Осындай ұсыныспен «AMANAT» партиясының фракция мүшелері, депутаттар Нартай Сәрсенғалиев пен Дүйсенбай Тұрғанов еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
«Бүгінгі депутаттық сауалымыз адам өміріне қатысты. Ағайынның арызы, бұқараның базынасы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңмен байланысты. Дұрысы Заңды біржақты пайдаланып адамның өміріне атүсті қарау десек болады. Жануарларды қорғайтын Заң тұтас отбасылардың қара жамылуына әкелді. Қаңғыбас иттердің көзі жойылмағандықтан еліміздің әр түкпірінен ит қапқан үлкендер мен балалар туралы ақпараттар алудамыз. Тіпті кейбірінде адам қанына дәніккен қаңғыбас иттер балаларды қоршап азық қылғанын да естіп-көрдік. Бір ғана мысал, былтыр сәуірде Ақтөбеде 12 жасар Мадияр есімді балақайды қаңғыбас иттер құрылыс алаңында талап тастады. Жеткіншек көз жұмды. Қайғылы оқиға болған Есет батыр ауданының тұрғындары оған дейін құзырлы орындарға қаңғыбас иттер қаптап кетті деп талай айтқан. Бірақ құзырлы орын өкілдері сол баяғы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға сілтеме жасап, иттерді атпаймыз деген. Көз жұмған Мадиярдың әжесі өз сұхбатында «Ит атуға рұқсат жоқ деген адамды лағынет атсын» деді. Бұл ауыр сөзді кім қабылдап, жауапкершілік кім алады?
Елден хабар алғанда еститініміз қаңғыбас иттен қорыққан ағайынның арызы. Олардың көзін жояйын десе бәрі «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңнан зәредей қорқады. Қаңғыбас иттерді ұстаған жауапты орган өкілдері оларды жуындырып, тазалап, екпе салып қайтадан ұстаған жеріне әкеліп тастайды екен. Екпеден итке ес кірді дегенді естімеп едік, демек бұл нәтижесіз әрекет емес пе?! Біз қаңғыбас жануарларды қырып салсын деп тұрғанымыз жоқ. Бірақ қаңғыған итті қорғайтын Заң адамдарды неге қорғамайды деп сұрағымыз келеді? Сіз осы мәселеге қатысты алдыңғы бір жауабыңызда Заңды жүзеге асыру үшін 2022 жылға 1485,6 млн теңге қарастырылғанын жазыпсыз. Жергілікті бюджеттен тағы қосымша қаржы қарастырылады депсіз. Бірақ уәде етілген оқшаулау орталықтары, вакцинация басқа да жұмыстар толық жүргізілмей жатқанын көзіміз көріп отыр. Оған бірнеше мысал бар, Түркістан облысында ит қапқан бала құтыру ауруынан көз жұмған. Алматы облысы Талғар ауданында ауладан шығып кеткен танадай ит кішкентай балақайдың бетін, арқасын және жамбасын тістеп тастаған. Жануар иесі кішкентай қыздың ата-анасына 30 мың теңге беріп құтылмақ болған. Атырауда осы жылдың ақпанында қаңғыбас ит 8 жасар баланы әбден талап тастаған. Бір ғана Атырау облысында 2023 жылдың бір жарым айында 32 баланы ит қапқан.
Сізге сұрақ: «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң күшіне енгелі бері жануарларды оқшаулауға, оларға екпе салуға, стирильдеуге қанша қаражат жұмсалды? Республикалық және жергілікті бюджетті есептегенде нақты қай өңірге қанша қаражат бөлінді? Олардың нысаналы жұмсалуын қай орган тексеріп отыр? Және адамдардың, оның ішінде жасөспірім балалардың қауіпсіздігін қамтамассыз ету мақсатында тиісті мемлекеттік органдарға нақты шара қабылдау үшін тапсырма беруіңіз қажет деп есептейміз. Себебі қандай жағдайда қаңғыбас жануарларға қандай шара қолдану керегін жергілікті атқарушы органдар әлі түсінбейтін сыңайлы. Ұсынысымыз: «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңды дереу қайтадан қарау керек. Осы сауалдар мен ұсынысқа заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап күтеміз» делінген сауалда.