Президент қаржы резерві жеткілікті екенін жеткізді

(0 Votes)

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі карантин режиміне қатысты мәлімдесінің мәтіні жарияланды. Онда Мемлекет басшысы коронавирус пандемиясы "ұзаққа созылатын экономикалық дағдарысқа да алып келуі әбден мүмкін" екенін жазған, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының айтуынша, COVID-19 пандемиясы салдарынан экономиканың тұтас салалары тоқырауға ұшырап жатыр.

 "Жер-жерде протекционизмнің күшеюі белең алуда. Экономиканың тұтас салалары тоқырауға ұшырап жатыр. 400 миллионнан астам кәсіпорын банкрот болудың алдында тұр. Әлемдегі еңбекке жарамды халықтың жартысына жуығының табысы азайды. Сарапшылар жаһан экономикасы соңғы жүз жыл ішінде болмаған деңгейге түсетінін болжап отыр", - деп жазылған Тоқаевтың мәлімдемесінде.

Президент "бізде қаржы резерві жеткілікті және мемлекет қарызының көлемі мүмкіндігімізге орайлас" екенін жеткізді.

"Осындай жағдайға қарамастан, еліміз бірқатар басымдыққа ие болып отырғанын  айтқым келеді. Бізде қаржы резерві жеткілікті және мемлекет қарызының көлемі мүмкіндігімізге орайлас. Ең бастысы, біз жаңа ахуал жағдайында жұмыспен қамтамасыз ету және экономикалық тиімділікті арттыру үшін ресурстарды қайда жұмсау керектігін білеміз", - деп жазылған Мемлекет басшысының мәлімдемесінде.

Айта кетейік, бүгін бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова "Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы" қаулыға қол қойды.

Сонымен, 2020 жылғы 11 мамыр сағат 00:00 де Қазақстанда төтенше жағдай режимі тоқтатылды, алайда карантин режимі сақталады.

Еске салайық, соңғы мәліметтер бойынша елімізде COVID-19 жұқтырғандардың саны 5138-ге жетті. 1941 адам аурудан айықты, 31 адам қайтыс болды. 

tengrinews.kz

Сурет: ашық дереккөз

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT