Атырау облысында эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына орай бірқатар кәсіптік нысандардың жұмысы қайта жанданады, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Бүгінде облыс бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың тәуліктік тіркелу саны - 15-20 адамды құрап отыр. Сәйкесінше, 17 тамыздан бастап өңірде карантиндік шектеу шаралары жеңілдетілмек. Атырау облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары Жанар Досымбаеваның айтуынша, карантин талаптары жеңілдетілгенмен, тұрғындар санитарлық нормаларды сақтауы тиіс.
- Өңірдегі эпидахуал тұрақтанғанымен, қауіп әлі сейілген жоқ. Сол себепті, облыс тұрғындары карантин шараларының жеңілдетілгеніне қарамастан, санитарлық талаптарды орындауға тиіс. Азаматтар үнемі маска тағуға, әлеуметтік ара-қашықтықты сақтауға міндетті. Сонымен қатар, қызметіне рұқсат берілетін кәсіптік нысандарда жаппай дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуі керек, - деді Жанар Досымбаева.
Айта кетейік, 17 тамыздан бастап өңірде сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері мен ашық базарлар сондай-ақ, сұлулық салондары, шаштараздар мен СПА орталықтар өз жұмыстарын жалғастырады.
Сурет: ашық дереккөз