Өрт сөндіру көлігін айдау жауапты қызмет

(1 Vote)

Жүрек жұтқан батылдық пен қайтпас қайсарлық, темірдей тәртіп пен таусылмас төзім. Аталған қасиеттердің барлығы құтқарушы деген қадірлі маман иесінің бойында тоғысады. Жұмысының әр күнін тәуекелге бел байлап өткізетін сала саусақпен санарлықтай. Солардың бірегейі өрт сөндірушілер һәм құтқарушылар.

Алда-жалда апатты жағдай орын алып, айналаңыз дүрліге бастаған сәтте бар үміт әуелі Аллада, содан кейін құтқарушыларда  болатыны жасырын емес. Ал, сол жауынгерлер тиелген көлікті кімдердің тізгіндейтінін  білесіз бе? Білмесеңіз, бұл мақалаға бір көз жүгіртіп өтсеңіз артық етпейді.

Қоңырау түсе салысымен, көшені басына көтеріп  "безілдей" жөнелетін бұл көлікті жүргізу де оңай шаруа емес. Оқиға орнына жетісімен, жүргізуші екенмін ғой деп қарап қалмайтыны тағы белгілі. Бұлар да көлігін қоя сала, білек , қызыл жалынның ортасына лап қояды. Осындай өжет жанның бірі, аға сержант Өтепқалиев Әмірбек Ануарбекұлы. Ол аудандағы 8-ші өрт сөндіру бөлімінде жүргізуші болып жұмыс жасайды.

2016 жылы жұмысқа қабылданған Әмірбек біраз апаттың бетін қайтаруға атсалысып үлгерген. Ол бүгінде Көкшетау техникалық институтының 3-ші курсында  өрт сөндіру саласы бойынша  білім алып жатыр.

Отанына деген сүйіспеншілігін терең түсініп, оны жауапкершілікпен сезіне білген маманның қалтқысыз қызметін басшылық тарапы да елеусіз қалдырмай, мерекелік арнайы алғыс хатпен марапаттаған.

Жұбайы Айдана Жұрханова балабақшада тәрбиеші. "Жолдасым жұмысқа кеткенде жанымды шүберекке түйе қоймасам да, алаңдап отыратынымды жасырмаймын. Не де болса, қауіпі мен қатері бар қызмет қой. Десе де, осындай абыройлы қызметте ел үшін еңбек етіп жүрген жанның сыңары болғанымды мақтан етемін",-дейді ол.

 
А.САДЫКОВ
Сурет автордан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT