Қос ықшам аудан қоқыстан тазарды

Қос ықшам аудан қоқыстан тазарды
(0 Votes)

Ауданымызда бұрын-соңды болмаған ерекше форматтағы экологиялық акция өтті. Күнделікті өмірде сирек кездесетін бұл шараның атауы – плоггинг. Бұл – швед халқынан бастау алған, бүгінде әлемге танымал марафон. Мұнда адамдар жүгіріп жүріп қоқыс жинайды. Денсаулыққа пайдалы әрі табиғатты таза ұстауға үндейтін шара бүгінде бізге де жетті.

Аудан орталығындағы Мешіт ықшам ауданынан бастау алған плоггинг Береке ықшам ауданына дейін жалғасып, екі ықшам аудан арасындағы аумақ қоқыстан тазартылды. Қатысушылар әдеттегі жүгіру марафонындағындай реттік нөмірлерін тағып, қолдарына арнайы қоқыс қаптарын алды. Көше бойымен жүгіріп келе жатып, айналасында жатқан қалдықтарды жинады. Игілікті іске 100-ге жуық тұрғын қатысты. Жастайынан спортпен шұғылданатын оқушылардан бастап, егде жастағы ардагер азаматтарға дейін белсенділік танытты. Көңілді әрі қызықты шараға келгендердің бәрінің жүзі бал-бұл жанып тұрды. Өйткені бұл бір жағынан серуен, екінші жағынан саналы жауапкершілік, үшіншіден, экологияға қосылған үлес еді.

     Шара «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында, «Қабілет» қоғамдық қоры мен «Талаптан Жылыой» жобасының ұйымдастыруымен өтті. Жобаның жетекшісі, қоғамдық белсенді Алтынгүл Атабаева плоггингтің мәні мен мақсаты туралы ой өрбітіп: 

     – Бұл шара Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Жылыой жастарын әлеуметтендіру» жобасы аясында ұйымдастырылды. Басты мақсат – 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, оларды белсенді өмірге шақыру. Біз жастардың салауатты өмір салтын ұстануын, ортақ іске араласуын қалаймыз. Иә, плоггинг өңірде алғашқы рет өтіп тұр. Алда мәдени жобалар, тренингтер мен кездесулер жоспарымызда бар. Жыл соңына дейін тағы да қызықты шаралар күтіп тұр,-дейді өз сөзінде.

    Ал ерекше жарыста көпке үлгі болып,  жастардан қалмай қоқыс жинаған 63 жастағы Болат Мусиев мұндай марафондарға алдымен, жастарға үлгі болу үшін қатысатынын айтады.

    – Қоқыс көп, оны жинау керек. Мен еріккеннен жүгірмеймін. Жастарға үлгі болайын, маған қарап сабақ алсын деп жүгіремін. Бұған дейін де талай жүгіру жарыстарына қатысып жүрмін. Ұл-қыздарым бар, немерелерім бар. Оларға да жиі денсаулыққа аса мән беру керектігін айтып отырамын. Мынау бір жақсы шара ғой. Бір жағынан жүгіресің, бір жағынан қоқыс жинап, сауапты іске кенелесің. Үшіншіден орта табасың. Мойындау керек, қазір жастардың біразы толықсып кеткен. Бұл да бір ойланатын жағдай. Спортпен шұғылдансын, ерік-жігерін арттырсын. Артымыздан ерген ұрпақтың дені сау болсын десек, осындай шаралар жиі өтуі тиіс,-дейді ол. Оның айтуынша, жол бойынан көтеріп әкелген пластик бөтелкелер мен бос құтылар қапқа лық толыпты. Бұл – тек санаулы сағат ішінде жиналған қоқыс. Әр адамның «кішкене ғана зат қой” деп тастай салған бөтелкесі табиғатқа ауыр салмақ екенін осындай шаралар тағы бір еске салады. 

      Ал шараға қатысушылардың бірі – Қуаныш Шалабаев бұл бастаманың өңір үшін үлкен мәдени серпіліс екенін атап өтті:

    – Мұндай іс-шаралар жуырда ғана Атырау қаласында өткенін әлеуметтік желіден көрген едік. Құлсарыға да жеткеніне қуаныштымыз. Бұл жай ғана қоқыс жинау емес, тазалық пен салауатты өмір салтын насихаттау. Қалада жүгіру мәдениеті, табиғатты құрметтеу мәдениеті қалыптасуы керек. Сол үшін осындай шаралар көп болғай, – деді ол. 

       Плоггинг нәтижесінде 100 келіге жуық тұрмыстық қалдық жиналды. Бұл бір сәттік серуеннің нәтижесі емес, саналы ұрпақтың сан қадамымен өлшенген ізгі еңбек. Табиғатты қорғау әркімнің қолынан келетін іс. Ол үшін арнайы диплом да, атақ та керек емес – тек жүрекпен сезініп, қолмен істеу керек. Бұл ретте ауданның қос ықшам ауданы қоқыстан тазарып қалды.

Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT