Қазақстанда этносаралық өшпенділік тілін жеңуге арналған этика кодексі

(0 Votes)

Өшпенділік тілі – нақты бір адамға емес, ортақ белгілері бар адамдар тобына қарата айтылған өшпенді ой-пікір, көзқарас, мәлімдеме. Ол сөз, кескін немесе басқа да контент түрінде болуы мүмкін. Өшпенділік тілі қандай да бір топтың дініне, ұлтына, азаматтығына, тұрғылықты жеріне, өзгеше көзқарасына және тағы басқа белгілеріне қатысты болады. Ең жиі кездесетіні – этникалық (ұлттық) белгілерге байланысты өшпенділік тілі.

Өшпенділікті, араздықты әртүрлі тәсілмен көрсетуге болады. Сондықтан да тұтастай бір ұлтты қорлайтын әзіл-қалжыңнан бастап, қырып-жоюға, өлтіруге шақыратын, үгіттейтін сөздерге дейін өшпенділік тіліне жатады.

Кез келген адам агрессор да, құрбан да болуы мүмкін. Өшпенділік тілі вирус секілді тез тарайды, жұғады. Онымен қоймай, өшпенділік тіліне өшпенділікпен жауап беріледі.

Өшпенділік тілінің соңы қантөгіспен аяқталуы мүмкін. Желіде сыйластықты, әдепті қалыптастырсақ, барынша мейірімді әрі өркенитетті қоғам құруға аз да болса үлес қоса аламыз.

Есіңізде болсын, сөз бостандығы – өте маңызды. Дегенмен ол абсолют ұғым емес және оның шегі бар. Өзгелердің өміріне, денсаулығына, құқығына қауіп төндірсе, сөз бостандығына шектеу қойылады.

Тұтас этникалық топ туралы сыртынан тон пішу дұрыс емес. Ренжіткен адамға тікелей жауап беруге, тіпті ұрсуға да болады. Бірақ сізді ренжіткен адамның ұлтына тиіспеңіз.

Не жазсаңыз да қайталап оқып, нақты нысаныңызға қарата айтып жатқаныңызға көз жеткізіңіз. Сіздің шамыңызға тиген бір ұлттың барлық өкілі емес, нақты адам(дар) немесе ұйым екенін ұмытпаңыз. Қыр көрсе- темін деп ренжіткен адамның ұлтынан шыққан басқа да адамдарға тіл тигізуге болмайды.

Ешқашан «олардың барлығына» қандай да бір күш көрсету керек деп айтпаңыз. «Барлығын елден қуып жіберу керек» демеңіз немесе басқалармен салыстырғанда құқықтарын шектеп, қысым жасауға үгіттемеңіз. Сонымен қатар зорлық-зомбылыққа және дискриминацияға тікелей үндеумен қатар, «өздері кінәлі», «өздеріне сол керек», «шаңыраққа қарап жүру керек еді» деп тұспалдап сөйлемеген жөн.

Бизнесте, үкіметте, шоу-бизнесте, қалада және тағы да басқа жерлерде нақты бір этнос өкілдері «қаптап кетті» деп айтпаңыз. Егер нақты бір мәселені, тіпті қауіпті көрсеңіз, онда дәл сол оқиға туралы жазыңыз, айтыңыз. Бірақ бірден ұлтын табалап, этносқа қатысты сөз қозғамаңыз.

Қандай да бір этностың кемшілігі немесе артықшылығы туралы жазбаңыз. Бес саусақ бірдей емес. Жеке адамға қатысты көзқарасыңызды тұтас ұлтқа таңуға болмайды.

Тұтас бір халық туралы «олар қылмыс жасауға бейім», «озбыр», «басқыншы» немесе «ата жауымыз» деп айтуға болмайды.

Әлдебір этносты «қоғамды бұзып отыр», «іштен ірітіп отыр», «қоғамның тұтастығын бұзып отыр» деп кінәламаңыз. Егер мәселе көтеретіндей жағдай болса, бірден тұтас этносқа қаһарыңызды төкпей, нақты жағдайға қатысты айтыңыз.

Қылмыстық кодексте алауыздықты қоздыру туралы бап бар екенін ұмытпаңыз. Этносаралық алауыздықты қоздыру да осыған кіреді. Әрине, кез келген өшпенділік тілі – қылмыстық құқықбұзушылық емес. Бірақ барлық жағдайда өшпенділік тілі біреудің шамына тиеді, қордалана берсе, ашу-ыза бұрқ етіп сыртқа шығады және соңы қақтығыспен аяқталады.

Өзгелердің ұлты туралы жазғанда, сөйлегенде сөздер мен сөз тіркестеріне абай болыңыз. Сөзіңіз этносты жақтырмайтыныңызды, оларды жек көретініңізді көрсетуі мүмкін, тіпті ондай этностың бар екенін жоққа шығаруы да ғажап емес. Жазғаныңызды балалар да оқуы мүмкін екенін естен шығармаңыз. Олардың санасында әлдебір этнос туралы әділетсіз, дәйексіз, өшпенді яки жағымсыз ой қалыптасып, оны өз ортасында таратуы мүмкін.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнің 174-бабы бойынша, «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сенімiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер, сол сияқты азаматтардың дiнге көзқарасы, тектiк-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсiлдiк қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айрықшалығын, артықшылығын не толыққанды еместігін насихаттау» жазаланады. Жаза – айыппұл, бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыру түрінде тағайындалуы мүмкін.

Жоғарыда аталған әрекеттер әлеуметтік желілерде жасалса да қылмыс болып саналады!

Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 453-бабында нәсiлдiк және ұлт араздығын қоздыруға бағытталған мәлiметтер мен материалдар қамтылған бұқаралық ақпарат құралдары өнiмiн тарату заңмен қудаланатыны көрсетілген. Егер әрекетте қылмыс белгілері болмаса, әкімшілік жаза тағайындалады.

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT