Қазақстанда жоқ өнімді атыраулық оқушы жасап шығарды

(0 Votes)

Пластикалық пакеттерді алмастыра алатын жаңа экоөнім – биопластикті Абай орталығындағы JasSpace кеңістігінің оқушысы Дария Бегалиева жасап шығарды, деп хабарлайды AtyrauPress. 

Атырау облысындағы ең ірі STEAM білім беру орталығы – JasSpace кеңістігінің "Химия" курсында білім алған ол бұл жобаны жасауға екі ай уақытын жұмсаған. Бұл туралы біз STEAM білім беру орталығының өкілі Баян Жанұзақовадан білдік.

"Биопластиктің табиғатқа зияны аз. Оны жасауға су, глицерин, картоп крахмалын және сірке суын қолдандым. Қазір қарап отырсаңыз, азық-түлік дүкендері, гипермаркеттерде пластикалық пакеттегі заттар көп. Пластикалық пакеттерден түрлі улы заттар бөлінеді. Біз қазір нанның өзін пластикалық пакетке ойланбай орап жүрміз. Ал, мен дайындаған биопластикті екінші мәрте қолдануға да болады" дейді Дария Бегалиева.

Жас ғалымның айтуынша, биопластикті қолданысқа енгізу қоршаған ортаға тасталатын зиянды қалдықтарды азайтумен бірге, агросекторды да дамытады. Себебі, ол ауылшаруашылық дақылдары мен өнімдерінен жасалады.

Рас, соңғы кездері тағамды қағаз қораппен орау үрдісі қалыптасты. Бірақ, қағаздан пакет жасау үшін бірнеше мыңдаған ағаш кесілетінін ескерсек, биопластик – табиғат қорғаудағы оңды шешім.

Жас ғалымның туындысын ғалымдар жоғары бағалады. Жақында Дарияның Тіпті, жоба "JasSpace Project Challenge-2023" робототехника және STEAM жобалар байқауында бірінші орынды жеңіп алды. Енді республикалық конкурсқа қатысады.

"Биопластик Қазақстанда өндірілмейді. Жобаны әрі қарай дамытып, патенттеу жоспарда бар. Алға қарай мұны жергілікті полимер зауытына ұсына аламыз" дейді жас ғалмының жетекшісі Әсел Оңдашева.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521