ҚҰРМАНҒАЗЫЛЫҚТАР ҮШІН – ЖЕМІСТІ ЖЫЛ

ҚҰРМАНҒАЗЫЛЫҚТАР ҮШІН – ЖЕМІСТІ ЖЫЛ
(0 Votes)

«Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет. Тасқын судан болған қиыншылықтарға қарамастан, диқандарымыз егін егу жұмысын дер кезінде аяқтады. Оларға зор ризашылығымды білдіремін. Биыл егіс науқанына екі есе көп қаражат бөлінді. Алайда агроөнеркәсіпке бөлінетін бүкіл ақшаның 70 пайызы – мемлекет қаржысы. Бұл салаға коммерциялық банктердің қаражатын да тарту қажет. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шаралары қолға алынды. Банктерге қатысты осындай тәжірибені қолдану керек. Мұның бәрі шаруаларды айналымға қажетті қаражатпен шұғыл қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық қатерін азайтуға және несие алуды оңтайландыруға жол ашады».

(Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауынан)

Құрманғазы ауданы аймақ табиғатының інжу-маржаны саналады. Әйгілі лотос алқаптарын тамашалауға шет елдерден туристер келеді. Осы орайда, ішкі туризмді қалай дамытуға болады? Әлеуметтік-экономикалық бағытта қандай жұмыстар жасалуда? Бұл туралы бізге аудан әкімі Абат Жанғалиев айтып берді...

ТАСҚЫНҒА – ТОЙТАРЫС

- Абат Сайфоллаұлы, аудан биылғы көктемгі су тасқынынан қалай аман қалды және тиісті ведомстволар келесі маусымға болжап отырған үлкен суға қалай дайындалуда?

- Биылғы көктемгі су тасқыны біздің аудан үшін қауіпсіз өтті. Шортанбай ауылындағы су өлшеу белгісі көрсеткендей, Қиғаш өзеніндегі судың ең жоғары деңгейі өткен жылы 377 сантиметрді, осы жылы – 379 сантиметрді құрады, яғни, мөлшерден небәрі екі сантиметрге асқан. Барлығы 96,8 шақырымға жағалау нығайту жұмыстары жүргізілді және 20 шақырымға қосымша су қорғау бөгеттері салынды. Аудандағы 14 азаматтық қорғаныс қызметі жоғары дайындықтан өтті. Арнайы учаскелерге жауапты тұлғалар тағайындалды, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды және қауіпті учаскелердегі бөгеттерді бақылау күшейтілді.

Алдағы жылдың су тасқыны маусымына дайындық аясында ауданның Дыңғызыл, Көптоғай және Шортанбай ауылдық округтерінде орналасқан қауіпті учаскелерде тоғыз шақырымдық бетон бөгеттерінің құрылысы жүргізілуде. Алты жоғары қуатты сорғы, 18 мотопомп, алты электр тоғы генераторы сатып алынды. 14 қызмет, 31 арнайы автокөлік, 14 медициналық мекеме, 26 эвакуациялық пункт және 330 тонна өнім дайындалды. Сондай-ақ, малды қауіпсіз жерге орналастыру үшін 16 орын жасақталды.

Ресей Федерациясының уәкілетті органдарымен байланыс облыстық деңгейде жүргізілетіндіктен, су тасқынының болжамды деңгейі туралы алдын ала болжам Атырау облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінен және "Қазгидромет" РМК Атырау филиалынан келіп түседі.

ЕЛ ИГІЛІГІНЕ – ЖАҢА ЖОЛДАР

- Өткен жазда облыс басшысы Сіздің ауданыңызға жұмыс сапарымен келгенде, ауыл тұрғындары Азғыр ауылдық округіне жол салу мәселесін көтерді. Серік Шәпкенов дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын түсіндірді. Құмды топырақ тасжол төсеуге жарамсыз болғандықтан, бұл мәселені шешу көп уақытты қажет ететіні айтылды. Бұл үшін ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары да шақырылған болатын. Нәтиже бар ма?

- Иә, бұл жолдың құрылысы зор басымдыққа ие, өйткені, Азғыр – шекара маңындағы ауыл. Сондықтан мұндай жерде сапалы көлік инфрақұрылымы өте маңызды роль атқарады. 2021 жылы облыстық маңызы бар "7 разъезд – Асан – Балқұдық — Сүйіндік" автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары басталды, бұл 36 шақырымды құрайды. Қазір соның 17 шақырымында жер жұмыстары жүргізілді. Жоба қазір түзетілу үстінде. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табатын болады.

Бұдан басқа, аталған жолдың 36-98 шақырымына оң мемлекеттік қорытынды шықты. Тапсырыс беруші Атырау облысының автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасы болып табылады. – Мәжілісмен Әділ Жұбанов аудандағы жол мәселесі бойынша көлік министрі Марат Қарабаевтың атына депутаттық сауал жолдады. Халық қалаулысы атап өткендей, аудандық маңызы бар жолдардың 48 пайызы – қанағаттанарлық деңгейде. Кентішілік жолдардың тек 28 пайызы ғана асфальтталған. Осылайша, 49 ауылдың тек тоғызына ғана тасжол төселіп отыр. Бұдан 25 мыңға жуық ауыл тұрғыны зардап шегеді. Сөйтіп, көлік қатынасының азаюынан, шалғайдағы Сүйіндік, Балқұдық ауылдарының халық саны да азая түсері анық. Онсыз да жастар жағы аудан орталығына қоныс аударып жатқаны бәріне белгілі ғой...

– Айтуыңыз өте орынды. Қазір бізде Сүйіндік, Балқұдық және Асан кентішілік жолдарына қатысты жоба әзірленуде. Оны аяқтап, мемлекеттік сараптама алған соң, кентішілік жолдарды салуға қаражат сұрайтын боламыз.

ЖАСТАРҒА МҮМКІНДІК МОЛ

- Жастардың ауылдық жерде қалып, өз кәсібін табуы үшін қандай жұмыстар жасалып жатыр? – Қазір аудандағы халық саны 55 859 адамды құрайды. Университетті бітіргеннен кейін бірден жұмыс табу барлығына бірдей мүмкін емес. Жұмыс беруші көбінесе тәжірибесі бар маманды алуға мүдделі. Бұл ретте, түлектерге мемлекет көмекке келеді. Атап айтқанда, бүгінде "Дипломмен ауылға", "Жастар практикасы" және "Жастар кадрлық резерві"бағдарламалары іске асырылуда.

«БІЗ – МАЛ БАҚҚАН ЕЛМІЗ...»

- Аудан экономикасының негізін құрап отырған қай сала?

- Әлбетте, бұл - мал шаруашылығы. Ауданда 77 шаруа және фермер қожалығы тіркелген. Сондай-ақ, 14 заңды тұлға ауыл шаруашылығымен айналысады.

Өткен жылы өндірілген жалпы өнім көлемінің құны 26397,6 миллион теңгені құрады, жоспар 100 пайызға орындалды. Ал, өткен жылы бұл көрсеткіш – 25 497 миллион теңге болған еді. Ағымдағы жылдың он айында негізінен ет пен сүт бойынша көрсеткіштер өсті.

– Ашық дереккөздерде аудан аумағы 2 086 066 га деп көрсетілген. Оның қанша бөлігі ауыл шаруашылығына тиесілі?

– 635 гектар агроөнеркәсіпке тиесілі. Жалпы, аудан тұрғындары еңбекқор: жастар мен орта жастағы адамдар негізінен вахталық әдіспен жұмыс істейді. Ал, кейбірі балық аулау және мал шаруашылығымен айналысады.

«ЕСТИТІН МЕМЛЕКЕТ», «ТЫҢДАУШЫ ӘКІМДІК»

- Ауыл тұрғындары Сіздің жеке қабылдауыңызға келе ме?

- Иә. Олар негізінен тұрғын үймен қамтамасыз етуге, шаруа қожалығы мен жайылымға жер бөлуге қатысты сұрақтар қояды, абаттандыру және коммуналдық шаруашылық туралы сұрайды.

- Өзіңіз білетіндей, қоғам белсенділері аудан орталығында құм карьерінің орнында ағынды сулардан терең көл пайда болды деп дабыл қақты. Оған ауруханалардан, балабақшалардан, мемлекеттік мекемелерден, жеке үйлерден кәріз қалдықтары құйылады. Бұл мәселе қалай шешілуде?

– Былтыр облыстық бюджеттен кәріз қалдықтары төгілетін орынды қоршауға қаражат бөлінді. Бұдан басқа, Құрманғазы ауылында полигон салуға жоба әзірленуде. Ол мемлекеттік сараптаманың оң бағасын алғаннан кейін оны салуға ақша бөлу жөнінде сұраныс дайындаймыз.

- Құрманғазы ауданының Асан округіне кіретін Асан және Үштаған ауылдарының тұрғындары ғаламторс апасының нашарлығына шағымдануда...

- 2022 жылы интернет сапасын жақсарту үшін Асан ауылында 60 метрлік тұғыр салынды. Соның арқасында аталған елдімекен тұрғындары қазір интернет пайдаланады. Ал, біз оның сапасын жақсарту үшін "КсеІІ" және "Билайн" ұялы байланыс операторларына хат жолдадық. Әзірге олардан ұсыныс түскен жоқ.

- Адамдар зейнетақыны уақытында ала ма? Асан ауылында бұрын пошта болған, бірақ кейін жабылды…

- Жалпы, Азғыр және Сүйіндік ауылдары бойынша ешқандай проблема жоқ. Ал, Асан ауылында мұнда мәселе бірнеше ай бойы көтерілгені рас. Шалғайдағы елдімекендерде пошта бөлімшелерін сақтау-негізгі міндет болып қала береді. Жуырда бұл жағдайды облыстық бөлімше басшылығымен талқыладық, қазір бұл мәселе шешілу үстінде. Бұған қатысты қолдан келер барлық шараларды қарастырып жатырмыз. Сондықтан шалғайдағы тұрғындар зейнетақыларын уақытында алуын бақылауда ұстайтын боламыз.

«ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ШВЕЙЦАРИЯ»

- Аудан тамаша табиғатымен ерекшеленетінін білесіз. Тіпті, бұл жерді халық арасында "қазақстандық Швейцария" деп те атайды. Мұнда әйгілі лотос өсетін су алқаптары орналасқан. Аудан бюджетіне айтарлықтай табыс түсіретін туристік аймақ құру үшін не жасалып жатыр?

- Дұрыс айтасыз. Аудан аумағы туризмді дамыту үшін өте қолайлы. Қазір мұнда алты туристік демалыс нысаны қызмет көрсетеді.

Үш-он жылға жалға алу тәсілімен 13 туризм объектісін салу үшін жер учаскелері бөлінді. Бұл ретте, берілген жерді игеру бойынша ай сайын мониторинг жүргізіледі. Осы жылдың тоғыз айында біздің ауданға 5113, оның ішінде шетелден 337 турист келді.

- Жергілікті жастар спортпен шұғылдануы үшін қандай жағдай жасалған?

- Біздің ауданда спорт саласы қарқынды дамып келеді. Көптеген спортшыларымыз – республика, облыс, аудан чемпиондары. Бірнеше жылдан бері өзін жақсы жағынан танытып жүрген балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді.

Сафон және Жұмекен ауылдарында жаңа спорт кешендері салынуда. Орталық стадион да қайта жаңғыртылуда. 15 елдімекенде балалар спорт алаңдары салынды, осындай құрылыс тағы 15 ауылда жоспарланған.

- Ауданда мектептер жеткілікті ме?

– Бүгінгі таңда барлығы 10 852 оқушы білім алып жатыр. Мектептер барлық ауылдарда бар. Алайда, олардың кейбірінің ғимараты ескі, орын жетіспейді. Тағы төрт білім ұясын салу қажет және бесеуі күрделі жөндеудіі қажет етеді.

БАСПАНА – БАСТЫ МӘСЕЛЕ

- Тұрғын үй құрылысы қалай дамуда?

- 60 пәтерлі көпқабатты үйді келесі жылы тапсыру жоспарлануда. Көпбалалы отбасылардан, жетім балалардан, халықтың әлеуметтік осал топтарынан, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерден кезекте тұрғандарды орналастырамыз.

– Ауыз су барлық ауылда бар ма?

- "Магистралдық су құбыры" ЖШС" "Қиғаш " бас су сору станциясы Атырау және Маңғыстау облыстарын "Астрахан-Маңғышлақ"су құбыры арқылы ауыз сумен қамтамасыз етеді. Мамандардың айтуынша, кеңес заманында салынған мекеменің құбырлары, су бұрғыштары, сүзгі қондырғылары айтарлықтай ескірген және күрделі жөндеуді қажет етеді. Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету - жергілікті атқарушы орган үшін басым міндет. Қазіргі уақытта ауданда 24 су тазарту қондырғысы бар. Бес ауылдық округ "Астрахан-Маңғышлақ" магистралдық су құбырына қосылған. Сонымен қатар, 12 су тазарту қондырғысын қайта құруға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге ақша сұралды.

- Аудан жылыту маусымына дайын ба?

– Барлық әлеуметтік нысандар, бюджеттік ұйымдар, тұрғын үйлер жылумен үздіксіз қамтамасыз етілген. Сондықтан аудан жылыту маусымына дайын деп толық сеніммен айта аламын.

ДӘРІГЕР ТАПШЫЛЫҒЫ ШЕШІЛУДЕ

- Ақ халаттылар жеткілікті ме?

- Биыл дәрігерлердің тапшылығын жою үшін ауданға 10 маман келді.

– "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында ағымдағы жылдың соңына дейін Азғыр, Батырбек, Жалғызапан, Қоңыртерек, Афанасьев, Жасталап ауылдарындағы медициналық пункттерді және Арна, Кудряшов ауылдарындағы фельдшерлік-акушерлік пункттерді пайдалануға беру жоспарланған болатын. Бұл жасалды ма?

- Иә, жергілікті штат кестесінде қарастырылған мамандар бар және олар бүгінде өз жұмыстарын тиісті деңгейде атқарып отыр.

- Құрманғазылықтар көрші Ресейге емделуге жиі баратыны көп айтылады. Бұл жергілікті дәрігерлерге сенбегендіктен бе?

- Қазір бізде тар шеңберлі мамандар жетіспейді. Ал, Астрахан қаласы аудан территориясына өте жақын орналасқан.

МӘДЕНИ ДЕМАЛЫС

- Облыс орталығынан ең алыс орналасқан ауданның мәдени өмірі қалай өтіп жатыр?

- Қазір Бөкейхан, Көптоғай, Бірлік ауылдарында 300 орынды, Ғ.Әліпов және Асан ауылдарында 100 орындық мәдениет үйлерінің құрылысы жүргізілуде. Келесі жылы Азғыр қаласында 100 және Кудряшов пен Теңізде 126 орындық нысан құрылысы жоспарлануда.

- Сізге аудан басшысы ретінде тұрғындардың өмірін жақсарту үшін көптеген маңызды міндеттерді шешуге тура келеді. Осы орайда, кітап оқуға уақытыңыз бола ма?

- Мен үнемі халықпен тікелей байланыста болуым керек. Сондықтан жұмыс уақытында кітап оқуға уақыт жоқ. Өзім көбінесе жергілікті жазушылардың еңбектерін қатты бағалаймын. Қалай десек те, киелі күй елі саналатын Құрманғазы ауданы айтулы ақын-жазушыларды дүниеге әкелген қасиетті қарашаңырақ болып қала беретіні анық.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен: Әділет ҚАНАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT