Облыста экологиялық мәдениет пен әлеуметтік жобаларға басымдық берілуде

(0 Votes)

 Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратовтың төрағалығымен облыс әкімі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов экологиялық мәдениетті арттыру бағытындағы үкіметтік емес ұйымдармен атқарылған жұмыстар жайлы баяндады.

Аймақта «Экологиялық ағарту және насихаттау жұмыстарын жүргізу» жобасы аясында экологиялық мәдениетті арттыру, тұрғындарды ақпараттандыру және жастарды табиғатты аялауға тәрбиелеу бағытында бірқатар іс-шара өткізілген. Атап айтқанда, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы кеңінен насихатталып, экологиялық квестер, тренингтер, «ECO ALEM» үстел ойыны турнирі, «Таза Жағалау», «+1 сәби, +1 ағаш» сияқты ерекше акциялар ұйымдастырылуда. Жастар мен мектеп оқушыларына арналған «ECO LEADER» оқыту жобасы және «Экотолқын» фестивалі жоғары деңгейде өткізілді. 500-ден астам ағаш отырғызылып, 50 тоннадан астам қоқыс жиналды. Одан бөлек қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, көгалдандыру және су ресурстарын тиімді пайдалану тақырыптарында арнайы тренингтер мен форумдар ұйымдастырылуда.

Өз кезегінде Дарын Шамұратов аталған басқарма, қала мен аудан басшыларына экологиялық білім беру және мәдениетті арттыру бағытында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың қаржыландыру көлемін көбейту қажеттігін жеткізді. Сонымен бірге «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында конкурстар мен акцияларды ұйымдастыру және ақпараттандыру жұмыстарын күшейту бойынша нақты тапсырмалар берді.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында дене шынықтыру және спорт саласында іске асырылған әлеуметтік жобалар туралы облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бөлім басшысы Жанат Сабырғалиева әлеуметтік жобалардың нәтижелері мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндама ұсынды. Жоба аясында жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру мен салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында бірқатар шаралар ұйымдастырылғаны айтылды.

Биыл елімізде «Мықты қоғам – қуатты Қазақстан» тақырыбында үш кезеңнен тұратын ХІІ Қазақстанның Азаматтық форумын ұйымдастыру жоспарлануда. Атырау облысындағы кезең «Азаматтық секторды цифрландыру: ҮЕҰ үшін трендтер мен мүмкіндіктер» тақырыбында екі күнге жалғаспақ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT