Отқа оранған ауыр жылдар

Отқа оранған ауыр жылдар
Фото: kaz.tengrinews.kz
(1 Vote)

 Осыдан 35 жыл бұрын, 1989 жылдың 15 ақпанында, геосаяси кордонға айналған Ауғанстаннан 10 жыл соғысудан көз ашпаған КСРО әскері шығарылды. Ауған соғысы - КСРО Қарулы Күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан тұтанған соғыс. Ол 1979 жылдың 27 желтоқсанынан 1989 жылдың 15 ақпанына дейін жалғасқан еді.

Тарих бетіне өзінің қанды ізін қалдырған соғыс Кеңес Одағына абырой да, даңқ та әпермеген еді. Саяси болжамдардың құрбаны болған ауған халқына да, басқыншылық әрекетті он жылға тарта уақыт бойы жүргізген Кеңес Одағы халқына да бұл соғыс қасірет пен қаскөйліктің үлгісі ретінде жүректерге өшпес жара салды. Тарих көші жылжыған сайын өткен ұрпақтың өнегелі тағдырына терең үңіліп, зерделеп ол туралы жаңаша ой түйіп, құрмет көрсету, келер ұрпаққа үлгілі ету көргенді елге тән қасиет.

Әсіресе, патриоттық рух пен отансүйгіштік қасиетті өскелең ұрпақты бойына сіңіруге қилы кезеңдерде Отан алдындағы парызын абыроймен атқарған азаматтардың өнегелі өмірін үлгі ете білудің тәрбиелік маңызы зор. Уыздай жастар қолдарына қалам алып, білім іздеудің орнына мылтық алып, соғысқа аттанды. Өмір мен өлім бетпе-бет келген, жан алып, жан беріскен майданға ұласты. Бұл - үлкен қасірет.

Жылма-жыл Ауған соғысына қатысқан сарбаздар бүгінгі күннің батырларына баланып, олардың ерліктері ұмтылмай келеді. Сарбаздардың жесірлеріне, жанұясына әлеуметтік көмек тұрақты түрде көрсетілетіні де жасырын емес.

Осыдан сегіз жыл бұрын Алматы қаласында орналасқан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық мұражайында кеңес әскерлерінің Ауғанстан аумағынан шығарылуына 25 жыл толуына орай «Жан жарасына айналған Ауғанстан» атты естелік-көрме ашылған-ды.

Талай боздақтың жалындаған жас жанын қиған, жан жарасына айналған мағынасыз, жарияланбаған соғыстың қасіреті бүгінгі күнге дейін ел есінде. Өңірдей өрен шағында қолдарына қару алып, жат жерде өздерінің әскери-интернационалдық борышын абыроймен өтеді. Отан-Ана жұмсады, барды. Батыр халықтың ұрпақтары екендігін білдіріп, жанкештілікпен шайқасты.

«Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді» дегендей, олар соғыстан қорқып қашқан жоқ. Мұсылмандар батальонын басқарған «Қара майор» есімді командир өткен жылы қайтыс болған Борис Керімбаевтың ерлігі әлі күнге дейін аңыз. Онымен «Ахмед шах» сияқты дала командирлері де санасатын болған.

Әрбір ел, әр мемлекет өздерінің ішкі істерін өз ұлты мен халқының пайдасы, мүддесі мен игілігі үшін дербес түрде шешуге тиіс екендігін ұқтыратын өмірлік өнеге ретінде де ауған соғысы барша ғаламға нұсқа, барлық билікке мысал болды.

1979 жылдың 25 желтоқсанынан 1989 жылдың 15 ақпанына дейінгі 9 жыл, 1 ай 19 күнге созылған ауыр КСРО Қорғаныс министрлігі Бас штабының мәліметі бойынша кеңестік 620 мың адам соғысқа тартылса, оның 22 мыңы қазақстандық (872 Атырау облысы) әскери болған. Жарқат пен аурудан қаза тапқандар 15526 адам тіркелсе, оның 924-і қазақстандық. Хабар-ошарсыз кеткен және тұтқынға түскендер саны 333 адамның 21-і біздің жауынгерлер. Қазақ елінен аттанған әскери қызметкерлердің ішінде 86 жауынгер Кеңес Одағы Батыры атанған, көптеген жерлестеріміз денсаулығы мен жүйкесіне орасан нұсқан келтіріп оралған.

Мақат ауданынан 27 жауынгер өз еліне, туған жеріне келіп, отбасы құрып, қазір үбірлі-шүбірлі отағасы атанды. Олар сол кездің талабын, әскери міндетін мүлтіксіз орындап, антқа беріктіктің, досқа адалдықтың, биік азаматтықтың сынағынан өткен нағыз батырлар.

Тәуелсіз елімізге бүгінгі күні тәубе деген бұл батырлар сол бір қиын сондай қасіретті жас ұрпақтар көрмесін деп тілейді. Бұл қаһармандарымыздың ерліктері ел есінен еш уақытта өшпейді.

С.Халенов,

аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT