Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан келіссөздер қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді.
Мемлекет басшысы бүгін Премьер-министр Виктор Орбанмен стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге бағытталған нәтижелі келіссөз жүргізгенін айтты.
– Жан-жақты әрі тиімді ықпалдастықты нығайту халықтарымыздың мүддесіне сай келеді. Біз бүгін нақты әрі маңызды келісімдерге қол жеткіздік. Әсіресе екіжақты сауда-саттық көлемін ұлғайтуға және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға баса мән бердік. Осы орайда тауар түрін көбейтіп, жаңа мүмкіндіктерді пайдалану аса маңызды. Қазір еліміз Мажарстанға құны шамамен 700 миллион доллар болатын 95 түрлі тауар жеткізе алады. Энергетика, металлургия, мұнай-химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары бойынша өнім экспорттауға мүмкіндік бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент келіссөз барысында инвестициялық серіктестікті одан әрі жандандыру үшін ірі жобаларды бірлесіп жүзеге асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілгенін мәлімдеді.
– Өзара тиімді жобалар тізімі әзірленеді. Жалпы осы уақытқа дейін біраз шаруа атқарылды. Жыл соңына қарай Батыс Қазақстандағы «Рожковское» ірі газ конденсатты кен орны ашылады. Онда Мажарстанның «MOL» мұнай-газ компаниясының үлесі 192 миллион доллар болмақ. Сондай-ақ «Globalia» кәсіпорны еліміздің бірқатар аймағында күн энергиясы станцияларын салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны – 150 миллион доллар. Бұдан бөлек келесі аптада Астанада екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес-форум өтеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.