Әуелден адамзат тарихындағы жауапты мамандықтардың бірі – полиция қызметкері болу. Кеңес дәуірінде ішкі істер органдарындағы милициялар, тергеушілер, халық жасақтары халықтың тыныштығы жолында аянбай еңбек етті. Бұл да қадірлі мамандықтардың бірі саналады.
Нұрайна Лұқпанованың аудандық полиция бөлімінде жұмыс істеп келе жатқанына біраз жыл болды. Махамбет ауылының тумасы Нұрайна Е.Ағелеуов атындағы Махамбет орта мектебін 2008 жылы аяқтаған соң Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының колледжіне қаржы мамандығына оқуға түсіп, оны 2011 жылы тәмамдайды. Алғашқы еңбек жолын аудандық қаржы және экономика бөлімінде бастаған. 2014 жылы Қ.Дүтбаева атындағы колледжінің мектепке дейінгі тәрбие мамандығында білім алып, оны 2017 жылы бітірген. Нұрайна еңбек жолын одан әрі 2015 жылы «Алтын- Ай» бөбекжайында жалғастырған. Ал 2017 жылдың 13 мамырынан бастап Махамбет аудандық полиция бөлімінде іс жүргізуші болып қызмет етеді. 2019 жылы Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының колледжіне құқықтану мамандығына оқуға түсіп, оны 2021 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Нұрайна Каримқызы 2024 жылдың тамыз-қазан айларында М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтына оқуға түсіп, бітірген соң сол жылдың 7 қазанынан бастап Махамбет аудандық полиция бөліміне кеңсе технигі, полиция кіші сержанты лауазымына тағайындалды. Бүгінде Нұрайна сол лауазымда мінсіз қызмет атқаруда.
Ата-анасы Карим аға мен Батима апа 8 бала тәрбиелеп өсірген жандар. Аудандық полиция бөлімінде Н.Лұқпанованың қызмет еткеніне 8 жылға жуықтаған екен. Өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын ол туралы аудандық полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Сансызбай Абатұлы да жылы лебізін білдірді.
-Жалпы Нұрайна Лұқпанова біздің полиция бөлімінде 2017 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Біраз жылдай аудандық бөлімде іс жүргізушілік қызмет атқарды. 2024 жылдың тамыз-қазан айларында М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында оқып келген соң сол жылдың 7-қазанынан бастап Нұрайна Каримқызы Махамбет аудандық полиция бөлімінің кеңсе технигі, полиция кіші сержанты лауазымына тағайындалды. Қандай жұмыс тапсырсаң да мүлтіксіз, тындырымды, тез орындайды. Жауапкершілігі мол, өз ісін жетік білетін маман. Полиция қызметі оңай емес, өзіңіз білесіз. Күн-түн демей, еңбек ететін сақшылардың жұмысын Нұрайна ер-азаматтармен иықтаса жүріп, біркісідей атқарып келеді. Біз полиция кіші сержанты Н.Каримқызының жұмысына бек ризамыз. Түрлі жаттығу-жиындары болсын, кезекшілік болсын ол бәріне белсене қатысады. Әр ісін мінсіз, жіті атқарады. Оның жұмысынан мін таппай, қатты риза боласың. Тіпті басқа үлгермей жатқан әріптестеріне де көмек қолын созып жатады. Ол бір емес, үш колледж, институт бітірген білікті маман. Біз Нұрайнамен мақтанамыз.
Биылғы Алғыс айту күнінде Нұрайнаның анасы Батима Мұқанова полиция бөлімінде өткен салтанатты шараға қатысқанын білеміз. Алтын құрсақты анамыз Батима Жақсылыққызы Махамбет аудандық полиция бөлімі басшысының алғыс хатымен марапатталып, үлкен құрмет пен қошеметке бөленді.
Нұрайна Каримқызы мамандығым- мақтанышым деп біледі, шынында да полиция мамандығы қиындығы мен қызығы мол мамандық екенін айтып, бұл мамандық өзіне ұнайтынын жеткізді. Құқық қорғау саласында ерлермен бірге иық тіресе еңбек етіп жүрген Нұрайнаға толайым табыстар тілейміз.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА