Облыс әкімі «Атырау экология диалогы: Экология және өнеркәсіп. Қоғам игілігі жолындағы серіктестік» конференциясына қатысты

(0 Votes)

Өңір экологиясына қатысты күн тәртібіндегі басты мәселелер туралы ашық, бейтарап әрі сындарлы пікір алмасу, оны шешу мақсатында ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Құрмалаев және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен өндірістік компаниялардың өкілдері қатысты. 

Аймақ басшысы Серік Шәпкенов конференцияда көтерілген облыс экологиясын жақсартуға бағытталған мәселелер оң шешімін табарына сенім білдіріп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

- Атырау өңірі өндірістік өлке болғандықтан, қоршаған ортаны қорғау және оған зиян келтірмеу мәселесі өте өзекті. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бастап Атыраудың өндірісі де қарқынды дамып келе жатыр. Басты мәселе - іске қосылып жатқан компаниялардың табиғатқа, жалпы экологияға әсері. Әрине, өндіріс орындарымен бірге жаңа технологиялар да дамып келеді. Оны компаниялар өз қызметіне пайдалану керек. Бүгінгі кездесуде осы және өзге де экологиялық мәселелер ортаға салынып, тиімді шешімдер қабылданады деген сенімдемін. Конференцияны облысымызда ұйымдастырып отырған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығына алғысымды білдіре отырып, шараның сәтті өтуіне тілектеспін,- деді С.Шәпкенов.

Ал «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев жиынды өткізу табиғатты пайдалану саласында мемлекет, азаматтық қоғам мен бизнес арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам екенін айтты.

- Қоршаған ортаны қорғау мәселесі – біз үшін аса маңызды басымдықтардың бірі. Атырау өңірінің экологиясындағы қордаланған мәселелерді жақсы білемін. Біз оны жоққа шығарып, жасырып, әлде жабулы қазан күйінде қалдырып отырған жоқпыз. Біз проблеманың барын ашық мойындаймыз және көпшілікпен талқылауға дайынбыз. Ал ең бастысы – оларды шешу жолдарын тауып, жүзеге асыру. Бұған біздің бүгінгі ашық диалог алаңымыз дәлел бола алады,-деді М.Мырзағалиев.

Конференция барысында Атырау облысындағы ҚМГ активтерінде қоршаған ортаға бөлінетін заттарды азайту шаралары кеңінен талқыланды. Сондай-ақ шикі газды алау етіп жағуды азайту немесе тоқтату, су ресурстары мен өндіріс қалдықтарын басқару, жерді қалпына келтіру, авариялық шығарындыларды азайту, ағынды суды тазарту қондырғысын салу, Атырау мұнай өңдеу зауытының Жайық өзенінен су тұтыну көлемін азайту сынды мәселелер талқыланды.

Конференция барысында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Атырау қаласын абаттандыру бойынша ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Бұл құжатқа сәйкес ұлттық компания Атырау аумағында үш жыл ішінде 10 мыңға жуық ағаш отырғызады.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT