Өңірлік кадр резервіне іріктеу тәртібі түсіндірілді

Өңірлік кадр резервіне іріктеу тәртібі түсіндірілді
(0 Votes)

 Маман – білім мен басқарушылық қасиеттерді бойына сіңірген тұлға. Жас мемлекеттік қызметкерлердің әрқашан лауазымдық өсу, әрі қарай білімін ұштап, кадр резервінен өтуге даяр болуы маңызды. Осы орайда, аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында 35 жасқа дейінгі жас мамандарға Өңірлік кадрлық резервіне іріктеу және мемлекеттік қызмет саласындағы жаңашылдықтар бойынша ақпараттық-түсіндірме бағытындағы кездесу өткізілді.

Іс-шара барысында аудан әкімі аппаратының басшысы Бекбол Қуатұлы өңірлік кадрлық резерві жобасына іріктеудің талаптары мен тәртібін түсіндірді. Өңірлік кадрлық резервтің басты мақсатты – өңірдегі талантты жастар арасынан жаңашыл ойлайтын көшбасшылар, жас басқарушылардың тобына қалыптастыру екенін баяндап, жиынға қатысқан барша жастарды іріктеуге белсене қатысуға шақырды.

Сондай-ақ аудан әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімінің басшысы Лена Орынтайқызы іріктеудің ерекшеліктері, негізгі талаптары мен ережелері туралы баяндап, жиынға қатынасушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Айта кетейік, іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімді жəне 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Жоба алты бағыт бойынша жүзеге асатын болады. Олар:

1) индустрия және өнеркәсіп; 2) экономика және қаржы;

3) әлеуметтік сала;

4) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым;

5) агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары;

6) цифрландыру.

Жалпы іріктеу 5 кезеңнен тұрады. Әр кезеңде арнайы жасақталған комиссия мүшелері қатысушыларға жан-жақты бағыт бойынша жұмыс жүргізіп, саралайды.

Алғашқы кезең – мемлекеттік қызметкерлердің құжаттарын қабылдау. Ол 1-31 наурыз аралығында өтеді. Кандидаттар құжаттарды onir.pkrezerv.gov.kz сайтына тапсыра алады.

Ал, екінші кезеңде үміткерлер екі блоктан тұратын тест тапсырады. Бұл кезең офлайн форматта өтеді. Бірінші блок «Заңнаманы білуге арналған тестілеу» және екінші блок «Жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеу». Екінші блокқа алғашқы тестілеуді ең жоғары баллмен тапсырған кандидаттардың 50%-ы өтеді.

Үшінші кезең – құзыреттерді бағалау. Бұл кезең кандидаттардың мінез-құлық индикаторларының жиынтығы арқылы белгілі бір құзыреттерді (белсенділік, қызметті басқару, мәселелерді талдау және шешу, көшбасшылық, сенімділік) анықтауға әрі бағалауға бағытталған топтық және жеке жаттығуларды қамтиды. Кандидаттардың мінез-құлқын сертификатталған сарапшы-бағалаушылар бақылайды.

Төртінші кезең – комиссиядағы құрылымдық сұхбат. Іріктеуге қатысушы кандидат таңдаған салалық бағытқа сәйкес жоба презентациялау форматында өткізіледі. Сұхбатқа 38-ден артық емес кандидат (өңірге байланысты) жіберілетін болады. Ескере кететін жайт кандидаттың презентацияны қорғауы 5 минуттан аспауы керек.

Бесінші кезең – «комиссияның отырысында» резервке кандидаттарды қабылдау туралы ұсыныс шығарылады. Өңірлік резервтерге алынған адамдардың тізімі комиссия шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде интернет-ресурстарда, сондай-ақ онлайн-платформада жарияланатын болады.

Назарға алатын жайт – әрбір кезеңнің нәтижелері комиссия шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде интернет-ресурстарда, кандидаттардың жеке кабинеттерінде, жобаның сайтында орналастырылатын болады. Сондай-ақ кандидаттар іріктеуден өту тілін таңдап, әр кезеңнің өту күні мен уақытын таңдай алады. Өңірлік резервте болу мерзімі – 2 жыл уақыт аралығын қамтиды.

Ж.ҚАМЗА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT