«Соңғы жылдары еліміздің саяси-идеологиялық келбеті түбегейлі өзгерді. Экономикада жүйелі реформалар қолға алынды. Ең бастысы, қоғамның сана-сезімі өзгере бастады. Кейінгі жылдары саяси оқиғаларға баға беру тұрғысынан халқымыздың көзқарасы да жаңа сипатқа ие болды. Алға қарай адымдап қадам басты деуге болады. Біз заманауи және алдыңғы қатарлы қоғамға айналдық. Мұның бәрі біздегі қоғамдық келісім үлгісіне де тың талаптар қояды. Кеше ғана тиімді саналған әдіс-тәсілдер бүгін жарамсыз болуы мүмкін.
Бізге ескіліктің ізіне қайта түспеу үшін барлық жетістіктеріміз бен сәтсіздіктерімізді таразы басына қойып, зерделеу қажет. Ең әуелі, Ассамблея қызметінің мәні мен мазмұнын қайта қараған жөн. Менің түсінігімде Ассамблея мемлекеттің этносаралық саладағы барлық жұмысына бағыт беретін стратегиялық штабқа айналуы керек.
Аталған нақты міндеттерді жүзеге асыру ұлтаралық қарым-қатынас сияқты маңызды әрі нәзік салада атқарылып жатқан ауқымды істерді жаңа мазмұнмен толықтыратынына сенімдімін. Ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және солай болып қала береді. Қазақстанда келісім, төзімділік, достық ұғымдары құр ұран емес, азаматтардың күнделікті өмір салтына айналған құндылық. Ауқымды қақтығыстар, сауда соғыстары, адам өмірінің құнсыздануы кезеңінде бейбітшіліктің қадірі ерекше арта түсті. Өйткені, бұл – дамудың басты кепілі. Барлығымыз қал-қадірімізше бейбітшілікті сақтауға атсалысамыз. Мен бұған дейін барлық әкімдерге тұрақты түрде этносаралық, ұлтаралық келісім мәселесіне арналған жиналыс өткізіп тұруды тапсырдым. Орталық және жергілікті атқарушы органдар осы маңызды саланы жіті назарда ұстауы керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынас мәселесін ешқашан саясат немесе түрлі арандату құралына айналдыруға болмайды. Бұл – мемлекеттің де, бүкіл қоғамның да бұлжымас қағидасы».