласын қолдау мен дамытуға ерекше көңіл бөледі, сондықтан «Игілік» бағдарламасы аясында салынған әлеуметтік нысандар заманауи білім беру талаптарына сәйкес келеді. 1993 жылдан бері 120-дан астам инвестицияланған 385 миллион доллардан астам қаражат Атырау облысындағы мектептер, ауруханалар, демалыс аймақтары, балабақшалар және басқа да әлеуметтік нысандарды тұрғызуға бағытталды, – дейді Темірхан Ізғайыров.

Кейіпкеріміз жұмыс жасаған «Береке» ықшам ауданында орналасқан мектеп құрылысында елуге жуық маман еңбек етсе, солардың көпшілігі – жергілікті тұрғындар. Бұл компанияның жергілікті халықты жұмыспен қамтуға қосқан қомақты үлесі. Кейбір қызметкерлер басқа қалалардан келіп жұмыс жасаған. Инженерлік құрамның 80 пайызы жас мамандар болған. Олардың барлығы нақты жұмыстар атқарды. Жалпы ТШО-да қазақстандық қызметкерлер саны бүгінде 95 пайызды құрайды. 1993 жылы бұл көрсеткіш 50% болған екен. Компания 2025 жылы өзінің әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы шеңберінде Атырау облысында денсаулық сақтау, білім беру сапасын жақсарту және азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған 21 әлеуметтік жобаға қолдау көрсеткен.

– Құрылыс қиындығы мол, физикалық күшті талап ететін, қай кезде де уақыт таңдамайтын мамандықтың бірі болып табылады. Қыс, жаз мезгілдерінің сынына қарамай жұмыс жалғасып жатады. Бұл мамандықты таңдаудағы басты себебім – Қазақстан Республикасындағы құрылыс саласына өз үлесімді қосу, яғни, еліміздің тұрғындарына сапалы ғимараттар салып тапсыру. Әрине, қиындықсыз жұмыс болмайды. Ондай сәттер кездеседі. Қиындықтарды шешу жолында жобадан ауытқымауға барынша тырысамыз. Геодезистің міндеті жоба бойынша жасалып жатқан жұмыстарды түсіріп, оны қадағалайтын техбақылау, авторлық бақылаушы мамандарға тапсырамыз. Негізгі құралдар жыл сайын арнайы мекемелерде тексерістен өтіп тұрады. Қоғамда құрылыс саласының рөлі өте зор. Қазақстан – экономикасын дамытып жатқан сала. Жалпы құрылыс саласын меңгеру бүгінде оңай. Мұнда жұмыс жасап жатқан жас мамандардың қызметіне жоғары баға беруге болады. Өзім де жас маманмын, барлық технологияларды игеріп жатырмын. Геодезист оқуын оқып жатқандарды құрылыс алаңына жиі шақыру қажет. Өзім де бір мекемеде тәжірибеден өтіп, осында жұмысқа қалған болатынмын,– дейді болашағын құрылыспен байланыстырған Темірхан Ізғайыров.

Оның жіті назарынан сәл кемшілік тыс қалмайды. Қолындағы құралдарымен бәрін мұқият қадағалайды. «Адам еңбегімен қадірлі» дегендей, жас маман өз ұжымы арасында еңбекқорлығымен, тиянақтылығымен сыйлы.

Жұмысшы маман жайлы әңгімемізді түйіндей келе айтарымыз, бүгінде «Теңізшевройл» компаниясында құрылысшылардың жалақысы жоғары, жасаған қызметіне сай. Еңбектері еленіп жатыр. 500-600 мың орташа жалақы алады. Мемлекеттік деңгейде тамыз айының екінші жексенбісінде келетін төл мерекелерінде құрылысшылар марапаттан тыс қалмайды. Компания халықтың игілігі үшін заманауи талаптарға сай жобаларды жүзеге асыра беруге ниетті.

Айнагүл Шакупова

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT