АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк 2024 жылғы төлем балансының көрсеткіштерін жариялады. Елдің халықаралық алыс-берісіндегі түсімдер мен төлемдердің теңгерім тапшылығы 3,7 млрд доллар болған. 2023 жылы бұл көрсеткіш 9,5 млрд доллар еді.
- 2024 жылғы қорытынды бойынша ағымдағы операциялар шоты дефицит болып 3,7 млрд АҚШ долларына тең болды (2023 жылы ағымдағы шоттың тапшылығы 9,5 млрд АҚШ доллары болған). Сауда балансының оң сальдосы 18,9 млрд доллар болып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,8% қысқарды. Тауар экспорты 0,2% төмендеп, 80,1 млрд доллар болған. Тауар импорты 1,3% жоғарылап, 61,2 млрд долларын тең болды, - деп жазылған ресми мәліметте.
Мұны қарапайым тілмен айтсақ, елдің сыртқы саудасына және ақша айналымында жұмсалған ақша мен түскен ақшаның айырмасы бір жылдың ішінде 9,5 миллиард доллардан 3,7 миллиард долларға дейін қысқарды деген сөз. Яғни, Қазақстан шетелге азырақ ақша шығарып, ішке көбірек ақша кіргізген.
Бұл шетелден қарыз алу қажеттілігін бәсеңдетеді. Өйткені төлем балансындағы операциялар шотының тапшылығы үлкен болса, оны жабу үшін Үкімет сырттан көбірек қарыз алуға мәжбүр болады. Сондай-ақ бұл фактор теңгенің тұрақтылығына да әсер ететін көрсеткіш болып есептеледі. Өйткені ішке сырттан шетел ақшасы көбірек түссе, оны айырбастау үшін теңгеге сұраныс артады. Қазақстан жағдайында бұл теңгенің бағамын нығайтып жібермесе де, қандай да бір қысым артып жатса, күрт құлдырауын баяулатады. Сырттан түскен ақша көбейсе, мемлекет жинайтын салық та көбейді деген сөз. Төлем балансындағы ауытқулар инвесторлар үшін де айқын сигнал болып есептеледі.
Төлем балансы жақсарған елдің экономикасы орнықты бола түсті деп есептеледі. Ондай елге инвесторлар ақша салудан қорықпайды. Бір сөзбен айтқанда, Ұлттық банктің мәліметіне сүйеніп, елдің ақшалай кірісі мен шығысы біртіндеп теңесіп келеді деп топшылауға болады.
Бұған дейін Ұлттық банк Қазақстан экономикасы 3 айда 5,8% өсім көрсеткенін мәлім еткен болатын.