Облыс әкімі М.Досмұхамбетов эпидемиологиялық қауіпсіздікті күшейтуді тапсырды

(0 Votes)

«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен кеңесте өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға қатысты мәселелер қаралды» - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыздығын, ауырғандар саны өсіп келе жатқанын ескертті. Сосын барлық жауапты органдар мен лауазымды тұлғалардың халықтың денсаулығын сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ерекше назарда ұстау қажеттігін айтты.

Атырау облысы бойынша Санитарлық – эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауов баяндағандай, ағымдағы жылдың 25 маусымынан бастап ауырғандар санының артуы байқалады. Соның ішінде, 1-21 шілде аралығында коронавирус инфекциясы жұғуының 5082 жағдайы тіркелген. Өткен аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда облыс бойынша науқастар саны 1,2 есе өскен. Сондай-ақ Мәдениет Танауов өсім деңгейі арта беретінін, шырқау шегі әлі алда екеніне қатысты өз болжамын айтты.

Оның сөзінше, қауіпті індеттің жұғу көздері адамдар көп жиналатын орындар болып тұр. Атап айтқанда, олардың тең жартысы түнгі клубтар, тойлар, еске алу іс-шаралары мен сауда үйлері, базарлар, сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындарынан короновирусты жұқтырған. -23,8%,  науқаспен  жақын қарым – қатынаста болғандар, ал  17,7% қоғамдық көліктермен жүру кезінде жұқтырғаны анықталған.

Сондықтан санитариялық – эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы сақтық, сондай-ақ бақылау шараларын күшейтуді, соның ішінде барлық нысандарды  «Ashyq»  қосымшасымен қамтуды ұсынды.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиевтің айтуынша, бүгінде 2 632 инфекциялық орын болса, оларда 1170 адам емделіп, жүктемесі 44,4% құрап отыр. Реанимациялық төсек-орын саны – 113, емделіп жатқандар – 63, жүктемесі - 55,7%.

Жыл басынан бері облысқа 141 200 доза вакцина жеткізіліп, олардың 93% игерілген.

Сондай-ақ, басқарма басшысының айтуынша амбулаториялық емдеудің тиімділігін арттыру үшін мобильді бригадалар саны көбейтілген.

Кеңес барысында өңір басшысы аудан әкімдерінің де вакциналау жұмыстары мен эпидемиологиялық ахуалға қатысты ақпараттарын тыңдады. Науқастар санының толассыз артуына байланысты кейбір аудандарда инфекциялық төсек-орын жетіспеушілігі байқалып отырғаны айтылды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі М.Досмұхамбетов коронавирус инфекциясымен ауыратындар санының артып, шырқау шегіне жететін кезеңі  алда болатыны туралы болжамды ескерте отырып алдын-ала қамданып, сақтық шараларын күшейте түсу қажеттігін қадап айтып, әсіресе, халық арасында түсіндіру-ақпараттық жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Сонымен қатар, тиісті салалардың, ұйымдардың басшыларына медициналық мекемелерді қажетті дәрі-дәрмектермен толықтай қамтамасыз етуді жүктеді.  Сондай-ақ облыс бойынша, әсіресе, аудандарда қосымша инфекциялық төсек-орындар ашу мүмкіндігін қарастыруды, карантиндік шектеу талаптарының қатаң орындалуын қамтамасыз етуді, халықпен жұмыс жасайтын барлық нысандарды «Ashyq» бағдарламасымен қамту мен  мобилді топтар жұмысының тиімділігін арттыруды да тапсырды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқармалар басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері және селекторлық режимде аудан әкімдері қатысты.

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521