Құрманғазылықтар “Жұмысшылар мамандығы жылына” өткен фестивальге қатысты

Құрманғазылықтар “Жұмысшылар мамандығы жылына” өткен фестивальге қатысты
(0 Votes)

Жұмысшы мамандардың беделін арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау мақсатында Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» болып жарияланды. 

Осыған орай 12-15 ақпан аралығында Астана қаласындағы «EXPO Халықаралық Көрме» орталығында «Жұмысшы мамандықтар қаласы» атты фестивалі өтті. Еңбек адамының маңыздылығын арттыру және жұмысшы мамандықтарды танымал ету мақсатында ұйымдастырылған ауқымды жиын ірі өнеркәсіп орындарын, студенттерін, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын бір алаңға тоғыстырды.

Фестивальге ауданымыздан мәслихат төрағасы Гүлжанат Қалиева бастап барып, аудандық мәслихат депутаты, Құрманғазы аграрлық-техникалық коллежінің директоры Болатбек Утегенов, М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің директоры Гаухар Мәжитқызы, бір топ аудандық колледж студенттері және мектеп оқушылары қатысты.

Олар техникалық білім беру саласындағы жаңа технологияларды көріп, жұмыс берушілермен кездесу өткізді. Сонымен бірге заман талабына сай пайда болған жаңа мамандықтармен егжей-тегжейлі танысты. Мәселен, фестивальдің басты нысандарының бірі аграршылар көшесінде егіншілік, мал шаруашылығы және механизаторлар павильондары орнатылып, саланың жетістіктері көрсетілді. Келушілер заманауи аграрлық технологиялармен танысып, трактор жүргізу симуляторын сынақтан өткізіп, инновациялық сауу жабдығын көріп, жылыжай кешеніне 3D-тур жасай алады және басқа да қызықты тәжірибелерге қатыса алды.

Фестиваль мақсаты – осынау мамандық түрлеріне жастардың қызығушылығын арттыру, білімді де білікті кадрлардың жаңа шоғырын қалыптастыру. Бірегей форматтағы фестиваль, жұмысшы мамандықтар жылын ашатын алғашқы ресми шара болды. «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі келушілерге болашағы зор мамандықтар мен әртүрлі саладағы, соның ішінде ауыл шаруашылығындағы заманауи технологиялар туралы көбірек білуге бірегей мүмкіндік ұсынды.

Айнагүл Күнұзаққызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT