Қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесі жоғарыласа, тауар мен қызмет бағасының қымбаттайтыны, яғни тұтынушының сатып алу мүмкіндігінің азаятыны – халықты алаңдататын басты мәселе екені анық. Алайда біз қатал нарықтың нәзік бір тұсын естен шығарғандаймыз. Қоғамдағы алаңдаушылықты «Tax Incidence Theory» (Салық ауыртпалығының бөлінісі) тұжырымдамасы негізінде пайымдасақ, түсінуге болады. Яғни мемлекет салықты кәсіпкерлерге жүктейді, бірақ жүкті тұтынушы көтереді. Сөйтсе де осы үдерістердің халықтың өзіне пайдалы жағы бар.
«Пигу салығы» (Pigovian Tax) деген атаумен танымал салық түрі бар, белгілі бір экономикалық әрекеттерден қоғамға келетін кері әсерлерді азайту мақсатында салынады. Аталған тұжырымдаманы британдық экономист Артур Пигу енгізген. Мысалы, экологиялық зиян келтіретін өндірістер немесе халықтың артық тұтынуы экономикалық тиімсіздікке алып келуі мүмкін. Мұндай жағдайларда үкімет Пигу салығын енгізу арқылы тұтынушылар мен өндірушілердің мінез-құлқын өзгертуге тырысады.
Осындай мәнде алып қарасақ, ҚҚС Пигу салығына ұқсас. ҚҚС-ның өсуі кейбір артық немесе зиянды тұтынуды шектеуі мүмкін. Яғни мөлшерлеме жоғары болса, халық қымбат әрі қажетсіз тауарларды азырақ сатып алады. Қымбат автокөліктер, сәнді тауарлар немесе зиянды өнімдер (алкоголь, темекі, газдалған сусындар) қымбаттайды. Бұл өзгеріс экономиканың тұрақтануына, үнемшілдікке және тұтынушылардың саналы шешім қабылдауына ықпал етеді. Ал біздің «Баға қымбаттайды, енді қалай өмір сүреміз?» деп алаңдауымызға негіз жоқ деген экономист Сапарбай Жобаев өз ұстанымының нық екендігін жеткізді.
– ҚҚС мөлшерлемесі көбейген жағдайда, баға өседі деген алаң бар. Алайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін ойлап бас қатырмаса да, болады. Себебі олар ҚҚС-дан босатылған. ҚҚС негізінен қымбат тауарларға – көлік, тұрмыстық техника, электроника сияқты өнімдерге әсер етеді. Демек, бағаның өскенін қарапайым халықтан гөрі қымбат тауарларды тұтынатын ауқатты адамдар көбірек сезінуі мүмкін. Сонымен қатар кейбір олигархтар бұл өзгеріске қарсы шығып, оны шағын кәсіпорындарға ауыртпалық түсіреді деп көрсеткісі келеді. Алайда шын мәнінде, бұл өзгеріс негізінен ірі және орта кәсіпорындарға бағытталған, ал шағын кәсіпкерлердің басым бөлігі ҚҚС төлеуден босатылады. Сондықтан жаңа шектеу кәсіпкерлік қызметті әділ жүргізуге ынталандырады және бюджет кірісін арттыруға көмектеседі. Сондықтан олигархтардың «баға қымбаттайды» деген уәжі қисынсыз. Олар бұл арқылы өз табыстарын қорғап қалуды көздейді, – дейді.
Яғни әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері мен шағын кәсіпкерлер ҚҚС-дан босатылғандықтан, қарапайым тұтынушыларға тікелей әсері шектеулі болады. Елімізде қосылған құн салығы басқа елдерге қарағанда айтарлықтай төмен. Мысалы, Еуропа мемлекеттерінде ҚҚС мөлшері орта есеппен 20-25 пайызды құрайды, ал бізге жақын Мажарстанда бұл көрсеткіш одан да жоғары. Әсіресе, бұрынғы социалистік мемлекеттерде ҚҚС деңгейі жоғары болып белгіленген. Себебі бұл салықты айналып өту қиын, ал мемлекет үшін – тұрақты кіріс көзі.
– Бізде белгілі бір тауарлар мен қызметтерге ҚҚС-ның жеңілдіктері қарастырылған. Мысалы, ауыл шаруашылығы өнімдеріне және әлеуметтік маңызы бар тауарларға ҚҚС салынбайды. Егер мемлекет осы жеңілдіктерді сақтай отырып, ҚҚС мөлшерін арттырса, бюджет кірісі едәуір өсер еді. Қазіргі таңда ел бюджетінің кірісі төмендеп барады. 2024 жылы мемлекеттік бюджетке 15-16 трлн теңге салық түсуге тиіс еді, алайда нақты көрсеткіш небәрі 11,5-12 трлн теңгені құрады. ҚҚС-ның бюджет кірісіндегі маңызы зор. Себебі бұл салықтан жалтару мүмкін емес. Егер экспортталатын шикізатқа ҚҚС есептелсе, ол кейін қайтарылады, бірақ ішкі нарықтағы айналымда бұл салық толық төленуге тиіс. Бюджет кірісін арттырудың тағы бір тетігі – корпоративтік табыс салығы. Бұл салық кәсіпорындардың пайдасынан алынады. Алайда компаниялар жалақы мен шығындарды көбейту арқылы салық салынатын таза пайда көлемін азайта алады. Әсіресе, квазимемлекеттік компаниялар осы тәсілді жиі қолданады. Ал ҚҚС-дан жалтару мүмкін емес, себебі ол тауар бағасына қосылып, тұтынушы төлейді, ал компаниялар оны бюджетке аударуға міндетті, – дейді С.Жобаев.
Мұндағы маңызы бар үшінші ірі салық – жеке табыс салығы. 2019 жылы Президент жоғары табыс табатын азаматтарға салықты прогрессивті шкала бойынша арттыруды ұсынды. Қазірде бұл салық 10 пайыз деңгейінде, бірақ оны 15-20 пайызға көтеру жоспарланған болатын. Алайда олигархтар бұл өзгеріске қарсылық танытып, кейінгі 5,5 жыл ішінде бұл реформаны жүзеге асырмай келеді. Қазірде ҚҚС төлеуден жалтарудың тағы бір әдісі – орта кәсіпорындардың айналымын жасанды түрде бөлшектеу.
– Бұрын ҚҚС төлеуші ретінде тіркелу үшін кәсіпорынның жылдық айналымы 78 млн теңгеден асуы керек болса, енді бұл шек 15 млн теңгеге дейін төмендетілмек. Бұл өзгеріс орта кәсіпорындарға салықтан жалтаруға мүмкіндік бермеу үшін енгізіледі. Бұрын жылдық айналымы 200 млн теңге болатын кәсіпорын ҚҚС төлемеу үшін айналымын бірнеше шағын компанияға бөліп, әрқайсысын 78 млн теңгеден төмен ұстап отыра алатын. Ал 15 млн теңгелік жаңа шектеу бұл әдісті тиімсіз етеді. Себебі кәсіпорын айналымын 15 млн-нан аспайтын бірнеше бөлікке бөлсе, олардың әрқайсысы жеке есеп жүргізіп, бухгалтерлік қызметтерді жалдауға мәжбүр болады. Бұл өз кезегінде қосымша шығын тудырады, сондықтан кәсіпорындарға ҚҚС төлеу оңайырақ әрі тиімдірек болмақ, – дейді сарапшы.
Осы тұста «Кіші кәсіпорындар мен шағын кәсіпкерлер үшін бұл өзгеріс қалай әсер етеді?» деген сұрақ туады.
– Егер кәсіпкердің жылдық айналымы 15 млн теңгеден аспаса, ол бұрынғыдай ҚҚС төлеуден босатылады. Ал 15 млн теңгеден асқан жағдайда ол орта кәсіпорын санатына кіріп, ҚҚС төлеуге міндетті болады. 15 млн теңге дегеніміз – шамамен 30 мың доллар. Бұл қазіргі нарықта Астанадағы бір бөлмелі пәтердің құнына тең. Басқаша айтқанда, егер кәсіпкер бір жылда осындай табыс тапса, ол орта кәсіпорын ретінде салық төлеуге қабілетті деп есептеледі. Сондықтан мұндай кәсіпкерлердің салықтан босатылуы негізсіз болар еді, – дейді С.Жобаев.
Ал салық маманы Балжан Бақытқалиқызы қосылған құн салығындағы өзгерістер тұрғын үй нарығына және халықтың баспана алу мүмкіндігіне тікелей әсер етеді дейді.
– Қазіргі Салық кодексінің 396-бабына сәйкес, тұрғын үйлерді сату және жалға беру ҚҚС-тан босатылған. Яғни азаматтар тұрғын үй сатып алғанда қосымша салық төлемейді. Алайда жаңа Салық кодексінің жобасында бұл жеңілдік 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін ғана сақталады. 2025 жылдан бастап сатылатын немесе жалға берілетін барлық тұрғын үйлер ҚҚС-ға бағынуы мүмкін. Яғни 2025 жылға дейін салынып, пайдалануға берілген тұрғын үйлерге ҚҚС салынбайды, ал 2025 жылдан кейін салынатын барлық жаңа тұрғын үйлерге ҚҚС енгізіледі, – дейді ол.
Айтуынша, бұл баспана бағасының қымбаттауына әкелуі мүмкін, себебі құрылыс компаниялары мен сатушылар ҚҚС сомасын үй бағасына қосады. ҚҚС енгізілген жағдайда, тұрғын үйді ипотекаға рәсімдегенде де, салық сомасы несие мөлшеріне қосылады. Мұндай жағдайда келесі өзгерістер болуы мүмкін: жаңа үйлердің бағасы өседі, себебі құрылысшылар ҚҚС-ны сатып алушыларға аударады, ипотекаға жүгінетін азаматтар ҚҚС-ны да несие арқылы төлеуге мәжбүр болады, яғни қарыз мөлшері артады, жас отбасылар мен баспанаға мұқтаж азаматтарға үй алу мүмкіндігі қиындайды, баспана бағасының өсуі инфляцияны одан әрі арттыруы мүмкін.
7 ақпанда Президенттің кәсіпкерлермен кездесуінде «BI Group» басшысы Айдын Рахымбаев осы мәселені көтерді. Ол ҚҚС мөлшерлемесін тұрғын үй санатына қарай саралау қажет екенін айтты. Яғни эконом-санаттағы баспаналар үшін ҚҚС мөлшерлемесін төмендетіп, бизнес және элиталық санаттағы тұрғын үйлер үшін жоғары мөлшерлеме белгілеу ұсынылды. Бұл ұсыныс әлеуметтік теңсіздікті азайтып, қарапайым халықтың үй алу мүмкіндігін сақтау үшін маңызды. Егер бұл өзгеріс қабылданса, арзан баспана қолжетімді болып қала береді, ал қымбат жылжымайтын мүлікке салынатын салық жоғарылайды.
Жаңа Салық кодексіндегі бұл өзгерістер халықтың баспанаға қолжетімділігіне айтарлықтай ықпал етеді. Сондықтан ҚҚС-ты саралап енгізу механизмі қарастырылуы қажет. Бюджет тапшылығын тұрғын үй нарығына салынатын жаңа салық арқылы жабу халықтың баспана алу мүмкіндігін одан әрі қиындатуы мүмкін.