Биылғы жылдың «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялануы – ел дамуының нақты тіректерінің бірі саналатын еңбек адамына деген құрметтің белгісі. Өйткені кез келген қоғамның іргетасын қаласатын да, күн сайынғы тіршіліктің тынысын ашатын да – жұмысшы мамандық иелері.
Бүгінде жастар арасында жұмысшы мамандықтарына қызығушылық азайып бара жатқаны жасырын емес. Барлығы жоғары оқу орнына түсуге ұмтылады, бірақ қоғамда бәріне бірдей кеңсе керек емес. Біреудің қолы, біреудің тері – күнделікті өмірдің өзегі. Міне, сондықтан да бұл жыл – тек атаулы шара емес, тәрбие мен танымды жаңғыртатын, сананы сілкіндіретін маңызды бастама.
Электрик, слесарь, құрылысшы, жүргізуші, дәнекерлеуші, мал дәрігері, механик, аспаз сынды мамандық иелері – ел экономикасының қозғаушы күші. Оларсыз ауыл да, қала да дами алмайды. Жол салынса – жұмысшы, үй тұрғызылса – жұмысшы, жарық берілсе – жұмысшы. Біз кейде осы қарапайым, бірақ қасиетті еңбекті елеусіз қалдырып жатамыз.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген аталар сөзі – дәл осы мамандықтарға арналғандай. Тіпті дамыған мемлекеттердің өзін мысалға алсақ, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты елдерде техникалық және кәсіптік мамандық иелеріне деген сұраныс та, құрмет те өте жоғары.
Ендігі міндет – жастарды осы бағытқа жұмылдыру. Мектеп қабырғасынан бастап әр балаға өз дарыны мен қызығушылығына сай бағыт беру, кәсіптік білім беретін оқу орындарының беделін көтеру, білікті ұстаздар дайындау – бәрі бір-бірімен тығыз байланысты.
«Жұмысшы мамандығы – жалақысы аз, таңдауы жоқтардың жолы» деген теріс түсінікті өзгертуіміз қажет. Бұл – тек қоғам емес, ата-ана мен ұстаздың да міндеті. Қарапайым жұмысшыдан елге танылған азаматтар шыққанын, адал еңбекпен отбасын асырап, абырой тапқан жандардың бар екенін көбірек насихаттау қажет.
2025 жыл – бір саланың емес, тұтас еңбек адамының жылы. Сондықтан бұл жыл – санаға сілкініс, жастарға бағыт, жұмысшыға лайықты мәртебе беретін жыл болуы тиіс. Еңбек адамына тағзым – елге құрмет!
Бекзада МЕҢДЕКЕНОВА,
Педагогика ғылымдарының магистрі,
Исатай ауданы білім бөлімінің “Барыс” балалар - жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары