ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов бастаған халықтық штаб өңірдегі өндірістік ұжыммен АЭС салудың маңыздылығын талқылады.
Мамандардың есебі бойынша елімізге кемінде 4 жаңа АЭС қажет. Себебі, 2,4Гб тоқ көзі елдегі тапшылықты толық қамтымайды дейді.
- Біз осыған дейін энергияны күннен, желден, көмірден, биоқалдықтан алдық. Алдағы уақытта баламалы және жаңа энергияны алуды жалғастыратын боламыз. Бір АЭС салу арқылы энергия тапшылығы толық жойылмайды. Бұл тек 9% пайыз тапшылықты азайтады. Болашақта мүмкін болса 4 АЭС салу қажет болады. Ал 6-шы қазандағы референдумда тек 1 ғана АЭС салуға келісім алынады,- деді халықтық штаб өкілі Бекет Кенжеғұлов.
Сондай-ақ, мамандар қазір шетелден импортталатын электр күші болашақта азайып кетуі мүмкін екенін айтты.
- Қазір Оңтүстік өңірдегі энергия тапшылығы өте қатты байқалады. Халқы өте тығыз орналасқан және жыл сайын шет мемлекеттерден қандастарымыз келуде. Сондықтан берілген мүмкіндікті пайдаланып қалуымыз керек. Республикалық бюджетке, ұлттық қорға мұнайдың тұрақты бағасынан түсіп жатқан қаражатты тиімді пайдаланып қалуымыз қажет. Болашаққа, өскелең ұрпаққа пайдаға асатын дүние жасалуы керек,- деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов.