Бұл туралы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазды.
Кеш жарық жерлестер!
Қазақ руханияты алыптарының бірі Әнес Сарай аға да келместің кемесіне мініп кете барды... Бұл қаза бәріміздің қабырғамызға батып тұр. Бірақ, ұлтына өлмейтін ұлы мұра қалдырғаны көңілге демеу.
Ұлттық мәдениеттің жоқшысы, аса көрнекті жазушы әрі драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнес ағамыздың қаламы қуатты болды.
"Еділ-Жайық", "Мұнаралар шақырады", "Бозқырау", "Қараша өткен соң", "Тосқауыл", "Алтын арал", «Атырау», "Исатай мен Махамбет", "Қу тазша", "Тойтиып қалды" және "Ару Алматы" мен өзге де роман, әңгіме-повест, пьеса сондай-ақ зерттеулері ұлт руханиятына қосылған үлкен олжа.
Ағамыз төл тарих пен танымды тереңдету үшін талай тер төкті. Шығармаларының бірқатарынан Атырауына деген жылылық есетін.
Қазақ руханияты өкілдеріне, марқұмның жары Алтыншаш Жағанова апамызға, отбасы мен барлық туған-туыс, ет жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын!
Ағамыздың топырағы торқа, жаны жәннатта болсын!