17-ақпан күні Атырау облысы полиция департаментімен бірлесе «Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» жиын өтті.
Жиынға жиналған қатысушылар спикерлерге тақырыпқа қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді. Соның бірі халық арасында қала аумағындағы ең қауіпті саналатын орын Вокзал маңы ықшам ауданындағы қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылықтардың орын алуы туралы болды. Бұл жерде бірнеше оқу орындары тығыз орналасқандықтан, жастарға қауіпті әрі жасөспірімдердің жаман әдеттерге оңай бой алдырып кету қаупі де жоғары. Қатысушылар мұндай аймақта уақытымен кезекшілік қойылып, қауіпсіздікті күшейтуді ұсынды.
«Бұл мәселе біздің қарауымызда, жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тәртіп бұзған адам 16 жасқа толмаған болса, ата-анасымен байланысамыз. Апта сайын шара облыстық және қала көлемінде өткізіледі. Егер жастардың жаман әдетпен айналысып жатқанына куә болсаңыздар, дереу 102-ге хабарласыңыз. Дегенмен де, бұндай ұсыныстарыңызды біз қабылдаймыз» деді жергілікті полиция қызметі басқармасы басшының міндетін атқарушы Абзал Алипкалиев.
Бұдан бөлек жиында сөз сөйлеген Жастар мәслихатының депутаты Сәбитов Әділет аудандағы ауылдарда қылмыстық істердің өршіп тұрғаны туралы ойындағы алаңын айтты. Ауылдардағы бұндай құқық бұзушылықтың азаюы үшін, салдары емес, себебін жоюға жұмыстардың әлі де жүйелі жасалмайтынын жеткізіп, баяндамашыға өз ұсынысын айтты.
Сондай-ақ шарада «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің» 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары негізінде іске асқан көптеген жұмыстар туралы сөз қозғалды. Жастар мен жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында Атырау облысы полиция департаменті профилактикалық жұмыс барысында өткен жылы барлығы 875 шара өткізді. Есірткі сайттарын жарнамалайтын 100-ден астам граффити жазбалары анықталып, қала аумағындағы QR-кодтар да тексерілуде, 2024 жылы «Кибер-қадағалау» бағдарламасы арқылы заңсыз контенті бар ескі жарнамалайтын 270 сайт анықталып, ІІМ-не бұғаттауға жолданды.