Облыс әкімі әйелдер қауымын 8 наурыз мерекесімен құттықтады

Облыс әкімі әйелдер қауымын 8 наурыз мерекесімен құттықтады
(0 Votes)

 М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрында 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Жиынға облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, әйелдер қауымын көктемнің сәулелі мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

- Талай ақын-жазушының туындысына арқау болған әйел болмысы бізді тереңдігімен тәнті етеді. Біз сіздерден даналық пен сұлулықтың, нәзіктік пен қайсарлықтың мінсіз үйлесімін көреміз. Көреміз де, таң-тамаша боламыз. Өмір – өздеріңізбен ажарлы, тіршілік – сіздермен базарлы. Қазақ әйелінің бүгінгі болмысы ұстанымы айқын, қоғамдағы мәселелерге бей-жәй қарамайтын белсенді, игі істерге бастамашы бола білген жаңашылдықпен биіктей түсті. Оған дәлел – мына сіздер. Шаңырақтың шырағданы боп отырған аналардың, тұрмыс пен қызметтің таразы басын тең ұстап, отбасының ғана емес, Отанының түтінін түзу ұшыруға үлес қосып жүрген қыз-келіншектердің еңбегі әркез ардақтауға лайық,-деді С.Шәпкенов.

Шарада облыс әкімі Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 19 ақпанындағы №984 Жарлығымен жеті және одан да көп бала туып, тәрбиелегені үшін №4 Атырау қалалық емханасының медбикесі Айгүл Ағылмановаға, Қызылқоға ауданы Ш.Еркінов атындағы орта мектебінің мұғалімі Әсемгүл Жанұзақоваға, Жылыой ауданы № 13 орта мектептің мұғалімі Жазира Жұматаеваға және Құрманғазы ауданы «Ақмарал» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі Гүлзина Усаеваға «Алтын алқа» табыс етті.

Сонымен қатар алты бала туып, тәрбиелегені үшін «Күміс алқаны» М.Өтемісұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Зәмзәгүл Аухатоваға, Махамбет ауданы Алға орта мектебінің мұғалімі Майра Самархановаға, Т.Құлтумиев атындағы №1 Құлсары балалар саз мектебінің мұғалімі Айнұр Тайпақоваға, Исатай ауданы «Өркен» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі Динара Хұсайыноваға және Атырау қаласы №10 орта мектеп мұғалімі Жеңісгүл Ізбасароваға берілді.

Сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азаматша облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, «Ару ана» республикалық үздік әйелдер жобасы облыстық кезеңінің әр аталым бойынша үздіктерді анықталды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT