2025 жыл – елімізде Жұмысшы мамандық жылы деп жарияланғаны белгілі. Бұл шешім – маңыздылығы мен мәні терең бастама. Ол тек кәсіптік-техникалық саланы дамыту ғана емес, нағыз еңбек майданында жүрген қарапайым жұмысшыларға құрмет көрсету, қоғамның тұтқасын ұстап тұрған жандардың қадірін ұғыну. Ел ішіндегі елеусіз еңбекті бағалап, көзге көрінбей қызмет етіп жүрген жанкешті мамандардың атын атап, үлгі етіп көрсету – уақыт талабы. Осындай жандардың бірі –Әміржан Қабделов.
Адал еңбекпен өнеге көрсетіп жүрген Әміржан аға бүгінде мектептің балташысы ғана емес, ұжымның ұйытқысына айналған азамат. Ол екі жылдан бері мектепте балташы болып қызмет етеді. Бірақ оның еңбегі тек шеберханамен шектелмейді. Әміржан – ұжымдағы сыйлы азамат, қолынан іс келетін ісмер, әріптестерінің сенімді тірегі. Ағашқа жан бітіріп, қарапайым материалдан көркем дүние жасап шығаратын Әміржан Ғарифоллаұлы – шынайы шебер. Мектеп дәліздерінде көз тартатын ағаш мүсіндер, ұлттық нақыштағы бұйымдар – оның өнерге деген ілтипаты мен ішкі жан-дүниесінің көрінісі. Әр туындысынан қазақы болмыстың иісі аңқып тұрады. Бұл – еңбекті сүйген жүректің ісі.
Еңбек пен өнерді ғана емес, спортты да серік еткен Әміржан ағаның тағы бір қыры – жеңіске деген жігері. Ол спорттың бірнеше түрінен аудандық және облыстық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Жуырда Қарағанды қаласында 6-13 маусым аралығында өткен трансплантациядан кейінгі және диализдегі адамдар арасындағы республикалық жарыстан жүлделі I орын алып келді. Айта кетерлігі, бұл оның қатарынан үшінші мәрте бірінші орын иеленуі. Бұл – тек дене шынықтыру емес, бұл – ерік-жігердің, өмірге құштарлықтың үлгісі. Кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі ретінде де ол ұжым өміріне үнемі атсалысады. Іс-шаралардың ұйытқысы болып, өзгелерге қолдау көрсетіп, ортақ іске жанашырлықпен қарайды. Осындайда «Жақсының жақсылығын айт» деген халық даналығы ойға оралады. Себебі дәл осындай еңбек адамдарының өмірі – шынайы құрмет пен кең насихатқа лайық.
Спорттағы табысы – оның қайсарлығының бір ғана көрінісі. Ал шын мәнінде, Әміржан ағаның бүкіл болмысы күрес пен сенімге құрылған. Ол – денсаулығына қарамастан, жұмысынан жаңылмай, айналасына нұр сыйлап жүрген үлкен жүректі жан. Мұндай адамдар күнде мақтала бермейді, бірақ олар – тіршіліктің тұтқасы, қоғамның нағыз сүйенері.Оның әрбір қадамы, әр ісі жас ұрпаққа өнеге. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ өнер мен еңбек, спорт пен қоғамшылдықты ұштастырып жүрген жанның өмірі – нағыз тәрбие құралы. Мұндай азаматтар – еңбекпен ерлік жасаушылар. Әр күнін мағыналы өткізіп, адал терімен өрнек салған оның өмірі – «еңбек – өмір мәні» деген сөздің дәлелі.
Адал еңбек адамның өміріне мән беріп қана қоймайды, айналасына нұр шашады. Мектеп ауласындағы әрбір ағаш мүсін, әріптестерінің арасындағы жайдары қарым-қатынас – осының бәрі Әміржан ағаның күнделікті еңбегінің, адал пейілінің нәтижесі.
«Еңбек – ерлікке жеткізер, ерлік – елдікке жеткізер» дейді қазақ. Ендеше, өмір мәнін еңбектен тапқан азаматтар туралы айту – парызымыз. Қарапайым балташының өнегелі өмір жолы – үлкен құрметке лайық. Мұндай азаматтар барда еңбек қадірі – биік, болашақ жарқын болары сөзсіз.
Гүлмира ЕЩАНОВА,
мектеп-гимназия менеджер маманы, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы