Атырау облысы полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Теңізшевройл» мұнай-газ компаниясының қызметкерлерімен кездесіп, интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері және олардан сақтану жолдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жиын барысында полиция қызметкерлері интернеттегі қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығына тоқталып, азаматтарға бейтаныс адамдардан келген күмәнді сілтемелерге өтпеу, жеке деректер мен банк картасының мәліметтерін ешкімге бермеу, қаржылық операцияларды орындамас бұрын ақпараттың шынайылығын мұқият тексеру секілді қауіпсіздік шараларын ұстануды ескертті. Сондай-ақ, интернет-алаяқтықтың негізгі түрлері атап өтіліп, алаяқтардың жиі қолданатын әдістеріне нақты мысалдар келтірілді. Әсіресе, жалған инвестициялық жобалар, «фишинг» сілтемелер, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатын алаяқтық, жалған интернет-дүкендер арқылы тұтынушыларды алдау тәсілдері кеңінен талқыланды.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтардың арбауына түспеу үшін әр азаматтың киберқауіпсіздік мәдениетін дамытуы қажет екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, алаяқтықтың құрбаны болған жағдайда жедел түрде құқық қорғау органдарына хабарласып, оқиғаның барлық мән-жайын баяндау қажеттігі ескертілді.