Үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев елімізде жол инфрақұрылымын басқаруды жаңғырту үшін негіз болатын «E-Joldar» бірыңғай цифрлық платформасы енгізілетінін айтты. Платформа қолданыстағы цифрлық жүйелерді біріктіреді және барлық автомобиль жолдары – халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық жолдар туралы ақпаратты жинау және есепке алу үдерістерін автоматтандыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Платформаның негізгі қызметінің бірі жол саласын дамытуда ашықтықты қамтамасыз ету, сондай-ақ жол активтерін сенімді бақылау және тиімді басқару. Сонымен қатар «E-Joldar» автожол пайдаланушылары, жергілікті өзін-өзі басқару органдары және жол активтерін басқаруға жауапты мамандар арасында тығыз байланыс орнатуға жағдай жасайды.
Министрдің айтуынша, платформаны 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында енгізу жоспарланған, бұл жол қызметтерінің сапасын едәуір арттыруға және инфрақұрылыммен байланысты мәселелерді шешуді жеделдетуге мүмкіндік береді.