Былтыр 2020 жылы Атырау облысы бойынша теміржол көлігімен қақтығысуға байланысты 2 оқыс оқиға тіркеліп, екі тұрғын да оқиға орнында көз жұмған.
Ауданымызда мұндай қайғылы оқиғалар тіркелмегенімен, жергілікті тұрғындардың теміржол рельстерін рұқсат етілмеген жерден кесіп өтетіні алаңдатып отыр. Осы орайда 15-17 ақпан аралығында Мақат стансасының желілік полиция бөлімшесінің ұйымдастыруымен «Мүлдем төзбеушілік» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Мақат вагондарға техникалық қызмет көрсету пункті бастығының міндетін атқарушысы Дастан Қасанов, Мақат станция бастығынын логистика жөніндегі орынбасары Қасым Табылдыұлы, Мақат локомотив пайдалану депосының қауіпсіздік жөніндегі аға нұсқаушысы Айдарбек Сәрсекенов, Атырау жол дистанциясының №3-ші Мақат өндірістік жол телімінің басшысы Мақсат Сәрсекбаев, Әскерилендірілген теміржол күзетшісі Нұржан Оразов, Мақат стансасының желілік полиция бөлімшесінің басшысы Ернұр Құлманов және теміржол сақшыларынан құралған арнайы топ тұрғындар жиі өтетін белгіленбеген жерлерге тексеріс жүргізуде.
Бәйгетөбе ауылдық округінің тұрғындары үшін аудан орталығымен қатынауға арналған арнайы жаяу жүргіншілер өткелі бар. Десе де, көпшілік бұл жолмен жүрмейтін сыңайлы. Тұрғындарға теміржолды кесіп өте салған ыңғайлырақ. Олардың айтуынша, көпірге мініп-түсу ауыр және уақыт алады.
Айта кетейік, заң бойынша теміржолды белгіленбеген жерден кесіп өтушілерге 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Ол - 8751 теңге. Егер айыппұл бір аптада өтеліп үлгерсе, қаражаттың елу пайызы ғана төленеді. Жыл басынан бері Мақат станциясының желілік полиция бөлімшесінде 58 адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылған. Оның 49-ына айыппұл салынып, тұрғындардан 714665 теңге өндірілген. Қалған 9 әкімшілік іс ескертумен шектелген. Алайда, өкінішке қарай, біздің халықтың мінез-құлқы мұндай тәртіп пен заңға әлі үйренісе алмай келеді.
«Белгіленбеген жермен жүрген тұрғындарға айыппұл да салынады, ескерту де беріледі. Бірінші рет өткендерге алдымен ескерту береміз. Ал, бұл жағдай бірнеше рет қайталанса, айыппұл саламыз. Теміржол аса қауіпті аймақ болып саналады. Сондықтан теміржолдан тек арнайы өткелдер арқылы өту қажет. «Тальго» жүрдек пойызы көрінсе, жолдан бес метрге алыстау қажет»,-дейді Мақат стансасының желілік полиция бөлімшесінің бастығы Ернұр Құлманов.
Бұл саланың мамандары мәселені шешу үшін теміржол маңын қоршау керектігін айтты. Теміржол вокзалының маңы арнайы қоршалса, тұрғындар амалсыздан көпір арқылы қатынайтын болады дейді.
Жүргізіліп жатқан рейд барысында әзірше 15 адамға әкімшілік іс-құжат толтырылып, бірнеше тұрғындарға ескерту жасалды.
Толығырақ газетіміздің №7 санынан оқи аласыз!
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордікі