Өсіру, сақтау, өңдеу, экспорттау: Астық өндірісі саласындағы ахуал қалай

Өсіру, сақтау, өңдеу, экспорттау: Астық өндірісі саласындағы ахуал қалай
Фото: Ақорда
(0 Votes)

АСТАНА. KAZINFORM – Жаһандық нарықта астықтың құны мұнай бағасымен пара-пар. Өйткені бүгінде бидайы бар ел азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге мүмкіндік алып отыр. Осы ретте «Jibek Joly» арнасының арнайы репортажында астық өндірісінің өзекті мәселесі талқыланып, сала мамандарының пікірі талданды.

Елімізде 24 миллионға жуық астық бастырылады

Биыл елімізде 23,7 гектарға дәнді бұршақты дақылдар себілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 413 мың гектарға артық. Оның 13 миллионына бидай егілген. Республикадағы орташа түсім гектарына – 15,9 центнер. Ал аймақтар бойынша ең көп астық жинаған Ақмола облысында өнімділік – 16, Қостанай облысында — 14,5, СҚО-да — 19,4 центнер.

Еліміз астық экспорты бойынша үздік он елдің қатарына кіреді. Биыл былтырғыдай рекордтық өнім жиналмаса да көлемі ішкі нарыққа да, экспортқа да жетеді. Шамамен 24 миллион тоннаға жуық астық бастырылады деп болжанып отыр. Оның 16 млн тоннасы – бидай.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Егіншілік департаменті директорының орынбасары Жандәулет Жаңбырбаевтың айтуынша, қазіргі таңда оңтүстік өңірлерде егін жинау толық аяқталған. Ал негізгі астық өндіруші үш облыс – Ақмола, Қостанай және СҚО-да науқан жалғасып жатыр.

– Басқа дақылдарға келетін болсақ, қазір 2,6 млн тонна картоп жиналды. 3,5 млн тонна көкөніс, 2,3 млн тонна бақша дақылдары бар, – дейді Жандәулет Жаңбырбаев.

Қазақ бидайы Қытайда сұранысқа ие

Елімізде жиналған астықтың бір бөлігі экспортқа шығарылады, бір бөлігі мемлекеттік қорда сақталады, ал қалғаны келесі жылға тұқым ретінде қалдырылады. Өйткені азық-түлік қауіпсіздігі – мемлекеттің басты саясаты.

Ал әлемде ең көп бидай өндіретін мемлекеттер қатарында Еуропалық Одақ елдері, Қытай, Үндістан және Ресей бар. Олар жаһандық өндірістің 55 пайызына жауапты. Алайда олардың барлық өнімі экспортқа жұмсалмайды, ішкі нарық сұранысы мен елдегі халық саны ескеріледі. Сондықтан шынайы экспорт пен өндіріс көлемінің арасы айтарлықтай өзгеше. Осы тұрғыдан дүниежүзінде бидай экспорттаушы көшбасшылар – Ресей, ЕО елдері, Аустралия, Канада, АҚШ, Украина, Аргентина. Оның қатарында Қазақстан да бар.

Қазақстанның қатты бидайы сұранысқа ие, бірақ елімізде салыстырмалы түрде жұмсақ бидай сорты өсіріледі. Мамандар отандық бидайдың өнімділігі кейбір елдермен салыстырғанда төмен екенін алға тартады.

Еліміздің негізгі экспорт бағыттары – Орталық Азия елдері, Қытай, Иран, Таяу Шығыс, Кавказ, сондай-ақ Еуропа мен Ресей арқылы транзиттік тасымалдар. ЕО елдері ішінде Италия, Бельгия, Польша, Португалия, Норвегия мен Ұлыбританияға да өнім жөнелтіледі. Сонымен бірге БАӘ, Вьетнам, Солтүстік Африка елдері бізге қызығушылық танытып отыр.

– Былтырдан бастап жаңа деңгейге шығу мүмкіндігі туды. Он жыл бұрын ұмытылған нарықтарға қайта оралдық. Еуропа, Африка, Шығыс Азия елдеріне де шағын көлемде кіріп жатырмыз. Енгізілген көліктік субсидия логистиканың үлкен бөлігін жауып отыр. Ол үшін мемлекетке алғысымыз зор, – дейді KAZGRAIN ұлттық экспорттаушылар қауымдастығы төрағасының орынбасары Әлібек Атай.

Қытай тарапынан Қазақстан астығына сұраныс артқан. Қазақстанның Сиань қаласындағы бас консулы Жошыхан Қыраубаевтың айтуынша, Сиань қаласында «Айцзюй» компаниясы жұмыс істейді. Бұл компания Солтүстік Қазақстан облысында өндірілген астықты өңдейді және өнімдеріне «Made in KZ» белгісін қояды. Осы арқылы Қазақстанның отандық өнімдері Орталық Қытай нарығында, соның ішінде Сиань қаласында сатылымын арттырып отыр.

– Қазақстанның топырағы органикалық заттарға бай. Жоғары сапалы бидай шығатындықтан оны Қазақстаннан әкелеміз, – дейді «Айцзюй» астық пен май өнеркәсібі өндірістік тобының бас директорының орынбасары Чжипин Лю.

Бидай шаруашылығында технология, ғылым және тұқым шаруашылығына байыпты қарау аса маңызды. Отандық ғалымдар бірнеше астық сұрпын шығарғанымен, бұл сала әлі де импортқа тәуелді күйде қалып отыр.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бекзат Амантаевтың пікірінше, астық сұрыптарының құрғақшылыққа төзімділігін анықтайтын арнайы гендер бар. Олардың саны неғұрлым көп болса, құрғақшылыққа төзімділігі соғұрлым жоғары болады.

– Соңғы жылдары Қазақстанда қолданысқа енгізілген Бараев атындағы астық шаруашылығын зерттеу ғылыми орталығында шығарылған Таймас сорты – дәл осындай сұрыптардың бірі. Бұл сорт құрғақшылыққа төзімділігі және өнімділігі жоғары екені дәлелденген. Тіпті, 2023 жылғы құрғақшылық кезінде де сорт өнімділігі 20 центнерден төмен болған емес. Ал былтыр және биыл жылдары дұрыс технологияларды қолданған шаруалар 30-40 центнерге дейін өнім жинады, – дейді профессор.

Еліміздің селекциялық жетістіктерінің мемлекеттік тізілімінде ауыл шаруашылығы дақылдарының 2613 түрі тіркелген. Оның ішінде отандық селекцияға жататын 822 сорт болса, шетелдік селекциядан 1733 сорт бар. Дегенмен ашық дереккөздерде тек 29 бидай сортының ғана елде жерсіндірілгені көрсетіледі.

Мамандар тұқым шаруашылығындағы тоқырауды жою үшін тың реформа қажеттігін меңзейді. Өйткені сапалы тұқымсыз тұтас сала құлдырап, елдің болашағына қауіп төнуі ықтимал.

– Тұқым шаруашылығына жүйелі қолдау көрсетіліп, заманауи технологиялар мен селекция жұмыстарын жетілдіру – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты факторы, – дейді Бекзат Амантаев.

Табысты шаруашылықтың тәжірибесі

Еліміздің астық өндіретін негізгі аймақтарының бірі – Ақмола облысының Есіл ауданы. Биыл бұл өңірде рекордтық 27 миллион тонна астық жиналды, орташа түсім 17 центнерді құрады. Осы маңызды жетістікке қол жеткізген шаруашылықтардың бірі – Юбилейное ауылында орналасқан «Ново-Приречное» шаруа қожалығы.

Онда биыл 60 мыңдай гектар жерге дәнді-дақыл егілген. Мол өнім алу үшін заманауи технологиялар мен тыңайтқыштар кеңінен қолданылған. Кәсіпкер «Кең дала-2» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 пайыз жеңілдікпен несие алып, өнімді шашау шығармай қамбаға жинауға мүмкіндік алған.

– Биыл 55 мың гектардан орташа 14 центнерден түсім алдық, бұл – жоғары көрсеткіш. Жерді тыңайтқыштармен құнарландырдық, келер жылға дайындық жұмыстары басталды, – дейді «Ново-Приречное» шаруа қожалығының директоры Валерий Тюркин.

Шаруашылық басшысы Валерий Шенцов 70 жасқа толса да, еңбектен қол үзбей, заманауи техника мен инновацияларды меңгерген жан. Оның сөзінше, қазіргі комбайндардың орғышы 12 метрге дейін жетіп, GPS жүйесімен автоматты түрде бақыланады. Мұндай технологиялар өнім жинауды жеделдетіп, сапасын арттырады.

– Бидайдың дымқылдығы мен орылған гектар саны автоматты түрде бақылауда болады. Егер ылғал тым көп болса, комбайн тоқтайды. Бұрынғы 4 метрлік орғыштар енді 12 метрге жетті, бұл жұмыс көлемін айтарлықтай ұлғайтады», – дейді шаруашылық басшысы.

Шаруа қожалығы ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға да көңіл бөліп жүр. Сонымен қатар отбасында үшінші бала дүниеге келгенде компания атынан 1000 доллар көлемінде әлеуметтік жәрдемақы беріледі.

Сапа бақылауда тұр

Есіл ауданы әкімдігінің мәліметінше, егін жинау науқаны аяқталуға жақын. Қазір диқандар күнбағыс, зығыр, қыша, жасымық, тары сынды дақылдарды қоймаға тасып жатыр. Аудан әкімінің орынбасары Асылхан Жүнісовтің айтуынша, биыл жиналған өнімнің 25 пайызы жоғары сапалы, қалған бөлігі де үшінші класс талаптарына толық сәйкес келеді.

– Жиын-терін науқанын ойдағыдай өткізуге ауа райының жайлылығы, сонымен қатар кешенді мемлекеттік бағдарламалар үлкен көмек болды. Президент пен облыс басшылығының қолдауымен «Кең дала-2» бағдарламасы аясында аудан шаруаларына 16 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бұл қаржы тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай мен техникаға жұмсалды, – деді әкім орын басары.

Аудан бойынша 840-қа жуық комбайн жұмылдырылған. Шаруалар жиналған өнімді өткізе алмай қаламыз деп алаңдамайды. Себебі Есіл ауданында 9 лицензияланған элеватор жұмыс істейді. Олардың жалпы сыйымдылығы – 551 мың тонна. Бұған қоса, ауыл шаруашылығы құрылымдарында 247 мың тоннаға дейін астық сақтай алатын қосымша қоймалар бар.

Аудан орталығына жақын орналасқан «Ковыльный элеваторы» – өңірдегі ең ірі астық қабылдау орындарының бірі, 1957 жылдан бері қолданыста. Ол 40 жылдан астам тәжірибесі бар зертхана маманы Любовь Завгородьконың жетекшілігімен жұмыс істейді.

– Астықтың сапасы, дымқылдығы, құрамындағы протеин мен зиянды заттар зертханалық тексерістен өтеді. Бұл салада дәлдік пен мұқияттылық – басты талап, – дейді маман.

Зертханадан өткен астық арнайы өлшеніп, қоймаға төгіледі. Мұнда бидай тазаланып, қажет жағдайда кептіріліп, қатты және жұмсақ түрлерге сұрыпталады. Кейін олар ішкі нарыққа және сыртқы экспортқа дайындалады.

Ал элеватор директоры Ерлан Кенжебаев тасымалдау мәселесін басты проблема ретінде атап өтті.

– Жол инфрақұрылымы – басты түйткіл. Ауыл шалғайда орналасқандықтан, көліктерге тасымалдау қиын. Қазір жол сапасына байланысты көліктерге жөндеу жұмыстары жиі керек болып жатады, – дейді ол.

«Ковыльный элеваторы» жыл сайын өңір шаруаларынан мыңдаған тонна өнім қабылдайды. Мәселен, өткен жылы бұл көрсеткіш 235 мың тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш элеватор қуатынан асып түседі, дегенмен логистика жолға қойылған.

Зертханалық сараптамадан өтіп, сұрыпталған астықтың басым бөлігі Өзбекстан, Иран, Ауғанстан сынды елдерге жөнелтіледі. Бұл бағытта элеватор өзіне тиесілі вагондар арқылы экспорттық тасымалдарды жүзеге асырады.

Тасымалда түйткіл бар

Қазақстан астығының стратегиялық маңызы зор. Алайда мол өнім алған шаруалар оны сапалы сақтап, тиімді экспорттау ісінде бірқатар кедергілерге тап болады.

Қазір елімізде лицензия алған 207 элеватор жұмыс істейді. Олардың жиынтық сақтау сыйымдылығы 13,4 млн тоннадан асады. Ал лицензиясы жоқ қамбалардың қуаты бұдан да көп. Ол 16,6 млн тоннадан жоғары. Дегенмен олардың көбісінде инфрақұрылым нашар, бұл логистикалық тізбектің бұзылуына әкеліп отыр.

Сонымен қатар астық қабылдау науқаны кезінде кейбір элеваторлар тарифтерін 10-нан 50 пайызға дейін өсіріп жібереді. бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тарифті реттейтін, қызметті автоматтандыратын цифрлық жүйені енгізуді, 10 мың тоннадан асатын қамбаларды жаңғыртуға берілетін субсидияға шектеу қоюды ұсынып отыр. Бұдан бөлек қазақстандық трейдерлер де бірқатар кедергілер барын жасырмайды.

– Ең басты қиындық – ұлттық оператор «Қазақстан теміржолының» шектеулері. Әртүрлі айыппұлдар мен шарттар бизнесті қиындатып отыр. Бұл фермердің қалтасына салмақ түсіреді, – дейді KAZGRAIN ұлттық экспорттаушылар қауымдастығы төрағасының орынбасары Әлібек Атай.

Мәселенің тағы бір қыры – баға. Қазақстандық бидайдың нарықтағы құны экспорттық келісімшарттарға, сапасына, логистика шығындарына тікелей байланысты. Бүгінде 3-ші класс бидайдың тоннасы шамамен 210-215 доллар тұрады. Ал құрамында глютені жоғары астықтың бағасы бұдан әлдеқайда жоғары болады.

– Қазақстан мұхитқа тікелей шыға алмайтын ел болғандықтан, логистика өте қымбат. Африка мен Азия елдері біздің бидайға қызығушылық білдіріп отыр. Бірақ экспорттық шығындарды есептегенде біздегі баға бәсекеге қабілетті болмай қалады, – дейді Әлібек Атай.

Астықты терең өңдеу – агросектордың жаңа бағыты

Қазақстан шикізатты сыртқа жөнелтумен шектелмей, оны ішкі нарықта терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнімге айналдыруға бет бұрды. Бұл – аграрлық саладағы басты стратегиялық қадам. Себебі ұн, макарон, биоэтанол, глютен сияқты өнімдерге әлемдік нарықта сұраныс жоғары.

Мәселен, бүгінде елімізде жиналған бидайдың тек 3%-ға жетер-жетпес мөлшері өңделеді. Ал ресми есеп бойынша, астықты терең өңдеу арқылы 6,1 миллиард доллар көлемінде экспорттық табыс табуға мүмкіндік бар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселеге айрықша назар аударып отыр.

Шикізатты емес, дайын өнімді сату экономикалық тұрғыда әлдеқайда тиімді. Себебі кей елдер қазақстандық ұн өнімдерін қайта импорттап, өз нарығына шығарады. Ал дайын күйіндегі тауар құны бірнеше есе қымбат.

Бүгінде елімізде 200-ден астам ұн тарту кәсіпорны бар. Алайда толық циклмен жұмыс істейтіндері аз. Ұн тартып қана қоймай, одан макарон, кеспе, жарма өндіру қажет.

Мұндай өндірісті жолға қойған зауыттардың бірі елордада орналасқан. Мұнда бидай қамбада сақталып, диірменде ұнтақталып, одан соң макарон өнімдері дайындалады.

– Элеваторда 48 мың тоннаға дейін бидай сақтай аламыз. Бидай өңдейтін үш ұн зауыты бар, тәулігіне 500 тоннаға дейін өнім өңдеуге мүмкіндігіміз бар, – дейді зауыт директоры Нұрлыбек Серікбол.

Ұн экспорты бойынша Қазақстан әлемде үздік үштікке кіреді. Биыл 2 млн тоннаға жуық ұн экспортталады деп жоспарланып отыр. Негізгі тұтынушылар – Ауғанстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Қытай. Соңғы уақытта АҚШ нарығына да жол ашылған.

– Алғашқы өнім Транскаспий бағыты бойынша Ақтау – Баку – Нью-Джерси бағытымен жеткізілді. Жүк тасымалы екі айға созылды. Қазір оны бір айға дейін қысқарту жоспарда бар. Америкалық маркетплейстерде біздің өнімге сұраныс жоғары, – дейді QazTrade орталығының АҚШ-тағы өкілі Рамазан Сламханов.

Мамандардың айтуынша, астықты терең өңдеу зауыттары елдің аграрлық кешенін көтеруге, ішкі және халықаралық нарықтарға шикізаттық аграрлық ресурстарды емес, жоғары дәрежедегі қайта өңдеу өнімдерін жеткізуге мүмкіндік береді. Алайда елімізде әзірге ондай зауыттар саусақпен санарлық. Мәселен, Солтүстік Қазақстанда биоэтанол өндіріледі. Зауыт шамамен жылына 250 000 тонна бидай өңдейді. Ақмола облысында да зығырдан биоотын зауытының құрылысы жоспарланып отыр.

Қорыта айтқанда, бидай егісін ұлғайту жеткіліксіз. Су тапшылығы мен технология жетіспеушілігі өнімділікті төмендетеді. Сондықтан сапалы бидай өсіру мен терең өңдеуге басымдық беру керек. Бұл жаһандық нарықта бәсекеге түсу және тұрақтылық үшін маңызды. Президенттің 10 жылдық мақсаты осы бағытты айқындап отыр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT