Бүгін аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды тұрақтандыру қорының қоймасын қарап шықты, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Атырау облысы әкімдігі дәрі-дәрмектер мен медициналық заттардың қорын құрған болатын. Осы мақсатта «Атырау» ӘКК Атырау облысындағы ең ірі дистрибьютор компаниямен арнайы меморандум жасап, жыл соңына дейін 4 миллион 800 мың орама дәрілік зат пен медициналық бұйым сатып алуға 500 миллион теңге бөлді.
Бұл сомаға қосымша 900 мың дана медициналық мақсаттағы бұйымдар мен дәрі-дәрмектердің азаймайтын қоры құрылады. Сатып алынған медициналық дәрі-дәрмектердің жалпы көлемінен 73,3 млн. теңгеге 105 мың 235 дана дәрі-дәрмек қала және аудандардағы дәріхана желілеріне таратылды.
Облыс әкімі бұдан былай дәрі-дәрмектер мен басқа да медициналық мақсаттағы бұйымдарды жеткізу тұрақты негізде жүзеге асырылатындығын атап өтті.
« Біздің басты міндетіміз - азаматтардың денсаулығын сақтау. Қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешу, дәрі-дәрмектердің мол қорын құру» - деді Махамбет Досмұхамбетов.
Атап өтерлігі, Атырау облысының дәріханаларына соңғы үш аптада 100 тонна дәрі-дәрмек жеткізілді. Жуырда 40 тонна аса қажетті препараттар тағы келеді.