Атырау облысында 2024 жылға шетелдік жұмыс күшін тартуға 4 765 квота бөлінген. Бұл квота шеңберінде әртүрлі санаттағы мамандарды жұмысқа тарту қарастырылған.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркебұлан Әбілқасымовтың айтуынша, І санат бойынша (басшылық қызметкерлер) – 69, ІІ санат негізінде (жоғары білікті мамандар) – 865 квота бөлінген. Сондай-ақ, ІІІ санат бойынша (орта білікті мамандар) – 3 041, IV cанат аясында (жұмысшылар) – 140, ал маусымдық қызметкерлерге 650 квота қарастырылды.
–Барлық белгіленген санаттар бойынша биыл 1 қарашаға дейін жұмыс берушілерге 3 519 рұқсат берілді. Сонымен қатар, облыста шетелдік жұмыс күшін тарту мәселелері бойынша арнайы комиссия жұмыс істейді. Комиссия шешімі негізінде 78 шетелдік маманның жұмысқа тартылуына рұқсат берілмеді, — дейді Е.Әбілқасымов.
Айта кету керек, шетелдік мамандарды тарту облыс экономикасына қажетті еңбек ресурстарын қамтамасыз етуді мақсат етеді. Алайда, рұқсат беру комиссиясы аймақтағы еңбек нарығының талаптары мен жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына басымдық беріп отыр. Жоғарыда аталған көрсеткіштер шетелдік жұмыс күшін тарту процесінің қатаң бақылауда екенін және аймақ қажеттілігіне сәйкес реттеліп отырғанын көрсетеді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА