27-30 қаңтар аралығында облыстағы жол-көлік оқиғаларын алдын алу және салдарын азайту мақсатында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық акция өткізілді. Рейдтік іс-шара нәтижесінде 1529 құқықбұзушылық тіркеліп, 78 көлік арнайы тұраққа қойылды. Бұл туралы Атырау облыстық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы Айбек Алимов баспасөз брифингінде мәлім етті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
- Акция барысында жол қозғалысы қатысушыларына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, профилактикалық әңгімелер айтылды. Құқық бұзғандардың ішіндегі мас күйінде көлік айдағандар саны – 13, жүргізуші куәлігінсіз жүргендер – 50. 750-ге жуық жүргізушінің жылдамдықты шамадан тыс асырғаны анықталған. Қалғандары да түрлі жағдайда жолда жүру қағидасын сақтамаған, - деді А.Алимов.
Брифинг соңында спикер азаматтарды жол ережелерін қатаң сақтауға шақырды.