Д.Сәдуақасовтың айтуынша, ҚҚС мөлшерлемесін 16%-ға дейін көтерген дұрыс. Бірден 20%-ға дейін көтеру туралы бастапқы идея экономикалық дағдарысқа әкелуі мүмкін.
«Мұндай күрт өсім көлеңкелі экономиканың ұлғаюына, бизнестің қолма-қол ақшаға көшуіне және жалпы салықтық түсімдердің төмендеуіне себеп болуы ықтимал. Сондықтан ҚҚС мөлшерлемесін біртіндеп көтеру – ең оңтайлы шешім.
Экономиканың бұл өзгеріске қалай жауап беретінін бірнеше жыл бақылау қажет. Содан кейін ғана салық мөлшерлемесін одан әрі көтеру туралы шешім қабылдауға болады», деді ол.
Оның пікірінше, үш деңгейлі салық жүйесі (16%, 10%, 0%) және кейбір салаларды салықтан босату – қолдануға болатын модель. Дегенмен, бұл жүйенің тиімділігі жеңілдіктерге қай салалардың енетініне байланысты болмақ.
«Қазір көптеген салық жеңілдіктері алынып тасталды, бірақ оның орнына жаңа түрлері енгізіліп жатыр. Мұндай сараланған салық жүйесі Мемлекеттік кірістер комитетінің жұмысын қиындатуы мүмкін, себебі салықтық есеп жүргізуді күрделене түседі. Алайда үш түрлі мөлшерлемені басқаруға болады. Тіпті кейбір бағыттарға 5% мөлшерлемесін қосу да орынды болар еді. 0% және 10% мөлшерлемесі қандай салаларға берілетіні маңызды болып отыр. Ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі міндетті түрде осы жеңілдетілген салық жүйесіне кіруі тиіс. Сондай-ақ фармацевтика, мектеп оқулықтары және жеңіл өнеркәсіп салаларын қарастыру қажет. Креативті индустрия, кино және IT салалары да назардан тыс қалмауы тиіс. Соңғысы Astana Hub аясында салықтық жеңілдіктер алып үлгерді. Жалпы алғанда, бұл тәсілмен келісемін», деді сарапшы.
Бұған қоса ол ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі инфляцияға қалай әсер ететініне де тоқталды. Оның айтуынша, ҚҚС мөлшерлемесін арттыру инфляцияға қысқа мерзімді әсер етуі мүмкін, бірақ бұл уақытша жағдай.
«Иә, инфляция өседі. Вице-министр С.Жұманғарин 3% деңгейінде болуы мүмкін екенін айтты, бұл – шынайы болжам. Бірақ салық реформасынан туындайтын бағаның өсуі ұзаққа созылмайды. Инфляцияға сыртқы факторлар көбірек әсер етеді. Мысалы, рубльдің, мұнай бағасының немесе макроэкономикалық жағдайдың өзгеруі. Егер теңге құнсызданса, импорттық тауарлар қымбаттап, инфляция өседі. Бірақ бұл факторлар салық саясатына тікелей байланысты емес», деді Д.Сәдуақасов.
Сондай-ақ, сарапшы ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі халыққа қалай әсер ететіні туралы да айтты.
«Егер тамақ өнеркәсібі үшін ҚҚС мөлшерлемесі 0% болса, онда азық-түлік бағасына оң әсер етеді. Бірақ елдегі жалпы экономикалық жағдайды макроэкономикалық үдерістер анықтайды. Еліміздің экономикасы шикізаттық секторға, әсіресе мұнай бағасына тәуелді. Қазіргі уақытта күллі әлем АҚШ-тағы жағдайды бақылап отыр. Мәселен, Дональд Трамптың бастамалары нарықта айтарлықтай өзгерістерге әкелуі мүмкін. Негізгі экономикалық өзгерістерді биылғы екінші және үшінші тоқсанында көреміз», деп түйіндеді сарапшы Дәрмен Сәдуақасов.