Қолтаңбасы әсем әрлеуші

Қолтаңбасы әсем әрлеуші
(0 Votes)

Әрлеуші – аса жауапкершілікті талап ететін кәсіп. Құрылысшылар мен әрлеушілердің біліктілігі мен кәсіпқойлығының арқасында жаңа ғимараттар, мектептер, ауруханалар мен көп қабатты тұрғын үйлер сән-салтанатымен көз тартады. 

Олардың қолтаңбасы кез келген құрылыс нысанының ажарын ашып, көркін келтіреді. Осындай жауапты әрі күрделі жұмысты атқарып жүрген еңбек адамдарының ішінде белі қайысып, орамалы желбіреп, нәзік қолдарымен талай құрылысты атқарған нәзікжандар да бар. Солардың бірі – Тұщықұдық ауылының тумасы, үш баланың анасы, әрлеуші Болған Есенғалиева туралы сөз етпекпіз.  Кейіпкеріміз қосымша жұмысы ретінде осы салада  18 жылға жуық еңбек етіп келеді. Өмірлік жағдайға байланысты бірнеше жұмыстың басын қосып, ұршықша иіріп жүр.

Көптің таңданысына айналған кейіпкеріміз бұл жұмыстың ер немесе әйел деп бөлінбейтінін жеткізсе, нағыз еңбексүйгіш, шыншыл, қайсар жанның ғана қолынан келетіндігін бізбен болған әңгімесінде аңғартқандай.

Болғанның еңбек жолы жеңіл болмады. Бастапқыда күйеуімен бірге құрылысқа араласты. Бұл салада арнайы білімі де, тәжірибесі де жоқ еді. Бірақ қайсарлығы мен еңбекке деген ынтасы оны тоқтатқан жоқ. Ақылы курстарға баруға мүмкіндік болмады, сондықтан бар білгенін өзі ізденіп үйренді. YouTube пен Instagram-дағы видеолардан құрылыс жұмыстарының қыр-сырын меңгерді. Уақыт өте келе, гипс сылау, қабырға тегістеу, сырлау сияқты жұмыстарды жетік білетін маманға айналды. Бүгінде ол Тұщықұдық ауылындағы Ж.Мырзағалиев атындағы мектепте қазандық операторы және мектеп ауласында тал өсіру жұмысын істейді. Күндізгі осы екі жұмысын атқарса, ал кешке қарай қолына шпатель мен бояу алып, тапсырысқа кіріседі. Тіпті кейде құрылыс алаңында түнімен жұмыс істеп, таңды атыруына тура келеді. Қолының ұйып, денесінің қажып кететін сәттері де аз емес. Бірақ Болған ешқашан берілген емес.

Бұл салаға әйелдердің араласуы көпшілік үшін таңсық. Құрылыс алаңына келгенде Болғанға таңырқай қарағандар аз болмады. Қасындағы ер адамдар да алғашында сенімсіздік танытты. Бірақ ол өз ісіне мұқият, жауапкершілікпен қарауының арқасында кез келген шаруаны тиянақты атқарды. Уақыт өте келе, тапсырыс берушілер арасында да, әріптестері арасында да өз беделін қалыптастырды.

Кейде шаршап, жылағысы келетін сәттері де болғанын жасырмады. Бірақ еңбекке деген құрметі оны әрдайым алға жетеледі. Ол адал еңбектің маңызын өз өмірімен көрсетіп қана қоймай, балаларын да соған баулып келеді. Демалыс күндері оларды қасына ертіп, құрылыс жұмыстарына көмектесуге үйретеді. Осылайша, еңбек ету – тек ақша табу емес, өмір сүру дағдысы екенін ұқтырады.

Өз ісін хоббиіне айналдырған кейіпкеріміз бұл жұмысын үйренемін деген ниеттенушілерге үйретуге қарсы еместігін де тілге тиек етті.  Әрлеуші Болған   Аққыстау ауылындағы 60 пәтерлі көп қабатты үй мен жеке ғимараттардың ішінің көбін бір өзі әрлеген. Сонымен қатар жеке тұрғын үйлердің дизайнын келтіріп, әрлеуіне үлес қосқан.

-Нысанды бітіріп тапсырғандағы сезім өзгеше. Сол біткен объектіні көргенде барлығына мақтанышпен қарап, көкірегіме «мен бұл жерде істегенмін» деген  ерекше сезім ұялайды. Құрылыста жұмыс істеу оңай емес, расында, кейде отбасыма, балаларыма көңіл аз бөлініп қалады. Дегенмен сол балаларымның болашағы жарқын болуы үшін, ешкімнен кем болмауы үшін жұмыс істеп жүрміз. Ақшасы жақсы болғанымен, денсаулыққа келер зияны да аз емес. Қоспаны араластырғанда шаң-тозаң мұрнымызға кіріп, ауамен өкпеге барады. Бұл да химиялық заттар ғой. Өкпеміз толып, жөтеліп қаламыз. Сонда да жұмыстан қашпаймыз, «Әйел – қырық шырақты» деп бекер айтпайды ғой. Әйтеуір, осы талмай еңбектенуіміздің нәтижесінде жақсы табыс тауып, бүгінгі күні екі баламды ел қатарлы ақылы түрде жоғары оқу орнында оқытып отырмыз. Кейде бір айлыққа қарап, несиеге батып, қиналғанша, ауыр да болса осы құрылыс саласы дұрыс па деп ойлаймын,-деген ол осы тынымсыз еңбегінің арқасында студент балаларына қаланың ортасынан баспана да алып берген кейіпкер.

«Еңбек бәрін жеңбек» деген осы болса керек. Қарапайым ғана отбасының шаңырақ ұйытқысы бола отыра, ақ адал маңдай терімен түрлі ауыр жұмыс жасауда мойымай бейнеті мен зейнетін де көріп жүрген кейіпкерімізді көпке үлгі етуге болары сөзсіз.

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT