Биылғы жылды Президент Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялайтынын айтқан. "Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз", - деді Тоқаев. Мемлекет басшысы адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек деді. Осыған орай, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қарапайым еңбек иелері насихатталып, дәріптелуде. Олардың қатарында нәзік болмысына қарамастан ерлерге бергісіз қайраттылығымен, еңбекқорлығымен танылған әйел адамдар да жетерлік. Соның бірі махамбеттік Гүлнәр Өтешқалиева жайлы айтатын боламыз.
Бұрын-соңды көрмеген кейіпкеріме телефон арқылы хабарласқан едім, ол өзінің қалада жүргенін айтып, ертеңгісін редакцияға келетінін жеткізді. Бірнеше жылдан бері құрылыс жұмыстарымен айналысып келе жатқан оның түр-келбетін басқаша елестетсем керек. Келесі күні кабинетіме боянып-әрленіп, келісті киінген, жылы жүзді, әйел затына тән нәзік үнімен күлімдеп кіріп келген оны алғашқыда мен күткен кейіпкер деп ойламағаным рас.
Гүлнәр Өтешқалиева көршілес Х.Ерғалиев ауылының тумасы. Он жылдық мектепті аяқтап, еңбекке ерте араласқан. Оның құрылыс саласы бойынша арнайы білімі болмаса да, оны бұл салаға ішкі қызығушылығы мен еңбек етуге деген құлшынысы әкелген екен. Алғашқыда өзінің, ағайын- туыстарының үйлеріне әктеу-әрлеу жұмыстарын жүргізуден бастаған. Міне, содан бері сүйікті жұмысын жиырма жылдан бері жанына серік етіп келе жатқан ол сүйікті ісінің қыр-сырын жетік меңгеріп, бүгінде көпшіліктің сұранысына ие маманға айналып отыр.
- Аллаға шүкір, еңбек- қорлығымыздың әрі осындай жұмыстарға ептілігіміздің арқасында нанымызды адал тауып отырған жайымыз бар. Мектеп бітіре салып, сауыншы да болдым, наубайхана да жасадым. Тіпті бір жылдары Жайықтың арғы-бергі бетіне адам өткізіп, қайық есуші де болғаным бар. Мекемеде тазалықшы болып, еңбек етіп жүріп, құрылыс саласына бет бұрдым. Бәрі де күнкөрістің қамы үшін, жұмысты талғамадық. Балаларымыздың болашағы үшін ерлермен бірге иық тірестіре жүріп жұмыс жасап, ешкімнен кем қалмай өмір кешіп келеміз. Әйел адам болғасын бәрін қатар алып жүру оңай шаруа емес. Сонда да отағасымыздың көңіліне қарап, бала тәрбиелеу ісінен шет қалған емеспін, - дейді Гүлнәр Өтешқалиева.
Отбасылық өмірінде үш баланың анасы атанған кейіпкеріміз үлкен әпкесі өмірден өткенде оның балаларын да өз қамқорлығына алады. Оларды өз балаларынан кем көрмей, тәрбиелеп, өсіріп отыр. Бүгінде ұл- қыздары бір-бір маман иесі атанып, әр салада табысты еңбек етіп келеді. Алды отбасылы болып, балдай тәтті немере-жиендерінің қызығын көруде.
- «Жұмыс жоқ» деп қол қусырып қарап жату маған тән емес. Әйтеуір күнделікті бір тынымсыз тірлік. Заман көшінен қалмай, соңғы шығып жатқан әрлеу жұмыстарын әуелі өз үйіме жасап көремін. Содан кейін ғана өзге үйге сенімді жасауға кірісемін. Таныстарымның өтініші бойынша бар білетініммен бөлісіп, тегін үйретіп те жүрмін. Кейін өздері жасайтын дәрежеге жеткенін көріп, қуанып қаламын. 2005 жылдан бастап жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, қоғамдық орын монша ашып, оның да жұмысын жүргізіп келеміз. Қорамызда азын-аулақ малымыз бар. Күнделікті жем-суын беріп, қора- қопсыны тазалау жұмыстарын да жолдасым екеуміз бірлесіп жасай береміз, - дейді ол.
Көктем айы келісімен құрылыс жұмыстарының басталатыны белгілі. Дәл осы уақытта Гүлнәр апаға хабарласушылардың саны жиілейді екен. Бұның себебі, оның өзіне тапсырылған жұмысқа деген жауапкершілігі, тиянақтылығы, еңбегіне деген адалдығынан екендігі сөзсіз. Халықтың өзі бағасын берген ел ішіндегі осындай қарапайым еңбек адамдары жайлы көпшілік білуі тиіс.
Б.САПАРОВА