Полковник Манат Наукеев әскердегі сарбаз өмірі туралы айтып берді

(0 Votes)

Әскери патриотизм тәрбиесі жасөспірімдерді еліне деген сүйіспеншілікке, Отан қорғауға, азаматтық қасиеттерге баулиды. Бұл әскерге келген жастардың Отан алдындағы міндетін абыроймен атқаруына септеседі. Яғни, әскери бөлім – әрбір сарбазды шыңдайтын, шынықтыратын нағыз өмір мектебі.
Ал, қазіргі жастар әскерге баруды абыройлы міндет деп қабылдай ма? Осы және басқа да сұрақтар төңірегінде 5546 әскери бөлімнің командирі, полковник Манат Қасымбекұлы НАУКЕЕВПЕН әңгіме өрбіткен едік.

-Полковник мырза, әңгімені жастық шағыңыздан бастасақ. Отан қорғаушы мамандығын таңдауыңызға не себеп болды?
– Мен Отан қорғаушы мамандығын мектепте оқып жүргенде таңдадым. Бұған еліміздегі ерлік дәстүрінің беріктігі, біздің отаншылдық рухта тәрбиеленгеніміз әсер еткені анық. Өмірде мамандық сан ал¬уан болғанымен, адамдардың әр¬кез сарбаздар мен сардарларға құрметпен қарайтыны жасырын емес. Шын мәнінде, әскери қызметкер ерлік пен өрліктің үлгісін көрсете білуі тиіс.
Әлі есімде, мектепті бітіретін жылы ағам әскерден келді. Парадтық киім үлгісі өзіне сондай жарасып тұр. Қызығып қайта-қайта киіп көремін... Содан әскери адам боламын деп шештім. Бірден әскери оқу орнын таңдап, емтиханның дайындығына кірістім. Осылайша, әскери өмірім 1999 жылы Петропавл қаласындағы қазіргі ұлттық «Ұлан» академиясына оқуға түскен күннен басталды. 2004 жылы алғашқы офицерлік «лейтенант» шенімді алған соң 6636 әскери бөлімінде взвод командирі лауазымын атқардым. Содан бері «Ұланның» әскери бөлімдерінде қызмет атқарып келемін.
– Ендеше, өзіңіз басқарып отырған әскери бөлімнің жауынгерлік қызметі мен дайындығы туралы не айтсаз?
-Жалпы, «Ұлан» әскеріне аса жауапты жауынгерлік қызметтерді атқару жүктеледі. Соның ішінде ішкі істер органдарымен бірлесіп қоғамдық тәртіпті қорғауға, жаппай тәртіпсіздіктердің жолын кесуге, қоғамдық қауіпсіздікті және төтенше жағдай мен соғыс жағдайының, терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимдерін қамтамасыз етуге, сондай-ақ табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларды және олардың салдарларын жою жөніндегі іс-шараларға белсенді қатысады. Сондай-ақ, Атырау қаласындағы қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесін күзетеді
Ал, әскери бөлімнің жауынгерлік дайындық дәрежесі өте жоғары. Себебі, біз барлық деңгейдегі командирлердің жеке құрамды кәсіби оқытуына сұраныс пен жауапкершілікті күшейттік.
Жыл басынан-ақ тәжірибелік және далалық оқулардың өту қарқыны жоғары деңгейде болу үшін барлық мүмкіншілікті жасадық. Себебі, жеке құрам төтенше жағдайлар туындаған кезде әрекет ету, командалық-штабтық және жедел-тактикалық шараларға өзге күш ведомстволарының бөлімшелерімен бірлесе қатысу дағдыларын тәжірибе жүзінде меңгереді.
Әрине, көздеген мақсатқа жету үшін тынымсыз еңбектену қажет. Бұл талаптар әрқайсымыз үшін бұлжымас қағидаға айналды. Ал, әскери ұжымның басты моральды және интеллектуалды тұтқасы – офицерлер. Бөлімшелерді басқарудың негізгі ауыртпалығы солардың мойнында. Сондықтан әскери қызметкер әскери-жауынгерлік міндетін табысты орындау жолында өзінің күшін, білімі мен тәжірибесін пайдаланады.
Кешегі жыл басында төтеннен орын алған «Қасіретті қаңтар» оқиғасында біздің сарбаздарымыз мүмкіндігінше қарапайым халықтың амандығы мен зардап шекпеуі үшін алаңда тік тұрып, тәуелсіздігімізге қауіп төндірген қаскөйлермен күресте қасқайып тұрды, анттарына адал болып, нағыз қайсарлықтарын көрсетті.

f7552b63-f7b3-468c-a86e-173a3688ef85
-Иә, кешегі қаңтардың қақтығысы елдігіміз бен еркіндігімізді, егемендігімізді сақтаудың, ішкі тыныштығымыздың қадір-қасиетінің қаншалықты қымбат екендігін санамызға шегелеп сіңдіргені анық. Өзіңіз қазір ғана айтып өткен антқа адал, сертке берік сарбаздарды тәрбиелеп нағыз жауынгер етіп сапқа қою қажырлы еңбекті талап ететіні сөзсіз. Иен далада еркін жүрген бозбала әскери өмірдің қатаң тәртібіне тез бой ұсынып үлгере ме? Олардың көңіл-күйлері қандай өзгеріске ұшырайды?
– Әрине, әскерге келмес бұрын әрбір жас өз үйінде еркелеп, қалағанынша жүріп-тұрады. Айталық, таңертен ерте тұрмайды, яғни бір белгіленген тәртіппен өмір сүрмейді. Ал, бөлімге алғаш келген сарбаз не істейді? Әрине, біріншіден мұнда күн сайын өзін ретке келтіреді. Яғни, тазалықты сақтап, оны күнделікті әдетке айналдырады.
Екіншіден, адам өзін-өзі тәрбиелейді. Сол сарбаздардың бір айдан кейін өзгергені байқала бастайды. Қарасаңыз, киімдерін, жағасын өздері тігеді, аяқ киімін тазаламай сапқа тұрмайды. Бір ортада «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген ұранмен қызмет атқарады. Барлық қиындықты бірге жеңеді, жеңістің қадірін бірге сезеді. Армияда бір отбасының балаларындай болып кететіні содан.
-Демек, әскери бөлімдегі тәрбие жұмысы да күн тәртібінен түспейді?
– Әлбетте. Әскери бөлімде тәрбие жұмысына үлкен мән беріледі. Патриоттық тәрбие беру, келешек ұрпақты отансүйгүштік рухта тәрбиелеу – жастармен жұмыс жасайтын әр педагогтың, лауазымды тұлғаның басты міндеті. Сол қоршаған ортадан қандай тәрбие алса, сол ғұмырына азық болады. Біз өз тарапымыздан әскердегі сарбаздарға дұрыс бағыт-бағдар береміз. Себебі, біздің қызметтің өзге әскери салаларға қарағанда өз ерекшеліктері бар.
Жеке құрамның мемлекеттік-құқықтық, жауынгерлік дайындық барысында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуіне тәрбие жұмыстарының әсері зор.
-Манат Қасымбекұлы, ал, осы әскердегі тәрбие қандай бағытта беріледі?
-Бүгінде тәрбие және идеологиялық жұмыстардың барлық бағыттарында қолайлы механизмдер жеткілікті. Мемлекеттік-құқықтық даярлық, ақпараттандыру, өзіндік шығармашылық, бұған қоса жеке құраммен жұмыс жасаудың жаңа түрлері де енгізіліп жатыр. Әскери қызметтің сапасын арттыруға бағытталған көптеген іс-шара атқарылуда. Әсіресе, психологиялық қабілетіне қарай жүздіктерге бөлінеді. Психологиялық тестілеуден өтпеген әскери қызметшілер қарауыл мен жауынгерлік кезекшілікке жіберілмейді.
Негізгі тәрбие жұмысы кез келген заң бұзушылықты болдырмау, олардың алдын алуға бағытталады. Жоспарлы құқықтық білім деңгейін арттыру шараларымен қатар, тәрбие сағаттары, ардагерлермен кездесу, жергілікті әкімшілік өкілдерімен сұрақ-жауап кештерінің жауынгерлерді тәрбиелеудегі маңызы зор.
Ашығын айтқанда, әскери ұжымда болып жатқан жағдайлардан хабардар болып отырамыз. Барлық санаттағы әскери қызметшілермен үнемі жасырын сауалнама өткізіледі. Өзекті мәселелерді лауазымды тұлғаларға хабарлаймыз. Бірінші кезекте маңызды сұрақтар шешіледі. Казармалық үй-жайларда арнайы бұрыш орнатылды. Барлық казармалар мен штабттарда бөлім басшыларының ұялы телефондарының нөмірлері жазылып тұр. Әскери қызметшілер көкейде жүрген сауалдарын СМС-хабарлама арқылы да жолдай алады. Мұнда баяндалған фактілердің анық-қанығы шұғыл тексеріліп, тиісті шаралар қабылданады.
Осындай тәсілдердің көмегімен түрлі жағдайлар зерттеліп, жеке құрамның моральды-психологиялық ахуалының мониторингі жасақталады.
– Кешегі аға буын үшін әскерге ілінбей қалу деген ұят саналатын. Ол кезде әскерге барып келу үлкен мәртебе, абырой еді. Бүгінгі таңда жастарымыздың әскер қатарын толықтыруға деген құлшыныстары қандай?
– Кезінде әскерге бармаған жас жігіттерге қыздар да қарамайтын. Бұл қандай себептермен бармай қалды, демек денсаулығында кінәрат бар дегендей. Қазір ондай приоритет жоқ. Дегенмен, балалардың әскерге деген көзқарасы түзу. «Бес саусақ бірдей емес» қой. Қазір «мен әскерге барушы едім, бірақ менің несием бар» деген секілді жағдайлар да кездеседі. Кейбірі «Маған жұмыс жасау керек, ауылдағы ата-анама көмектескім келеді» дейді. Ал мұндай жағдайлар заң жүзінде әскерден қалуға себеп емес. Бүгінгі таңда екінің бірінде несие бар және ол аз қаражат емес. Сондықтан біз кейде өз тарапымыздан заңда қарастырылмаса да банк филиалдарына «мына азамат заңға сәйкес әскер қатарына жіберіледі, сол себептен несиені кейінге қалдырсаңыздар» деген өтініш хат жібереміз. Бұл адами көзқарастан туындаған факторлар.
– Манат Қасымбекұлы, сауалдарымызға жауап бергеніңіз үшін рахмет. Ел қорғаны – жас жауынгерлерді тәрбие мен тәртіп, оқу мен жауынгерлік қызмет жолындағы жауапкершілігі мол қызметтеріңізге сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен Мәлика Шынжігітова,
лейтенант,
Атырау қаласы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521