Өз ісінің шебері

Өз ісінің шебері
(0 Votes)

Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Күні кешегі Қазақстан халқына Жолдауында Президентіміз: «Әрине, жұмыстың жаманы жоқ, адал еңбектің бәрі – маңызды. Азаматтардың өндіріске барғаны абзал.

Экономиканың нақты саласында жұмыс істеуге ұмтылғаны жөн. Осыған мемлекет қажетті жағдай жасауы керек. Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек» деп атап өтті. Ауданымызда өндіріс орындары көп емес. Соның бірі – нан-кондитер өнімдерімен аудан тұрғындарын қамтамасыз етіп отырған «Махмудова Б» жеке кәсіпкерлігі. Бүгінгі кейіпкеріміз жұмысшы мамандығының өкілі Жанаргүл Исаева аталған жеке кәсіпкерлікте кондитер болып еңбек етеді.

Әлемде адамзаттың 70%-дан астамы, тіл үйіретін тәттілерден бас тарта алмайды екен. Бала кезімізден тәттіге құмартып тұратынымыз жалған емес. Өсе келе жас балаша бас тарта алмай тәуелділігіміз арта түсетіндей. Сондықтан, кондитерлік шағын кәсіп түрі болғанымен, қазіргі таңда үйде пісірілген тәтті тағамдар сұранысқа ие. Себебі ерекше тәтті тағамдарды пісірумен қатар оны безендірудің өзі – бір өнер. Бірақ сол тәттілердің неден тұратынын, құрамында не бар екенін және оларды қандай ретпен, мөлшермен араластыратынын ешқашан ойламаймыз. Мұның бәрі кәсіби кондитерге ғана жақсы мәлім. Жалпы  кондитер мамандығы аспаздық пен кулинария саласында әлем бойынша ерекше орын алады. Тіл үйірген  тәттілерді жасау өнері тек шығармашылықты ғана емес, сонымен қатар мұқият техникалық дайындықты қажет етеді. Кондитерлер шоколадтан экзотикалық жемістерге дейін әртүрлі ингредиенттермен жұмыс істейді, түрі көзіңізді, дәмі жаныңызды қуантатын таңғажайып тағамдар жасайды. Кондитерлік мамандық шыдамдылықты, дәлдікті және өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет етеді. Ал, Жанаргүл бұл жұмысты 12 жыл бойы мүлтіксіз атқарып келеді. «Өз ісінің кәсіби шебері, қызметін  ұқыпты атқаратын тәжірибелі, жақсы маман. Шағын ұжымымызда сыйлы. 2013 жылы қараша айында бізге келген, содан бері ортақ шаруамызға үлесін қосуда» дейді адам еңбегін бағалай білетін жеке кәсіпкер Бахтылы Махмудова.

Жанаргүл Исаева 1989 жылы 4 маусымда Балқұдық ауылында дүниеге келген. 1951 жылы туған әкесі Жексенбай Исаев қазіргі уақытта зейнеткер. 1966 жылы дүниеге келген анасы Роза Айболатова бүгінде Б.Бегалиев атындағы орта мектепте еңбек етеді. Отбасында 4 бала тәрбиеленсе, Жанаргүл – соның ең үлкені. 2006 жылы Балқұдық жалпы орта мектебінің 10 сыныбын бітірген жас қыз  туған жерінен ұзамай, қалаға бет алмай, жүрек қалауымен Құрманғазы ауылындағы аграрлы-техникалық лицейіне оқуға түседі. Аталған лицейді 2008 жылы бітіріп, «Мекен жай» мамандығын меңгереді. Бүгінде «Махмудова Б» жеке кәсіпкерлігінде тұрақты жұмыста. 2008 жылы  Ринат Сарсенов деген азаматпен көңіл жарастырып, отбасын құрды. Қазіргі уақытта екі перзентін тәрбиелеуде. Олардың алды Б.Бегалиев жалпы орта мектебінің 11-ші, кішісі – 9-шы сынып оқушысы. 

Әрине, қандай жұмыстың да қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Қиындығына төзіп, ыстығына күйіп, суығына тоңып қызмет етсең ғана еңбегің жанады, қадірлі боласың. Аяғыңнан тік тұрып, ыссы пештің қасында жүріп жұмыс жасайтын кондитерлік қызметті жеңіл деп айту ауызға ғана оңай. Бірақ, басқа жұмыс іздемеді. Осында  келді, ұнады, тұрақтап қалды.  Өз қолынан шыққан кондитерлік өнімдер, олардың жұпар иісі Жанаргүлдің мамандығына деген қызығушылығын арттырмаса, кеміткен емес. Дайындаған кондитерлік өнімдері тұтынушылардың көңілінен шығып жатса, оларға сұраныс болса, демек, елге қызмет етіп жүргені. Басшысы, жеке кәсіпкер  Бақтылы Махмудова да бастапқыда ақыл-кеңесін беріп, жұмысын бағыттап отырды. Көңілі кең, жаны жомарт жеке кәсіпкер Бақтылының  өзі де бүгінгі дәрежесіне үлкен еңбекпен, жоқтан барды құрап, түрлі қиындықтарды жеңе отырып жеткені баспасөз беттерінен мәлім. Сол себепті еңбектің қадірін жақсы біледі. Іскер басшы қарауындағы адамдардың жұмыс жасауына да барлық жағдайды туғызған. 

Мемлекет басшысы жұмысшы мамандарға құрметті арттыра түсуіміз керектігін текке айтып отырған жоқ. Сол арқылы біз жастарды жұмысшы мамандықтарына қызықтыра түсеміз.  Жанаргүл жыл өткен сайын тәжірибе жинап, біліктілігін шыңдауда. Егер сіз «Бахтылы нан» дүкенінен дәмі  тіл үйірген кондитерлік өнімдерді кездестіріп жатсаңыз, арасында оның қолынан шыққандар да бары анық. «Өзіңе ұнаған кәсіппен айналыссаң ғана жеңіске жетесің» деген сөздің растығы осы да шығар. Түрлі тәттіні пісіруде алдына жан салмайтын, «тапсырыс беруші келіп қалатын болды» деп жауапкершілік таныта жұмыс істеп жатқан кондитердің шеберлігіне тәнті боласың. Еңбек етемін деген адамға атқарар іс көп. Бастысы, таза ниет пен адал еңбек болса, кәсіпті шыр айналдыруға болады. Тәттілері тіл үйіретін біздің кейіпкеріміз де «табыстың басты қағидасы – осы» дейді. Қарапайым еңбек адамы, жарасымды тірлік кешкен Жанаргүлге алға қарай да бағың жана берсін демекпіз.  

Айнагүл Шакупова

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT